Елімізде су аз деп аузымызды қу шөппен сүртпеуіміз де керек-ау. Отанымыздың картасына қараңызшы – мыңдаған көл-өзенге көзіміз түседі. Таудан аққан бұлақтар, тұнып тұрған тұмалар қаншама! Біраз ғалымдар мен мамандар елімізде су ресурстары баршылық, тиімді пайдалансақ, судан тапшылық көрмейміз дегенді айтады. Қуанасың.
Судың да сұрауы бар деген сөз тектен-тек айтылмаған. Сол суға сұрау болмаса, еліміз де, жеріміз де шөлдейді. Сол мақсатта елімізде суға сұрау салатын мекемелер бар. Оларға жалпы басшылық жасайтын Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті болса, оның қарауында су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі сегіз инспекция бар. Олар еліміздің су көздеріне иелік етеді.
Сол 8 инспекцияның ішінде үздігі қайсы дегенде, мамандар, сарапшылар Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясын атайды. Атағанда алдыңа қыруар цифрларды жайып салып, енді содан өзің қорытынды жаса дейді. Бұл цифрларға да тоқталармыз-ау, сөйтсе де осынау жақсы істің сыры неде, бұл инспекция қалай алға шықты деген сұрақты бірінші қоюды жөн көрдік.
– Ол инспекция басшылығына Асанбай Мейірбекұлы Әлсейіт мырзаның келуіне байланысты болды, – дегенді айтты әңгімелескендердің барлығы да алдын ала келісіп қойғандай. – Осы іскер басшы келісімен ұжымның жұмысына айрықша жан кірді. Ұжымның әр мүшесі ерекше ықыласпен, ынтамен жұмыс істейтін болды. Өз жұмысының жауапкершілігін сезінді.
Осы жерде осыдан біраз бұрын Асанбай Мейірбекұлының журналист қауыммен кездескендегі бір әңгімесі еске түседі. Сонда ол өз мекемесіндегі ісіне айрықша жауапкершілікпен қарап, ізденімпаздықпен жұмыс істейтін біраз маманның атын атаған. Сонда Жолдас Аманбаев, Таңсық Тәженова, Сәбира Қоянбаева, Мақсұт Етекбаев, Сәуле Ибрашева, Раушан Иманбет, Манарбек Нұрпейісов, Марат Назыров, Серікқали Мұқатаев, Әйгерім Айтбаева, Бақыт Әбішев, Ақбота Садықова, Гүлжан Құнапина, Салтанат Амандардың атын атап, өзіне келгенде, «бәлкім, менің осы маман қызметкерлердің жұмысына жағдай жасауда, жұмыстарын үйлестіруде азын-аулақ еңбегім болған шығар», деп қысқа қайырғаны бар.
Расында, жаңа басшы Әлсейіт мырза, алғашында орынбасар болса, араға екі ай салып, инспекция бастығы болған, келе салысымен қызметкерлердің жұмысына жағдай жасауды қолға алған. Мекеменің ғимаратына жөндеу жүргізіп, онда жан-жақты қолайлы қызмет орыны жасақталды. Сонан соң, «Жемқорлыққа қарсы күрес» заңының талаптарын орындау мақсатында «Бір терезе» қағидасымен құжаттарды қабылдап-өткізу және дайын болған құжаттарды тапсыру орны ашылды. Осының бәрі ұжым жұмысына жаңа қарқын қосты.
Енді осы инспекцияның жұмыс ауқымына келейікші. Мекеменің толық аты ұзақтау, сөйтсе де оны толық атаған да жөн болар. «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы» мемлекеттік мекемесі өз жұмысын Алматы облысы, Жамбыл облысының Мойынқұм, Қордай, Шу аудандарында, Қарағанды облысының Ақтоғай, Шет, Қарқаралы аудандарында және Приозер, Балқаш қалаларында, Шығыс Қазақстан облысының Үржар, Аягөз аудандарында, Алматы қаласы аймағында жүзеге асырады.
Мекеменің басты мақсаты – еліміздің географиялық табиғи мүмкіндіктерін басты назарда ұстай отырып, суды үнемдеу және қорғау. Бір сөзбен айтқанда, суға иелік ету. Әлдебіреулердің пайдакүнемдігінен, біреулердің жауапсыздығынан, тіпті біреулердің салақтығынан су ысырап болмауға тиіс. Осы аймақтағы барлық шаруашылықтар, мекемелер, жеке адамдар судың иесі барлығын, оны есепсіз пайдалануға болмайтынын сезінуге тиіс.
