Қазақстан • 10 Мамыр, 2017

Дайындықта дамылдау жоқ

253 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақмола облысы бойынша көктемгі егіс науқаны бастау алды. Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткен жиында биылғы көктемгі-егіс жұмыстарының барысы пысықталып, бірқатар жайттарға ерекше назар аударылды.

Дайындықта дамылдау жоқ

Жалпы, биыл өңірде 4744,8 га алқапқа тұқым себу жоспар­ланған. Соның ішінде 4338,3 мың га дәнді дақылдар. Бұдан басқа, 142,2 мың га жерге азық­тық жем өсіру қолға алын­бақ. Алайда Астрахан, Аршалы, Ерейментау және Жарқайың аудандарынан өзгелерінде жем­дік дақылдар көлемі азаятыны байқалып отыр. Әсіресе, Бурабай ауданында оның көлемі 8,2 мың гектарға қысқарады деп күтілуде. Қазір мал басының артып келе жатқандығын қапер­ге алған облыс басшылығы жер­гілікті әкімдіктерден жемдік дақыл­дар көлемін арттыру қа­жеттігіне назар аударуды талап етіп отыр. Бұған мүмкіндік жетерлік. Облыс әкімінің орынбасары Е.Каппелдің мәліметіне қарағанда, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің тұқым себу жұмыстарын жүргізуі екінші дәрежелі банктердің кепіл­демесімен және мүлікті ке­пілге қою арқылы жүзеге асы­рылады. Осыған орай биыл облыста тек 49 АШТӨ 265,4 мың га алқапқа егін егетіндігі туралы тапсырыс берген. Со­ның тек 9-ы ғана несиеге қол жеткізіпті. Сондықтан да облыс басшылығы өсімдік ша­руа­шылығына ұсақ және орта шаруашылықтарды тарту ар­қылы ауыл шаруашылығы ко­опе­­­ративтерін құруға жұмыл­дыруды көздеп отыр. Сонда олар да несие ала алады екен.
Сондай-ақ, биыл 241,5 мың га алқапқа майлы дақылдар егіл­мек. Бұл өткен жылмен са­лыстырғанда 21 мың гек­тар­ға артық. Өңірде майлы да­қылдардан гектарына 10-12 цент­нерден өнім алып, жалпы кө­лемде оның мөлшерін 240-260 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ, алдағы уа­қытта 18,4 мың га жерге картоп және 4,3 мың га алқапқа же­міс­тер отырғызылады. Бұл рет­те кар­топ пен жемістер отыр­ғызу көлемі былтырғы дең­гей­де қалатындығын айта кеткен ләзім. Толықтай алғанда, мұндай қадам осыған дейін Ауыл ша­руа­шылығы министрлігі мен облыстық әкімдік арасында жа­салған егістік алқаптарды әрта­раптандыру жөніндегі ме­морандумға сәйкес келеді. Жалпы, өңір ауылшаруашылық дақылдарымен толық қам­тамасыз етілген. Қазіргі таңда 522 мың тонна тұқым себілген. Бұл орайда 1 және 2 класты тұ­қымдықтың 86 пайызы егістік стандартына сай. Бұдан басқа, өңірде биылғы тұқым себу жұ­­мыстарына қолданылатын ауыл­шаруашылық техникала­ры барынша сақадай-сай тұр. Нақтырақ айтқанда, облыс бойынша жалпы машина-трактор паркінің дайындығы 91 пайыз деп бағалануда. Өңір басшысы орынбасарының сө­зіне қарағанда, биыл бірін­ші тоқсанда 10 дана трактор, 55 дана тұқымсепкіш жә­не 1 дана егу кешені сатып алын­­­ғанымен, бәрібір техни­ка­ның жетіспеушілігі бай­қа­­луда. Өйткені, облыс бойынша ауылшаруашылық техни­ка­ларының тозығы 66 пайызды құ­райды. Соның ішінде тракторлар – 72 пайыз, ал себу кешендері 11 пайыз. Дейтұрғанмен, би­ылғы егін науқанына 17 мың дана тұқым себетін құрылғы мен 1145 дана өнікті егу кешені жұмылдырылмақ.
Ал көктемгі-егіс жұмыс­та­рын жүргізуге қажетті жанар-жа­ғармай туралы айтқанда, дизель отыны – 79,2 мың тоннаны, бензин – 7,4 мың тоннаны және жағармай 4,6 мың тоннаны құрайды. Энергетика министрлігі көктемгі-егіс жұ­мыс­тарын жүргізу үшін об­лыс­қа кепілдендірілген ауқым­дағы 65 мың тонна дизель отынын бөлгізіп берген көрі­неді. Павлодар мұнай-химия зауытынан дизель отынының 55 мың тоннасы босатылса, ал қалған бөлігін Атырау мұнай өңдеу зауыты беретін болып шешілген. Наурыз айында соның 30 мың тоннасы және сәуірде 20 мың тоннасы жеткізілсе, мамырда қалған 10 мың тоннасы жеткізіледі деп кү­тілуде. Биыл өңірге минералды тыңайтқыштар 47,3 мың тонна көлемінде әкелінсе, бұл өткен жылдың көрсеткішінен екі есеге жоғары екен. Олай дей­тініміз, өткен жылы бар-жоғы 22,4 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізіліпті. Биыл сонымен қатар, мемлекет өсімдік шаруа­шылығын дамытуға субсидия түрінде 10,7 миллиард тең­геден астам қаржы бөлген. Тұқым шаруашылығын қолдау мақсатында 582,5 миллион теңге көзделгенімен, қосымша 660 миллион теңге қажет екендігі де ашып айтылды.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы