Осыдан бірнеше жыл бұрын көшелерде жүрсеңіз, әр метр сайын темекі мен арақ-шараптың қызылды-жасылды жарнамаларын кездестіретін едік. Ол аздай, бұқараны тәрбиелейтін, оларға оң мен терісті көрсететін телеэкранға да шығарып, талайға дейін сайрандаттық. Бірақ, ол күндер де өз дәуренін аяқтады. Осындай жарнамаларға тыйым салынғаннан кейін, жарнама агенттіктері мен телеарналар біраз көк қағаздардан қағылғаны белгілі. Олардың қалталарын пайдасынан гөрі зияны әлдеқайда басым дүниелермен толтыруға, әрине, халық міндетті емес. Байқап қарасаңыздар, ондай жарнамалардың орнын бүгінгі таңда саламатты өмір салтын насихаттайтын, темекі шегу адам ағзасына зиян екені жөніндегі жарнамалар басқан. Дегенмен де қанша жерден жарнамаға тыйым салып, әй дейтін әже, қой дейтін қожа бардың кейпін танытсақ та, қоғамымыз әлі де болса арақ-шарап пен темекіге өз тәуелділіктерінен арылар емес.
Бүгінде ешбір той-томалақ арақсыз өтпейді. Егер бір кісі иман келтіріп, жасаған тойында дастарқанға ішімдік қоймаса, онда аста-төк ауқаты мен ас-суының құны көк тиын. Жұрттың көбі осыны ескеріп, сөзге қалмау үшін де дастарқанының да, тойының да «сәнін» келтіріп жатады. Бар жиған, тергенін арақ-шараптың «жоғары сортына» жұмсайтындар да жоқ емес. Сол баяғы мақтан үшін. «Түгеншенің тойындағы арақ-шарап бәленшенікінен мықты шықты. Той дегенді осылай жасау керек қой!» – дейтін бір ауыз мақтан мен қолпаш үшін.
Жұрт бар жамандықтың, бақытсыздықтың бастауы осы арақ-шарап екенін білмейді емес, біледі. Біле тұра ішімдікке жақын жүретіндер көп. Бұл – ащы болса да шындық.
Мынандай бір оқиғаға тап болғаным бар. Қоғамдық көліктің іші. Бір аялдамадан екі жас жігіт отырды. Өзіміздің қаракөздер. Кіргендері сол-ақ екен, спиртті ішімдіктің иісі бұрқ ете қалды. Жолаушылар жиіркенгендей, қабақтарын тыржитты. Ал аналар болса, көлік ішінде тыныштық сақтамаулары өз алдына, ауыздарына келгендерін сыртқа шығарып жатты. Ішіп алған адамдарда мәдениет деген қайдан болсын.
Өстіп тұрғанда, әрі-бері теңселіп шатқаяқтаған біреуі байқаусызда бір сары шашты қыздың аяғын қағып кетті. «Кешіріңіз» деп айтып үлгермеген жігітті сары шашты жерден алып, жерге салды. Қызу айтыс басталды. Жігіт те өзіне қатысты шектен тыс айтылып жатқан ғайбат сөздерге орай, жауап қайтаруға кірісті. Бірақ, шынымен де, әлгі сары шаштының сөздері сүйектен өтерліктей еді. Ұлтымызға да таяқтың бір ұшы тиіп жатты. Мұндай жағдайда жүрегінде ұлтына деген оты бар кез келген адамның жайбарақат отыра алмайтыны түсінікті-тін. Қысқасы, көлік ішіндегілер сары шашты қызды «жеп» қоя жаздады.
Біздің өзгеге көрсетер үлгіміз осы ма?
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.