Осы ретте инспекция басшысы Асанбай Әлсейіт мырза мекеме қызметкерлерінен есепке, су пайдаланушыларды қатаң тіркеуге алуға айрықша назар аударуды талап етті. Соның арқасында осынау аймақта суды өз бетімен пайдалануға тосқауыл қойылды. Жаңа бір құрылым пайда болып, оның суға деген қажеттігі туса, инспекцияға тіркеліп, сонан соң ғана суға зәрулігін өтей алады.
Инспекцияда есепке алынған су пайдаланушылар саны 1650 бірлік екен. Оның ішінде бірінші реттік су пайдаланушылар 848 болса, екінші реттік су пайдаланушылар – 802. Ал есеп құралдарымен қамтамасыз етілгендер 780 екен. Бәрінің де рұқсат құжаттары бар. Сол рұқсат құжаттарын алу да бұл мекеменің көрсеткіші. Жұрт рұқсат сұрап жатса, бұл инспекцияның жұмысын бағалағандық. Өткен жылы одан бұрынғы жылдармен салыстырғанда 33 рұқсат құжат артық берілсе, биылғы жылдың алғашқы жартысында 77 су тұтынушы рұқсат құжатын алыпты.
Инспекция басшысы Әлсейіт мырзаның өз қызметкерлерінен айрықша талап ететін тағы бір жайы болды – тұтынушылардың өтініш-шағымдарына барынша ұқыпты да қамқорлықпен қарау. Жұрт инспекцияға жазалаушы мекеме ретінде емес, қамқоршы мекеме ретінде жүгінгені жөн. Сонда жұрт одан жасырынып әрекет етпейді, адалына жүгінеді, рұқсат сұрай келеді.
Өткен жылы Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясына 3173 хат түсіпті. Одан бұрынғы жылмен салыстырғанда 508 хат көп. Жер телімін бөлу, құрылыс жүргізу және қайта жаңғырту жұмыстарына, нысандарды пайдалануға беру, жұмыс жобалары бойынша келісім алу мақсатында 1577 құжат түскен. Ал биылғы жылдың алғашқы жартысында ғана 1129 құжат өткізілген. Сол құжаттардың ар жағында қаншама игілікті іс жатыр. Ол – диқанның жинаған жаңа өнімі, мал үшін өрісі кеңейген жайылымдық, жаңа бір біткен құрылыс кешендері, тағысын-тағылар...
Сөйтсе де жолсыздықтарды көрмеуге де болмайды. Бақылау болмаса, жолсыздыққа жол ашылады. Аймақтағы жағдай алақандағыдай көрініп тұрар болса, қылмысты табу да қиынға соқпайды. 2010 жылы 285 тексеріс жоспарланған екен, инспекция мамандары 386 тексеріс өткізіпті. Содан 320 заң бұзушылық анықталып, 4,65 миллион теңге әкімшілік айыппұл салыныпты. Әрине, айыппұлдан қаржы түскені де жақсы, бірақ ең бастысы бұл – заң бұзушылыққа тосқауыл.
Суды тиімді пайдаланудың болашағы су үнемдеу технологияларын өндіріске енгізуде екені даусыз. Инспекция басшысы Асанбай Әлсейіт мырзаны бұл ретте осынау істің үлкен насихатшысы деуге болар. Былтырғы жылы Алматы облысында 17,7 мың гектар көлемінде су үнемдеу технологиялары мен суғарудың ұтымды әдістері енгізілсе, мұнда инспекцияның да, оның басшысының да айтарлықтай үлесі болды.
Қазіргі заманда жұрт жұмыс тиімділігін қаржымен есептейді. Былтырғы жылы инспекция су ресурстарын пайдаланғандардан 136,24 миллион теңге қаржы жинаса, бұл одан бұрынғы жылғыдан 84,39 миллион теңге көп. Жетістік пе? Үлкен жетістік. Сол үшін инспекция Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен «Үздік ұжым» дипломымен марапатталыпты.
Осынау табысты инспекция мекемесінің ұжымы өздерінің жақында басқа жұмысқа ауысқан басшыларының атымен байланыстырады. Байланыстырғанда, білікті де іскер азаматтың осында қалдырған өнегелі істерінің жалғасы болатынына да сенімді.
Әрине, ұжымның табысын бір адамға тели беруге болмас. Сөйтсе де, іскер де білікті басшының келуімен бір ұжымның жұмысы жанданып сала беретіні де шындық. Асанбай Мейірбекұлы Әлсейіттің келуімен Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының жұмысы жаңа белеске көтерілді. Осында азаматтың бастамашылық игі қадамдарының ізі сайрап жатыр. Оны инспекция ұжымы ұмытпайды.
Мамадияр ЖАҚЫП.