19 Тамыз, 2011

Қаумалаған қауым дән риза

342 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Газетіміздің бұдан бұрынғы нөмірлерінде хабарлағанымыздай ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық тойына орай жолға шыққан «Менің Қазақстаным» арнайы пойызы Қарағанды облысының Балқаш қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында болды. Мұнда да қонақтарды темір жол вокзалынан жергілікті халық құрметпен қарсы алды. Алдымен Балқаш жеріне тоқ­таған пойыз жолаушылары белгіленген бағдарлама бойынша тұр­ғын­дармен жолығып, олардың талап-тілектерін тыңдап, толған­дыр­ған сауалдарына жауаптар бер­ді. Сондай-ақ, қонақтар өнді­ріс­ті өлке Балқаш қаласының бір­қатар көрікті жерлерін аралап, біршама мағлұматтар алды. Осы­дан сексен жылдай бұрын Балқаш көлінің солтүстігінде 20 шақы­рым­дай жердегі Қоңырат мыс кенті негізінде ірі мыс қорыту зауытының құрылысы басталған екен. Соның негізінде 1937 жылы Балқаш шаһары бой көтеріпті. Еліміздің түсті металлургия сала­сы­ның ең маңызды орталық­тары­ның бірі саналатын қала халқы маңайындағы кенттерді қосқанда жетпіс мыңнан астам көрінеді. Тек өндіріс саласында ғана емес, айдынды Балқаш көлін туризм орталығына айналдыру жө­нін­дегі іргелі жұмыстарға да куә болдық. Қалада туристерді орна­лас­тыру үшін 8 қонақ үй салы­нып, қызмет көрсете бастапты. Мау­сым­дық кездерде қонақтар қайық­пен серуендеу, балық аулау құрал­дарын жалға алу, өзге де сервистік қызметтерді пайдалану­лары­на мол мүмкіндіктер жаса­лып­ты. Соны­мен бірге, көл жаға­жайындағы көптеген демалыс үйлері де туристерге қызмет ете бастапты. 1967 жылы Лондонда өткен халықаралық көрмеде Балқаш мысы ең таза деген дүниежүзілік эталонға ие болып, қазақ абы­ройын асырғанын осы тұста еске сала кетсек дейміз. «Менің Қазақстаным» арнайы пойызы Аягөз жеріне табан тірегенде, қаумалаған елмен бірге, сымдай тартылған сардарлар мен сарбаздар үрмелі оркестрмен салтанатты жағдайда қарсы алды. Жалпы, ауданда сексен мың­дай тұрғын болса, оның қырық мыңға жуығы аудан орталығында тұрады. Халыққа қызмет көрсе­ту­де жақсы жұмыстар жүргізілуде екен. Аудандық қызмет көрсету орталықтарының жұмысы жұрт көңілінен шығып отырғанына тәнті болдық. Астанадан шыққан бұл пойыз­дағы делегация мүшелері халық­пен өткізген қоғамдық қабылдау­лар­да тұрғындардың белсенділік танытқанын айтады. Мәселен, «Нұр Отан» ХДП орталық аппа­ра­­ты­ның өкілі Сәбит Аманжолов, Парламент Мәжілісінің депутаты Төлеген Ыбыраевтардың қабыл­дауында болған 30 адамның талап-тілектері негізінен денсаулық сақтау саласына байланысты бо­лып­ты. Сонымен бірге, ауыз су мәселесін де назардан тыс қал­дыр­мапты. Медицинадан кеңес алуға келген­дер­дің дені сұрақ­тары­на нақты жауаптар алып қанағаттан­ған­дарын айтты, дейді Денсаулық сақтау министрлігінің маманы Ернар Мырзақұлов бізбен ой бөліскен кезде. Ол сонымен бірге тұрғын­дардың көпшілігі ауру­ханаға жату үшін жолдама алуға, консультативтік диагностикалық көмекке мұқ­таж көрінеді. Ал Әді­лет министр­лігінің өкілі Қанат Мық­тыбаев отызға жуық азамат­тың сауал­дары­на жауап берсе, Ең­бек және халық­ты әлуметтік қорғау министрлігінің сарапшысы Әмина Аюпова 42 адамның атаулы әлеу­мет­тік көмек және балалар жәрдем­ақысы төңіре­гіндегі сұрақтар жайында келгенін тілге тиек етті. Аңыздар мен абыздар елі Аягөз жеріне келген «Менің Қа­зақ­станым» пойызындағы өнер саңлақтары жергілікті жұртшы­лық­ты кешкісін ән-жырға бөледі. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.