Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғандар
_______________________________
Математика ғылымы – адамзат өркениетінің ерекше бір бөлігі. Оның тарихы адамзаттың дамуымен тікелей байланысты. Сонау біздің эрамызға дейінгі оныншы ғасырда вавилон, үнді, Қытай, шығыстан бастау алған ғылым гректерде бір жүйелерге келіп, Арабияда жалғасып, XV-XVI ғасырларда Еуропада каулап дамыды. Әсіресе оның қарқынды өсуі XVІІІ-ХХ ғасырларда болды. Дифференциалдық, интегралдық есептеулердің жаңалық ретінде ашылуы, алгебралық теңдеулердің шешулерін, әдістерін ойлап табу, Декарттық аналитикалық геометрияның басталуы математиканың қарқынды дамуына септігін тигізді. Математикалық әдіспен пайымдау жасау адамзаттың дүниетанымын тереңдетті. Астрономиялық зерттеулерде, қозғалыстар мен күштердің өзара байланысын математикалық формулалармен, электромагниттік құбылыстармен өрнектеуде, салыстырмалық, кванттық теорияларды негіздеуде, компьютерді ойлап табуда математикалық теңдеулер мен модельдер негізгі рөл атқарды. Қазіргі уақытта математика ғылымы мәуелі бәйтерек секілді бұтақтары кең жайылған қалың орман сияқты. Сол алып орманның ішінде тілін білмейтін кез келген адам жүре алмайды.
Осы математика ғылымдарының патшалығында ерен еңбек етіп жүрген бірімізге ізетті іні, екіншімізге сыр жасырмас замандас, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның Ұлттық Ғылым академиясының академигі – Асқар Жұмаділдаев.
Ол өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында Алматыда дарынды балаларға арналған арнайы физика-математика мектебін бітіргеннен кейін Мәскеудегі М.В.Ломоносов атындағы университеттің механика-математика факультетіне оқуға түскен еді. Қазақ мектебін бітірген балаға орыс тілі сынағынан өту қиын болады. Алғашында орыс тілінен қанағаттанарлық баға алмаса да, қабылдау комиссиясы оның математикалық нәтижелеріне тәнті болып аппеляциядан өткізуді ұсынады. Үшінші курста Асқар терең мәнді ғылыми жұмысы үшін Петровский сыйлығымен марапатталады. Одан кейін Лениндік стипендияға ие болады. ММУ-ді үздік аяқтап, одан кейін аспирантурасын бітіріп, алгебра мамандығы бойынша кандидаттық, отыз екі жасында атақты Стеклов атындағы Математика институтында докторлық диссертациясын сәтті қорғайды.
Асқар 80-ге жуық ғылыми мақалалардың авторы. Оның мақалалары көптеген шетелдердің, Ресейдің негізгі математикалық журналдарында жарияланып, ағылшын тіліне аударылған. Оның еңбектері (Ли, Вирасоро типтес алгебралардың, Лейбниц, Цинбиель, Якобиан, Вронскиан, Новиков алгебраларының, ассосимметриялық, бикоммутивті алгебралардың), Ли элементтерінің, ауыстырулардағы статистикалардың сипаттамаларын жасауға арналған. Осы аталған бағыттарда ол терең де тамаша нәтижелерге қол жеткізді.
Кез келген оң нәтижелі Ли алгебрасында когомологиясы нольге тең емес модульдер саны шектеулі болатындығы дәлелденді. Нольден бөлек когомологиялы келтірілмейтін модульдардың саны ақырлы болатыны анықталды. Кез келген модулярлы Ли алгебрасында ақырлы өлшемді тармақталмайтын ұлғаюы бар болатындығы және тармақталмайтын абельдік ұлғаюдың саны ақырлы екендігі дәлелденді.
Формалды векторлық өрісті Ли алгебраларының ішінде қарапайым емес бас өрістері болатын алгебралар нақтыланды. Картандық типтес Ли алгебраларының екінші когомолиясы есептелінді. С.Ли енгізген векторлық өрісте N-арлық коммутаторлардың табиғаты зерттелінді, q-коммутаторлардың Ли және Йордан коммутаторлармен байланысы анықталды.
Кососимметриялық мультисызықтық ассоциативті емес көпмүшеліктер кеңістігінің сипаттамасы, 0-Алиа және 1-Алиа алгебраларының құрылыстары жасалды. Екі жақты Алиа алгебраларының зерттеулері Ли алгебраларының коммутативтік коциклдерін зерттеуге байланысты екендігі жүйеленді.
Дәрежелері 4 және 5-ке тең кососимметриялық тепе-теңдіктермен анықталатын алгебралардың құрылымдары бір жүйеге келтірілді. Ли және Йордан коммутаторларына қатысты Лейбиц алгебраларының және Цинбиель алгебраларының ең кіші тепе-теңдіктері нақтыланды. Ли коммутатор жағдайында айқын емес тепе-теңдіктердің бесінші дәрежеден бастап пайда болатындығы және олардың екіге тең екендігі дәлелденді. Лейбниц когомолиялары үшін фактор құрылды. Лейбниц алгебраларының қарапайымдылығы туралы ұғым енгізіліп, оның қасиеттері зерттелді. Еркін оң жақты симметриялы алгебралардың, Новиков алгебрасының базистері құрылды. Ауыстырулар статистикаларының сипаттамаларында негізгі кодтар мен инверсиялық кодтардың таралымы зерделенген.
Осы аталған зерттеулер – Асқардың ғылыми еңбектерінің шыңдалуының айқын айғағы. Оның ғылыми жұмысының әрбір бөлімі кезінде үлкен проблемалар туғызған мәселелердің шешімін табуға үлкен септігін тигізді. Мұның бәрі көрнекті ғалымның тынымсыз еңбегінің, творчестволық шабыт нәтижелері деуіміз керек. Қазір Асқар ерен дарынымен, ұшан-теңіз қарымымен Қазақстан ғылымын әлемге танытып жүр. Отанымыздағы математиктер арасында ең өнімді жұмыс істеп, ең жоғары рейтингтің иесі болып жүрген де академик Асқар. Америка математика қоғамы мәліметі бойынша оның сілтеме индексі жүзден жоғары. Скопус қорының мәліметі бойынша А.Жұмаділдаевтің Хирш индексі де жоғары.
Қазақ елінен Асқар көптеген шетел университеттеріне дәріс оқуға, ғылыми еңбектер жасауға алғаш шақырылғандардың бірі. Ол 1995 жылдан бастап он жылдай негізінде Еуропада қызмет істеді. Гамбург, Мюнхен, Билефелд, Киото, Оксфорд, Стокгольм университеттерінде профессор болды. Ньютон институтында (Кэмбридж), Теориялық физика халықаралық орталығында (Триест), Миттаг-Леффлер математика институтында (Стокгольм), Филдс институтында (Торонто), Жоғары ғылыми зерттеу институтында (Париж), Шредингер институтында (Вена), Макс Планк математика институтында (Бонн) ғылыми зерттеулер жүргізді. Асқардың “Қыстауым – Стокгольм, жайлауым – Париж” деген сөзі осы кезде айтылса керек.
Асқар көптеген шетелдік ғылыми қорлардың гранттары мен стипендияларын жеңіп алып марапатталды. Ол Америка математика қоғамының, Швед корольдігі Ғылым академиясының, Жапон ғылым мен технология қолдау қорының, ИНТАС қорының (үш рет), Сорос қорының стипендиялары мен гранттарына ие болды. Мұның арасындағы шоқтығы биігі, әрине, шетелдік ғалымдарға арнайы берілетін Германияның Гумбольд қорының стипендиясы. Жүзден жүйрік шығып, шеттен бәйгесін алып жүрген Асқар бауырымыздың елден де лайықты үлесін алар мезгілі баяғыда жеткен деп есептейміз.
Асқардың еңбектеріне әлемнің төрт бұрышынан қолдау хаттар көптеп түсіп жатады. Математиктерге Нобель сыйлығы берілмейтіні аян. Оның орнын Фильдс сыйлығы басады. Канададағы математика институты осы Фильдс атында. Асқарды қолдайтындар арасында Фильдс сыйлығының, Ленин сыйлығының, Вольф сыйлығының лауреаты, Ресей Ғылым академиясы академигі, Мэриленд университеті профессоры С.П. Новиков, Ленин сыйлығы, Король Фейсал сыйлығы, Рольф Шок сыйлығы лауреаты Макс Планк институт директорларының бірі, профессор Ю. И. Манин, Фильдс сыйлығы лауреаты, Америка Ғылым академиясы академигі, Сан-Диего университетінің профессоры Е. Зельманов, Мур сыйлығы лауреаты, Қазақстан мемлекеттік сыйлығы лауреаты, Вейн университеті профессоры У. Өмірбаев, Страсбург университеті профессоры Ж.Л. Лодей, Йель университі профессоры Д.Селигман т.б. әлемнің беделді ғалымдары бар.
Асқар туралы сөз қозғасақ оның тек қана ғалым емес, сонымен қатар, көрнекті педагог, қоғам қайраткері екенін де айта кетуіміз керек. Ол екі рет Жоғарғы Кеңес депутаты болып сайланды. Асқар Жұмаділдаев қазақ еліне қатысты сүбелі де тарихи шешімдер қабылдауға атсалысты. Ол – Қазақстанның тәуелсіздік декларациясын қабылдаған, Қазақстанның тәуелсіздігін жариялаған, Қазақстанның Әнұраны, Елтаңбасын қабылдауға атсалысқан депутаттардың бірі. Ол – тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президентін, тұңғыш Конституциясын қабылдауға үлес қосты. Ол кезде компьютер қат болатын. Тарихи шешімдер әр дауысты қолмен санау арқылы қабылданғаны белгілі. Дауыс беру нәтижесі Жоғарғы Кеңестің тұңғыш санақ комиссиясының төрағасы Асқар Жұмаділдаев қолымен бекітілді. Конституцияда Президент мемлекеттік тілді еркін меңгеру керек дейтін бап бар. Алғашқы жобасында Президент мемлекеттік тілді меңгеру керек дейтін ғана бап болған. Осы жердегі “еркін” деген анықтаманы алғаш рет ұсынып, осының конституцияға енуіне мұқияттылық танытқан Асқар еді. Осы күні «Болашақ» аталып жүрген дарынды жастарды қолдау қорын құру Асқардың сайлау алды мұратының бірінші тармағы еді.
Жаңа ғасырда Қазақстанның математика ғылымының дамуына өзінің елеулі үлесін қосып, студенттердің, магистранттар мен Ph докторанттардың жан-жақты білім алып шыңдалуына аянбай тер төгіп жүрген Асқар Жұмаділдаевтің еңбегі зор. Оның ғылымдағы бұл еңбек жолы жастарға үлгі. Қазақ-Британ студенттері арасында жүргізілген тәуелсіз сұраулар бойынша Асқар Жұмаділдаев үш рет ең үздік профессор деген атақ алды. Асқардың баспасөз, теледидар арқылы («Шынның жүзі», «Төртеу түгел болса», «Күлтөбе») сөйлеген сөздері жастар арасында үлкен беделге ие. Оның көптеген оқушылары еліміздің әр түрлі жоғары оқу орындарында, ғылыми мекемелерінде, мектептерде үлгілі жұмыс жасап жүр. Асқардың математиканың әр саласында жазған іргелі ғылыми мақалалары, оқулықтары ел ғылымы мен білімінің дамуына қосылған айтарлықтай үлес болып табылады.
Асқар Жұмаділдаев – нағыз шабытты, бабына келген шағында тұрған ғалым. Әлемдік деңгейде мойындалған математик, қоғам қайраткері. Қазақстанның 20 жылдығы қарсаңында Қазақстанның тәуелсіздігін жариялауға үлкен үлес қосқан ғалымның «Жалпыланған коммутаторлар, когомолиялар және тепе-теңдіктер» атты еңбектер жинағы Казақстанның мемлекеттік сыйлығымен бағалануы өте орынды шешім болар еді.
Мұхтарбай ӨТЕЛБАЕВ, Қазақстанның Ұлттық Ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Нұржан БОКАЕВ, физика-математика ғылымдарының докторы, Еуразия ұлттық университетінің жоғары математика және математика әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, профессор.