19 Тамыз, 2011

Ұстаз – киелі мамандық

3852 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
ОНЫҢ ҚАДІРІН БІЛСЕҢ ҚАСИЕТІҢ АРТАДЫ Жаһандану заманында ұлт­­тық бәсекеге қабілетті болудың көр­сет­кіші – білім деңгейімен өлше­неді. Сондықтан, әлемдік білім ке­ңістігіне кірігіп, білім беру жү­йе­сін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті ұс­таз қолында. Өйткені, ұстаз ел­дің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпақ тәрбиелейді. Адам тәр­бие­леу – ұлы міндет. Ол міндетті атқарушы – ұстаз. Ұстаздың негізгі құралы – сабақ. Сабақ скрипка аспабы секілді: онымен жай гаммаларды ой­науға немесе Паганинише саусақ ұшын сымға жеңіл тигізіп, одан ға­жай­ып үн шығаруға да болады. Әрбір сабағы ғажайып әуенге толы на­ғыз ұстаз және білікті директор болу кімнің де болса арманы. Менің түсінігімдегі ұстаз – рухы таза, ой-өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен та­бандылықтың үлгісін көрсетуші, өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратып, қоғамды өрге өркендетуші, жа­ңа­шылдықтың бастаушысы, жү­ре­гі – жылы, көңілі – дарқан адам. Ұстаздан дәріс алмаған адам қазір жер бетінде жоқ десе де болар. Бұл мамандық содан да киелі. Жан-Жак Руссоның «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, бас­қаның бақытын аялау» деген нақыл сөзі жаныма өте жақын. Ұстаз білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге, ақ тілеулі ана тәрізді барлық адам­ның бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі. Шәкірті өзінен оз­ған ұстаз – еңбегі ақталған ұстаз. Өйткені, өмірдің заңы даму, ілгерілеу, озу. Өзінен озған шәкірт тәрбиелейтін шебер ұстаз үз­дік­сіз ізденісте болып, қоғам сұ­ра­нысына сай білімді, шығарма­шыл, өзін-өзі дамытып, жетілдіре алатын болуы қажет деп ой­лай­мын. Мен ұстаздықтың ауыр жү­гін арқалауды өз жүрегімнің қа­лауымен таңдадым. Маман ұс­таз ретіндегі негізгі ұстанымым: ба­ланы тұлға деп тану, оның пікірімен санасу, оқушының кішкентай қуанышын, табысын ба­ғалай білу. Ал директор болсам, негізгі ұстанымым: ұстазды сыйлау, оғ­ан қамқорлық жасау, баға жетпес еңбегі мен балаға берген жүрегі үшін алғыс айту, ілтипатпен қа­рау. Әрине, директорлық қызмет бейімділікті, біліктілікті қажет етеді. Кез келген істің қандай нә­ти­жесі оның басталуына және ұйым­дастырылуына байланысты екенін өмір тәжірибесі дәлелдеп отыр. Сондықтан, бүгінгі заман та­ла­­бына сай менеджер директорға тән төмендегі басқару ұстаным­дары мен қасиеттерді меңгер­ген­де ғана табысқа жетуге болады деп ойлаймын. Алдымен адамға сене білу және сыйлау, әріптестік пен әл­еу­меттік әділділік ұстанымы, ұс­таз еңбегін байыту және ынта­лан­дыру, біліктілікті жоғарылату, үйлесімділік, шешімді ұжыммен бірге қабылдау, үнемі жаңарып отыру, кез келген қызметкермен істі талдау барысындағы қара­пай­ымдылық, басқарудың ұжым қызметкерлері қолымен іс жүр­гізу екендігін түсіну, кабинеттік басқару стиліне қарсы, мәселені өз орнында талқылауда тиянақ­ты, естуге, тыңдауға, шешім қабылдауға кезінде табандылық көрсету, орындаушыларға тап­сыр­маларды ұтымды бөле білу, қиын сәттерде кінәліні табуға ұмтылмай, кемшіліктер мен ау­ытқушылықтың қай тұстан кеткенін іздеу, бұйрық беріп, талап етудің, бақылаудың орнына сендіру және сенім білдіру, ұжымда әрқашан жағымды психология­лық ахуал қалыптастыру, басқа қызметкерлердің есебінен екінші бір қызметкерлерге жағдай жасамау, әр азаматтың сіңірген еңбе­гін ұжым алдында танып, біліп отыруға дайын болу, үнемі жа­ғымды өзгерістер жасауға ұмты­лу, жаңа идеяларға ашықтық, ұжым мүшелерінің жаңа идеялар ұсынуын дағдыға айналдыру. Сонымен бірге, директор 4 негізгі функционалдық міндетті үнемі естен шығармауы қажет. Бірінші, білім алушылардың өмір қауіпсіздігін және денсау­лы­ғын қамтамасыз ету, екінші, мемлекеттік білім стандартын ор­ындау, үшінші қаржылық-ша­руашылық ісінде тәртіпті сақтау, төртінші, кадр саясатын әділ жүргізе білу. Ұстаздықтан өсіп директор болған басшылар нағыз өз істе­рінің шебері, білікті де, білімді ұйымдастырушылар деп білем. Сондықтан да, менің ой­ымша директор болуды арман­дай­тын мұ­ғалім тек қана жан-жақты жетілуді, өз ісінің шебері болуды көз­деуі тиіс. Мен қызмет ететін №1 Алма­ты қазақ мемлекеттік гумани­тар­лық-педагогтік колледжде заман талабына сай оқытушыға жан-жақты материалдық, ақпараттық, әдістемелік жағдай жасалған. Бо­лашақта мұғалім мамандығы ең беделді, әрі жоғары ақы төле­не­тін мамандықтың біріне айналуы үшін оны сүйіп, талмай еңбек ету қажет. Ұстаздық қызметте, шәкірт­термен қарым-қатынаста ізгі ниеттілік, кішіпейілділік және мә­дениеттілік бірінші кезекте тұру керектігіне көзім жетті. Қытай философының «Маған жәй айтсаң – ұмытамын, көрсет­сең есімде сақтаймын, ал өзімді іс-әрекетке қатыстырсаң үйрене­мін» деген даналығы білім алу­шының білімге ықыласын атты­руда ақпараттық-комму­никатив­тік технологияларды пайдалана отырып, өзіндік ізденіс жүргізуді практикада жүзеге асырудың маңызды екендігін көрсетеді. Сапалы білім негізі – жан-жақты ақпараттық материал­дар­ды, көрнекі құралдар мен ұтым­ды технологияларды, тиімді әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, білім алушыға ешбір кітаптан таба ал­майтын білім беру. Өйткені, тек оқулықтағы білімді жеткізуші мұ­ғалімнің құны жоқ деп ой­лай­мын. Оқулықтағыны оқушы өзі де оқып алады. Сондықтан бүгін білім бе­ру­дің сапалы болуы үшін: біріншіден, ұстаздың жан-жақты ака­демиялық білімінің бо­луы, екіншіден, мұғалімнің өз ма­ман­ды­ғы­на деген шынайы сүй­іс­пенші­лігінің және ешқан­дай дипломмен бірге берілмейтін шығар­машылық қабілеті, балаға деген кіршіксіз адамгершілік қа­сиет­тері болуы шарт. Мен қазір біздің елімізде қа­лыптасқан мұғалімдік маман­дық­қа мектепте негізінен орташа оқыған білім алушыларды қа­был­дап, олардан орташа маман дайындап, оларды білім ұяла­ры­на жіберетін құрсаудың бұзы­лып, ұстаз мамандығы ең жоға­ры ең­бекақы төленетін үз­дік ма­мандыққа айналса деп ар­ман­дай­мын. Өйткені, жаңа ға­сыр­да ғы­лымның, техниканың, өн­дірістің қарқындап өсуі білім берудің бар­лық жүйесін жүйелі дамы­ту­ды талап етіп отыр, жаңа мүм­кін­діктерге жол ашу үшін іргелі өзгерістер керек. Иә, қазір жаңа типті мектептер салынып, пайдалануға беріліп жатыр. Дарынды балалармен жұ­­мыс бағдарламасы жүзеге асу үс­тінде. Жастарды шетелдерде оқы­­­туға мүмкіндік алдық. Жаңа буын оқулықтар, электронды оқу­лық­тар білім беру ісіне ене бастады. Осындай жаңа даму үрдісі ал­ға басып отырғанда Елбасы Н.Назарбаев «Болашақта еңбек ет­іп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұс­тазға жүктелетін міндет ауыр» – деген еді. Біз осы сөзге сай болуымыз керек. Әсемгүл ӘЛІМЖАНОВА, республикалық оқу-әдістемелік бірлестік төрайымының орынбасары.