Қазақстан • 10 Мамыр, 2017

Оңтүстікте егіс науқаны аяқталып қалды

154 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде көктемгі егіс науқаны аяқталуға жақын. Диқандарға көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау мен егістік науқанын жүйелі ұйымдастыру жұмыстары көктемгі егіс жұмыстарын сапалы, ғылыми негізделген агротехникалық тиімді мерзімде аяқтауға мүмкіндік беріп отыр. Алматы облысы Балқаш ауданындағы егіс жұмыстарының қалай жүріп жатқанын журналистер қосыны арнайы барып көріп қайтты.

Оңтүстікте егіс науқаны аяқталып қалды

Биыл республикалық бюджет есебінен берілетін қаражат 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында үлестіріледі және егіс­тік алқаптарын әртарап­тандыру бағытын ұстанған жобаларға басымдық беріледі. Бюджеттік несиенің операторы болып, бәсекеге қабі­летті ауыл кәсіпкерлігін дамы­туды ынталандыратын қол­жетімді несиелендіру жүйесін қалыптастыру бойынша мем­лекеттік саясатты жүзеге асы­ратын, «ҚазАгро» ұлттық хол­дингінің еншілес компаниясы – «Аграрлық несие корпора­циясы» АҚ бекітілді.

Кор­по­рация «ҚазАгро» ұлттық бас­қарушы холдингі компаниялар тобының құрамына кіріп, соның тікелей жетекшілік етуімен Қазақстанның барлық облыстарында орналасқан 13 филиал мен өкілдіктерінде өз қызметін жүзеге асыруда ауқымды жұмыстарды атқарып отыр. Биылғы жылы бөлінген қаржы бірінші кезекте мал азығы өндірісін дамыту, дәнді дақылдарды өсіру, сондай-ақ, ауылдық кооперативтерді қолдауға бағытталады. Бұл бағыттағы негізгі жаңалық – азық-түлік келісімшарт корпо­рациясының процеске қатысу барысы өзгертілді. 

– Биылғы жылдың көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру үшін мемлекеттік бюджеттен 60 миллиард теңге бөлін­ді. Бұл қаржы «ҚазАгро» холдин­гінің еншілес компаниясы – «Аграр­лық несие корпорациясы» АҚ арқылы шаруалар мен агроқұрылымдарға үлес­тірілетін болады. Көктем­гі егіс және егін жинау жұмыс­тарын уақтылы жүргізу үшін еліміздің төрт өңірі – Алма­ты, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан об­лыстарының шаруаларынан Аграрлық несие корпорациясына жалпы сомасы 4,8 миллиард теңгені құрайтын 910 өтініш түсті. Биыл бюджеттік қаражат есебінен қаржыландыру жүйесіне өзгерістер енгізіліп, басымдық мал азығы және майлы дақылдарды өсіретін шаруа­шылықтарға беріледі. Кешегі күнге дейін жалпы рес­публика бойынша Аграрлық несие корпорациясына, кредиттік серік­тестіктер, микроқаржы ұйым­дары мен екінші деңгейлі банктерге шаруалар тарапынан 1891 жуық өтініш келіп түсті. Олар­дың жалпы сомасы 58,5 миллиард теңгеден асады, – дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Марат Балпаев.

Үстіміздегі жылы дала жұ­мыстарын несиелеу барысында Ауыл шаруашылығы министрлігі басымдыққа ие бірқатар ауыл­шаруашылық дақылдарын бел­гілеген болатын. Бұл тізімге май­лы дақылдар (күнбағыс, рапс, зы­ғыр, соя), арпа, қант қызыл­шасы, астыққа арналған жүгері, мақта, сұлы және картоп пен күріш кіреді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ  2017 жылдың 1 сәуіріне дейін бірінші кезекте басымдық берілген дақылдарды қаржыландырған. Ол үшін 22 миллиард теңге қарастырылды. Қолжетімді кредитті жеке және заңды тұлғалар (соның ішін­де ауылшаруашылық коопе­ративтері) алуда. Негізгі басым­дық кооперативтерге беріледі. 

2017 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын несиелендірудің жылдық пайызы төмендетілгені туралы бұдан бір ай бұрын «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрайымы Гүлнәз Атамқұлова мәлімдеген болатын. Көктемгі егіс және өнімді жинау жұмыстарына берілетін несиенің жылдық мөлшерлемесінің айтар­лықтай төмендетілгені егістікпен айналысатын диқан-шаруаларға өте тиімді болды. Енді тікелей Аграрлық несие корпорациясынан бұрынғыдай 5 емес, 2 пайыздық несиені алуға болады. Егер қаржы екінші деңгейлі банк арқылы берілетін болса, онда соңғы қарыз алушыға пайыздық мөлшерлеме 5 пайыздан, ал кре­диттік серіктестіктер мен ми­кро­­қаржы ұйымдары арқылы бе­рілсе, мөлшерлеме 6 пайыздан аспайды. 

Алматы облысы Балқаш ауданындағы «Тамшы-бұлақ» ЖШС биыл 1880 гектар жерге күріш егіп жатыр. Кәсіпкер Мұстафа Қалиев басқаратын бұл шаруашылық тұқым, тыңайтқыш және техникаға жанар-жағармай сатып алу сияқ­ты егістік қажет­тілігіне Аграрлық несие корпорациясынан 50 миллион теңге несие алған екен. Шаруашылық бұл қаржыны сол бағытта игеріп жатыр. Мұстафа Қалиевтің айтуынша, қолжетімді несиелеу түріндегі мемлекеттік қол­даудың арқасында шаруасын дөңгелетіп, жұмысын іл­герілетуге мүмкіндік алған. Сә­тін салып, егін бітік шықса, Мұс­тафа Қалиев өнімін тек қазақ­стандық нарыққа ғана емес, шетелге де экспорттауға үмітті. 
– Көктемгі егіс жұмыстарын аяқ­тап қалдық. Бүгін-ертең да­қылды егіп бітірсек, енді жүз күннен кейін, қыркүйек айын­да күрішті жинауға кірісеміз. са­ға­тына 5 тонна күріш өң­дей­тін оңтүстіккореялық зауытымыз бар.

Оны «ҚазАгроҚаржы» АҚ-тан несие алып сатып ал­ғанбыз. Өнімді бірден нарыққа шығарамыз, бәрі ойдағыдай болса қараша айында алған несие­ден құтыламыз. Бұл жағынан аса проблема болмайтын шығар. Соңғы жылдары егіп жүргеніміз күріштің «Заря» деген түрі. Шыны тә­різді, дәмі де жақсы, палауға да, басқа тағамдар жасауға да келеді. Күріштің бұл түріне қы­зығушылық танытып жатқан­дар аз емес. Өнімнің 30-40 пайызын экспортқа жөнелтеміз деген жоспарымыз бар. Қазір Ауғанстан компанияларымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Алғашқы сынама партияны елдеріне алып кетті. Жақында ауғанстандық кәсіпкерлер осында келіп егістікті көрмекші. Бұ­дан үш-төрт жыл бұрын өнімді Тә­жікстанға, Қырғызстанға шығардым.

Ресейден келіп алатындар да бар. Жазғы маусым кезінде «Тамшы-бұлақ» шаруашылығында жүзден астам адам жұмыс істейді, ал тұ­рақты жұмысшылардың саны 37 адам. Егістікке, өнімді жи­науға шаруашылықтың 60 шақты әртүрлі техникасы бар. Несиеге алған қаржыны жанар-жағармайға жұмсаймыз, күріш көп суды қажет етеді – жылына 7 млн текше метр суға, тыңайтқышқа қаржы бөлеміз. Тыңайтқыштың тоннасы 120 мың теңге, отандық өнім бол­ған­дықтан тыңайтқышқа және пайдаланған суға 50 пайыз субсидия бөлінеді, – дейді «Тамшы-бұлақ» ЖШС директоры Мұстафа Қалиев. 

Балқаш ауданындағы КСРО тұсында «Тың игеруге 25 жыл» деп аталған Береке ауылының берекесін кіргізіп отырған осы «Тамшы-бұлақ» серіктестігі. Береке ауылдық округінің әкімі Мұрат Түйлібаевтың айтуынша, мұнда егін шаруашылығымен айналысатын үш ірі шаруашылық, мал шаруашылығымен айналысатын 37 қожалық бар екен. Солардың ішіндегі ең үлкені, ха­лықты жұмыспен қамтып отырған осы «Тамшы-бұлақ» се­ріктестігі. Дәл қазіргі кезде ша­руашылықта 100-ге тарта адам – жүргізушілер, механизаторлар, малшылар жұмыс істеп жатыр. «Тамшы- бұлақ» ЖШС тек егін емес, мал шаруашылығымен де айналысады. Фермер 2014 жылы Аграрлық несие корпорациясынан «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 260 млн теңге кредит алып, 2 мың ірі қара мал сатып алған екен. Қазір оны то­лықтай қайтармағанмен, мал ша­руашылығын кеңейтіп жатқан көрінеді. Болашақта қоралар салып, мал бордақылауды қолға алмақшы. «Тамшы-бұлақ» ЖШС бұл жетістіктерге Аграрлық несие кор­порациясының берген не­­сиесі арқылы қол жеткізіп отыр.

Қайыр ТӨТЕНШИН
Алматы облысы