Қазақстан • 10 Мамыр, 2017

Жолдау тапсырмалары қалай орындалуда?

120 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Үкімет Елбасының биылғы Жолдауын­дағы тапсырмаларды қалай орындауда? Алғашқы төрт айда қандай міндеттерді меже­леді? Нәтиже қан­дай? Үкімет үйінің баспасөз орталығы осындай сауалдарды негізге алған арнайы мәслихаттар легін бастады. Баспасөз мәслихатына кеше Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов қатысты.

Жолдау тапсырмалары қалай орындалуда?

Мұнай өңдеуге маңыз беріледі

«Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Президент Жолдауының 2017 жылдың алғашқы 4 айындағы іске асырылу барысы туралы баяндаған министрлер бүгінде ел экономикасында өсім барын жеткізді. 

Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, мұнай-газ саласында «ТШО-ны болашақта кеңейту» жобасы, «Қарашығанақтың өндірістік қуатын арттыру» жобасы, «Қашағандағы Солтүстік Каспий жобасының бірінші кезеңінің ІІ фазасы» сияқты ірі үш жоба ерекше маңызға ие.

«ТШО-ны болашақта кеңейту жобасы бойынша игерілген жалпы жұмыс барысы бүгінде шамамен 18 пайызды құрайды. Бұл инвестиция саласындағы құны 37 млрд долларды құрайтын ірі жоба, оның құрылысы кезінде 20 мың жұмыс орнын құруға және біріккен өндірістерді ашуға мүмкіндік береді. Жобаның жалпы құнының 32 пайызға жуығы, яғни 12 млрд доллары қазақстандық тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге жұмсалады», деп атап өтті Қ.Бозымбаев.

Ал «Қарашығанақтың өндірістік қуатын арттыру» жобасы жылына 12 млн тонна көлемінде мұнай алуды сақтап қалуға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, «Қашағанның І кезеңінің ІІ фазасы» жобасында өнімділікті арттыру мақсатында жеке жасанды теңіз аралын салу және газды кері соруға арналған қосымша компрессорларды орнату қамтылады. Бұл жаңа жұмыс орындарын құрып, мұнай алу деңгейін арттыруға жағдай жасайды. 

Геологиялық барлауда халықаралық консорциумдармен бірлесіп «Хазар» және «Қаламқас» кен орындарын игеру жоспарланып отыр. Бұл қаржылық шығындарды төмендетіп, тиімділік көрсеткіштерін жақсартуға, жұмыс орындарын құруға, мұнай алу деңгейін арттыруға, салық түсімдерін көбейтуге жол ашады. 

Сондай-ақ, Қ.Бозымбаев мұнай өңдеу зауыттары аралық мерзімі 3 жылдан кем болмайтын жөндеуге көшетінін атап өтті. Бұл жөндеуге жұмсалатын шығындарды 10 пайызға азайтып, әр зауытта қайта өңдеу көлемін 300 мың тоннаға дейін арттыруға жол ашады. Атырау және Павлодардағы екі мұнай өңдеу зауытының жаңғыртылуы биыл аяқталуы тиіс, ал Шымкент зауыты келесі жылы толық жаңғыртылады. 

Индустрияландыру серпіні сезіледі

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек те өз саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады. Оның мәлімдеуінше, министрлікке қарасты негізгі салаларда дамудың оң қарқыны байқалған. Бұл қабылданған мемлекеттік қолдау шаралары мен әлемдік нарықтағы базалық металдар бағасының тұрақтылығы арқасында мүмкін болды», деді министр.

Дерекке сүйенсек, бірінші тоқсанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,8 пайызға, кен өнеркәсібінде 5,6 пайызға артты. Бұл түсті металдар кенін өндіру көлемінің 10,8 пайыз және темір кенін өндіру көлемінің 11,4 пайызға өсуімен байланысты. Өткен жылдың және биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өңдеу саласында 6,5 пайызға тұрақты оң өсім болды. 

Министр сонымен қатар, отандық экономикадағы бұл оң үрдіс индустрияландыру саясатының арқасында қалыптасқанын, металлургия өнеркәсібінде ірі кәсіпорындар өндірісі көлемін айтарлықтай арттырғанын тілге тиек етті. Индустрияландыру картасы бойынша биыл шамамен 700 млрд теңге болатын 100-ден астам жобаны іске қосу көзделіп отыр. 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Оның ішінде биылғы жылдың бірінші тоқсанында 7,6 млрд теңгенің 10 жобасы іске қосылды. 415 тұрақты жұмыс орны құрылды.

Көлік кешені бойынша да нәтижелі көрсеткіштерге тоқталды. Көлік қызметінің көлемі 2017 жылғы 1 тоқсанда 3,4 пайызға өскен. Жүк тасымалының көлемі 1,1 пайызға өсіп, 813 млн тоннаны құрады. Жүк айналымы 5,4 пайызға артып, 125 млрд тонна км құрап отыр. 2017 жылдың І тоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, транзиттік контейнерлік тасымал көлемі 3 есеге өскен. 

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2017-2019 жылдары автожол саласында 1,7 трлн теңге қаржыға ұзақтығы 4,4 мың км болатын 23 жобаны жүзеге асыру қарастырылған. Биыл өтпелі 7 жобаның жұмысы жалғасады. Жыл соңында 602 шақырымдық жұмыстарды аяқтау жоспарлануда», деді Ж.Қасымбек.

Құрылыс қарқын алды

Мемлекет басшысы Жолдауында Үкіметке «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру аясында 15 жыл ішінде 1,5 миллион отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы тапсырма берген болатын. Инвестициялар және даму министрі құрылыс саласында атқарылған шаруа аз еместігін, биылғы жылдың І тоқсанында құрылыс жұмыстарының көлемі 7,1 пайызға артқанын жеткізді. Жалпы, тұрғын үй құрылысына 173,4 млрд теңге бөлінген, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 14 пайызға жоғары.

Биылдан бастап жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 3,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Сонымен қатар, тұрғын үйдің жалпы ауданының 93,2 пайызын жеке құрылыс салушылар мен халықтың өзі тұрғызған. Мемлекеттік сектор республикадағы тұрғын үйді пайдалануға берудің жалпы көлемінің бар болғаны 5%-ын қамтиды. Барлығы республика бойынша 25 230 тұрғын үй пайдалануға берілген, оның 7 701-і - жеке үйлер. 

АӨК өсімге үлес қосты

Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасының алғашқы нәтижелері туралы баяндады. 

Биылғы жылдың І тоқсанында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жоспардағы 2,5 пайыз жағдайынан 2,9-ға артып артып, 353,7 млрд теңгені құраған. Бұл орайда мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 3 пайызға артты. Ал ауыл шаруашылығына инвестициялар көлемі 22 пайызға еселенген. Аталған кезеңде азық-түлік өнімдерін өндіру 3,4 пайызға артып отыр. Мал шаруашылығы саласында орта есеппен мал басының 3,1 пайызға артуы, ет өндірісінің 3,8 пайызға, сүт өндірісінің 3,6 пайызға өсуі байқалады. 

«Бірінші тоқсанда 182 ауылшаруашылық кооперативі құрылды. Жалпы, бір жыл ішінде 130 мың жеке қосалқы шаруашылықтарды қамтумен ауылшаруашылық кооперативтерінің санын 467-ге дейін жеткізу көзделіп отыр», деді министр.

АӨК-ті дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Технологиялар трансферті орталығы құрылған, онда 500-ге жуық озық технологиялардың мәліметтер базасы бар. Сонымен қатар, «Азық-түлік корпорациясы» АҚ базасында шетелдік нарықта отандық ауылшаруашылық өнімдерін ілгерілету бойынша экспорт орталығы құрылыпты.

«Көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы жүргізу мақсатында егіс жұмыстарын несиелендіру және егіс науқанын жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету мәселелері шешіліп жатыр. 2017 жылы көктемгі егіс және өнімді жинау жұмыстарын қаржыландыруға 60 млрд теңге көлеміндегі бюджеттік несие бөлінді, қазір оның 33 млрд теңгеден астамы игерілген. Бұл тұста несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылына 6 пайыздан артық емес», деді Қ.Айтуғанов.

Динара БІТІКОВА, 
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар