10 Мамыр, 2017

Момышұлы музейі

2327 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған Жуалы ауданында бүгінде батыр атындағы мемориалдық музей жұмыс істейді. 1995 жылы 5 мамырда ашылған мәдени орталықта тұғыры биік тұлғаның тұтынған заттары, сыйға алған кітаптары мен бағалы сыйлықтары қойылған. Бұл дүниелерді музейге Бауыржан атамыздың келіні Зейнеп Ахметова тарту еткен.

Момышұлы музейі

Әуелі музей қызметкері Айда­на Шораева бізді Бауыржан Момыш­ұлының полковник шеніндегі шинелімен таныстырды. Табанда ойымызға оралған ақиық ақын Қасым Аманжоловтың «Үстімде сұр шинелім, ақсаңдай басып келемін» деген өлең жолдары мен батырдың өзі киген шинелі отты жылдардан елес беріп тұрғандай болды. Сол күндерді көзбен көрмесек те, көңілге түйсінген күйі ілгері бастық. Талай тағдыр тартысын көрген бұл киім музей төрінде нақ бір батыр тұлғасындай асқақтап тұрды. 

 Бұл жердегі әрбір бұйым шежіре шертетіндей. Сарғайған суреттерден алып денелі Сәбит Мұқановтың ылғи тақия киіп түскен кейпін көруші едік. Аяулы Сәбең сол тақияны бір өзі кимей, өзінің қаламдас інісі болған Бауыржанға да көзінің тірісінде біреуін сыйға тартқан екен. Ал «Ұшқан ұя», «Қанмен жазылған кітап» сияқты шығармаларды дүниеге әкелген қалам мен сия сауыттың да өзіндік ерекшелігі бірден аңғарылады. Бұл көрініс қарапайым қағидаларды негіз ете отырып, қатпар-қатпар сырлар­ды ашатын қаламның құдіретін түйсінуге жетелейді. 

Соғыс қасіретін басынан кешкен батырдың өз қолымен сызған картасы да тұр. Онда майдангерлердің қай жолмен жүру керектігі, жау аңысын қалай аңду қажеттігі бейнеленген. Қазақ және араб әріптерімен жазылған жазуларда да жаудың шоғырланатын орны көрсетіліпті. Бірақ араб әріп­теріне басымдық берілген. Себебі, егер бұл карта жау қолына түсіп қалған жағдайда, қазақ әскерлерінің жауға барар жолдағы шығу нүктесі белгісіз болсын деген ой болған екен. Соғыс психологиясын терең меңгерген командирдің бұл көрегендігі де талай әскерді аман сақтап қалуға сол кезде ықпал етті деуге болады.

Жалпы, Бауыржан Момышұлы – әскери тұлға болуымен қатар, халқы­мызға жазушы ретінде де таны­мал тұлға. Тырнақалды шығарма­ларын өлең жазудан бастаған ол кейін келе әдеби шығармалар мен мемуарлар жазды. Дегенмен, оның елге әлі етене бола қоймаған қасиетін де музейден көрдік. Көзіміз шебер қолмен бейнеленген ұлттық оюға түскенде, бастапқыда өзінің қызығушылығымен бір жерден алынған туындылар екен деп ойладық. Бірақ Баукең бұл керемет оюларды өз қолымен 1973 жылы ойған екен. Шебер қолдан шыққаны көрініп тұр. Бұл да келер ұрпаққа үлкен аманат сияқты әсер қалдырды.

Батырдың әкесі бармағынан өнер тамған зергер болыпты. Атадан балаға мирас ретінде берілетін бұл қасиеттің айқын көрінісін осы жерден көруге болады. Ұлттық өнер десе өне бойы тебіреніп сала беретін батырдың музейінде халқымыздың арда ұлы Әміре Қашаубаевтың өз дауысы жазылған таспа да бар екен. Бұл таспа да осы орталықтың құнды жәдігерлерінің қатарына жатады. 
Бауыржан Момышұлының «Мәскеу­де емес, Жуалыда жүре­гім, Жуалымды аңсаймын да жүремін», деген өлең жол­дары бар.

Кір жуып, кіндік кескен жерінде батыр атындағы музейдің жұмыс істеп тұрғаны тағылымды іс. Енді мұнда келіп, құнды жәдігерлермен танысушылар қа­тары да күн санап артып келеді. Бірақ мұнда негізгі бір ғылыми қызметкерден өзге маман жоқ екен. Бүгінде музейге бас қор сақтаушы, бақылаушы сияқты қыз­меткерлер қажет. Сондай-ақ, мұнда ғимаратты кеңейту қажеттігі де туып тұр екен. Музей меңгерушісі Қаламқас Бе­ріковадан бұл жайлы сұрағанымызда, мұнда келушілер саны көп, сондықтан ғи­мараттың кеңейгені дұрыс деген ойын айтты. 

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы