Қазақстан • 10 Мамыр, 2017

Өмірі сағыныштан тұратын ел ағасы

426 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Мырзатай аға – ұстаз, Мырзатай аға – ғалым, Мырзатай аға – рухани қазына, Мырзатай аға – дипломат, Мырзатай аға – әке, Мырзатай аға – ата, Мырзатай аға – дос... Осы атаулы сөйлемдердің ар жағына бойлайын десеңіз, бойлай алмайсыз. Себебі әрқайсысының тамыры өте тереңге кеткен. Оған бойлау қарапайым мен сияқты адамның қолынан келе қоймас-ау деп ойладым. Мырзатай ағаның кітаптарын оқыған сайын қайран қалам. Ағаның еңбектерін оқып болған соң өзің таныдым, бір кісідей білемін деп ойлайтын ақынды болсын, жазушыны болсын, қоғам қайраткерін болсын, жаңа ғана танығандай боласың.

Өмірі сағыныштан тұратын ел ағасы

Мысалы Абайды, Жам­был­ды, Мұхтар Әуезовті, Әб­ділда Тәжібаевты, Әбіш аға­ны, Ақселеу ағаны, т.б. ұлы тұл­ғаларды, құдай-ау, бір кі­сі­дей білетін шығармын, талай оқы­дым ғой деуші едім, бірақ біл­мей­ді екенмін. Білсем де, дәл мен­де Мырзатай ағадай әлем жоқ екен. Ағаның ғылыми ең­бек­тері де, мақалалары да, ес­те­ліктері де кісілікке, ізгі­лік­ке, жан-жақты ізденіске орныққан бай­тақ дүние екен. Сонау қиын жыл­дарда, әкесінен ерте жетім қа­лып, қиындықты көп көрсе де, Мырзатай аға жанына молынан рухани азық, мейірім, жарық сәуле жинапты.

Сол се­бепті де Мырзатай ағаның Ар­насы – Асыл, Тағылымы – Тәу­елсіз, Кітабы – Кісілік, Дәу­рені – Шіркін, құрмет тұ­тып, үлгі алғандары – Асыл­да­ры, Күндері – Күнделік, ал өзі – Мың жылдық жолау­шы екен. Дағыстанның мен жақ­сы көретін ақыны Расул Ғам­за­товтың «Менің Дағыс­та­ным» де­ген кітабында «Ақын дү­ние­ден жүз жыл бұрын туады. Оның себебі: егер ақын өмір жа­ра­туға қатыспаған болса, он­да өмірдің өзі де мұншалық қы­з­ық болмас еді...» деген сөзі бар еді. Мен соны Мырзатай аға үшін он еселегім келіп отыр, расында да, Мырзатай аға­­ның түркі жұртының рухани әле­мін жасауы мың жылдыққа, тіп­ті одан әріге кетеді.

«Түнде ұй­ық­тамадым, күндіз отырмадым, қызыл қанымды ағыздым, қара терімді төктім» деген Күл­тегін болмысы да, «ақыл ие­сі, сөз киесі болған Тоныкөк ғұ­ла­маның болмысы да Мыр­за­тай аға рухына жақын. Ұлы Мұхтар Әуезовке шәкірт бо­лып, ғалым Бейсембай Кенже­ба­евты ғылыми жетекші еткен Мырзатай ағаның «Көне тү­рік әдеби ескерткіштері жә­не олардың қазақ әдебиетіне қа­ты­сы» деген тақырыпта диссер­тация қорғауы – дәл сол за­ман­да ерлік еді. Онымен қоса, Орхон жазуын бүгінгі тілімізге аударып беруі – ғасырлардың арасын өрмекпен өріп кес­телегендей, қазақтың салт-дәс­түріндегі, танымындағы, тір­шілігіндегі, батырлықтағы, поэ­­зиясындағы үндестіктің бір еке­ндігін, бірегейлігін көр­сет­кен ерен еңбек еді.

Міне, Мырзатай аға ғы­лым­­­­ның кенін қазуды көне дәу­ір­ден бастап, бүгінге дейін жет­­­кізіп отыр. Бар саналы ғұ­мы­­рын ұлттық мүддеге арнап, ел ішінің ашуына басу ай­тып, ақы­лына ақыл қосып, ағай­ын­ның татулығын, бірлігін ойлап, әдеп­тен озғандарға ащы сын ай­тып, санасы қалғығандарды оя­тып, қазақ деген қасиетті ұлт­тың рухани алтын сарайын азамат болып, халқының адал сүт емген арда ұлы болып бас­қа­рып келеді. 

Тілім деп жүрегі тілім­дел­ген, намысым деп жұдырығын түй­ген, ел қайғысына еңсесі түс­кен, ерлігіне тебіренген, мем­лекет тірлігіне салғырт қа­рау­ды сатқындық деп біл­ген ұстазым Мырзатай ағаны мен та­нимын. Ол кісінің әң­гі­ме­ле­рін жақын достарымен бірге оты­рып сағаттап тыңдадым да. Ағаның шапағатымен 2015 жыл­дың 27 ақпанынан 20 нау­рызына дейін Қазақстан Рес­пуб­­ликасы Президенттігіне үміт­­­керлердің мемлекеттік тіл­­ге жетіктігін анықтайтын лин­­г­вистикалық комиссияның мү­шесі болдым.

Мен осы бір ай­ға жуық уақытта, Мырзатай Жол­­дасбеков атты универси­тет­­ке барып, баға жетпес бі­лім алдым. «Ғажап, ғажап» де­й­мін. Мырзатай ағаның әң­гімелерінен қаншама ел аза­мат­тарын таныдым де­се­ңіз­ші. Елбасымыз Нұр­сұл­тан На­­зарбаевтың біз біле бер­мей­­тін ерен еңбегін, ой­ға кемел, сөзге шешен, әлем­дік тұл­­­ға, көшбасшылық қа­си­ет­­­­­терін қасында бірге жү­ріп, Күл­­тегіндей: ақыл-па­ра­­са­ты­мен бастыны бағын­ды­рып, ті­зе­ліні бүктірген еңбек­те­­рін Мырзатай ағаның аузы­нан ес­ті­генде іштей тәубе етіп, кеу­дем­ді мақтаныш сезім кер­не­ді. 

Сол кездегі мен үшін ба­қыт күні болған күн – 2015 жыл­­­дың 11наурызы еді. Ел­ба­сы Қазақстан Консти­ту­­ция­­сына сәй­кес ел През­и­дент­­­т­і­гіне қай­та сайлану үшін мем­ле­кет­тік тілден емтихан тап­сы­ру­ға кел­ді. Мырзатай аға лин­­гви­с­тика комиссиясының мү­ше­ле­рін таныстырып: ­«би­ыл­ біз­дің құрамда жаңа адам бар. Бұл кі­сі Назарбаев Уни­вер­си­те­т­тің профессоры» дей берген­де, Елбасы: «Мен бұл кісіні өте жақ­сы танимын.

Қазақ тілін мен бұрын аристократтық тіл деп ойламаған едім. Мен қазақ тілінің аристократтық тіл екенін осы кісіден және осы кі­сінің шәкірттерінен көрдім. Мен осы кісіге шәкірт болғым ке­леді, аристократтық қазақ ті­лінен сабақ алғым келеді» деп, қарапайым мұғалімдік дә­режемді аспанға бір-ақ шы­ғар­ды. Менің «Бақыт күнім» ғұ­мырлық тарихыма осылай ен­ген еді. Жақсыдан шарапат деп тегін айтылмаса керек.

Ал ендігі жерде Мырзатай аға­ның кісіліктің кемеңгері екен­дігіне тағы бір көзім жет­кен тұс – мынау еді. Коми­с­сия жұмысын аяқтаған кү­ні­міз болатын. Мырзатай аға қа­сы­мыз­да­ғы комиссия мү­ше­ле­рінің кө­зін­ше: «Гүл­тас, айналайын, бір кішкене аялдашы. Мен сендердің проректорларың Қадишаға бір хат жазып, сенен беріп жіберейін», деді. Хаттың маз­мұнында Назарбаев Уни­вер­ситеттің вице-пре­зиденті Қадиша Даироваға маған рұқ­сат бергені үшін рақмет айтып жә­не Елбасының маған берген бағасын толығымен жазыпты. Хатты жазып болған соң, бә­рі­мізге дауыстап оқып берді. «Бұл – адамдық жомарттық, пе­ріште ісі» деп ойладым. 

Мен, жалпы, ұстазымды 1976 жылдан бері білемін. Мен сол жылы С.М.Киров атын­­д­ағы Қазақ мемлекеттік уни­в­ерситетінің, филология фа­­­культетіне оқуға түстім. Мыр­затай аға біздің деканымыз болатын. Студенттерге қам­­қорлығы ерекше еді. Біз­дің тобымызда жағдайы тө­мен, ата-аналары жоқ 4-5 қыз-жігіт оқыды. Солар Мыр­за­тай ағаны туған әкелеріндей кө­ре­тін, «конкурс кезінде біз­дің жағдайымызды тың­дап, ескеріп, оқуға осы кісі қа­­был­даған», деп айтып оты­ра­тын.

Мырзатай аға ақын-жа­зу­­шылармен, өнер қай­рат­­ке­­р­­лерімен кездесулер өт­кі­зетін. Сонда біздер Ол­жас Сү­­лейменовпен, Сә­бит Ораз­ба­евпен, Шәміл Әбіл­та­ев­пен кез­дестік. Қазақ «ата көр­ген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» дейді ғой, сол ай­т­қандай, «ұстаз көрген – ­шә­­кі­рт­ке жол көрсетер» деп, Мыр­­за­т­ай аға үшін де бір да­на­лық сөз қосқым келеді. Оған бір қы­зық мысалым бар. Кеңес за­ма­нындағы КазГУ-дің беделі, он­дағы деканның орны қандай ек­е­нін сіздер білесіздер.

Бір кү­ні сабақта отырғанымда, де­­­канның хатшысы келіп: «Құрманбаева Гүлтас, сені де­кан шақырып жатыр», деді. Жү­регім тас төбеме шықты. «Не боп қалды? Елден суық ха­­бар келді ме?» деп, аяғымды ба­су­ға қорқып, деканның есі­гін аш­тым. Өз көзіме өзім сен­бей­мін. Декан Мырзатай аға­ның орнында менің ауылдан кел­­ген әкем отыр. Мырзатай аға бөлмеде мүлдем жоқ. Жан-жағыма қарап алдым да: «Тә­те (әкемді тәте деймін), мұн­да неге отырсың?» дедім.

Әкем күледі: «Осы орынды ма­ған берді», деп. «Тұр, ұят бо­ла­ды, тез» деп жатқанымда, Мыр­за­тай аға киім ілетін үлкен шкафт­ан шығып, мәз болып кү­ліп жатыр. Әкем де мәз. 5 ми­нуттық декандық лауазым ұнап қалғандай. Бұл қызық идеяның авторы – Мырзатай аға екен. Әкеме айтыпты: «Қызық бол­сын, сіз менің орны­ма оты­ры­ңыз, мен шкафтың ішінде ты­ғылып тұрайын. Қызыңыз сіз­ді көргенде не істер екен, кө­рейік», депті. Әкем декан айт­қан соң, ұят та болса, амалсыз орындадым дейді. 

Әкем ұстазыма рақмет айтып, қол алысып қоштасты. Біз шығып кеттік. Осы бір қы­­зық оқиға қарапайым ауыл­дан кел­ген қойшы әкем үшін де, 1-курс­тың студенті мен үшін де естен шық­пас ес­телік болып қалды. Мыр­за­тай аға 1977 жылы Талд­ы­қорған қаласындағы пе­ди­н­ститутқа ректор болып кет­ті. Сонда барлық фил­фак­тың, журфактың балалары: «Мыр­за­тай аға өзімен бірге көзге кө­рін­бейтін киені, қасиетті алып кет­кендей болды. Енді ондай де­канның болуы екіталай», деп ай­тып жүрді. Шындығында да солай болды, одан кейін, сту­де­нт­тік кездерде біздерді руха­ни жетелейтін жетекшіміз бол­ған жоқ. 

...Менің ұстазым, халық­тың ру­хани жетекшісі Мыр­за­тай аға неге осындай жан деген сауалға жау­ап іздедім. Аға­ның тегінде жат­қан код па дедім. Әлде ұстаз­да­ры­нан жұққан ұлағат па дедім. Әл­де атқарған қызметі, жүр­ген ортасының әсері ме де­дім. Бә­рі де дұрыс жауап. Бі­рақ то­лықтыратын бірдеңе жет­пей­­ді. Баяғы ертегідегі Мұң­лық пен Зарлықтың шешесі Қан­­шайымның сиқырлы қал­тасы сияқты. Патша барлық қа­зынасын салса да, толтыра ал­маған.

Ақылды Жалмауыз ке­м­пірден сұрағанда, ол бір уыс топырақ салғанда, бай­­лық асып-тасып сыртына төгіліпті демеуші ме еді. Абай­­дың «Ескендірінде» де со­­лай ғой. Сол сияқты Мыр­за­­тай ағаның да бүкіл болмы­сын толықтыратын бір құ­ді­ретті дүние бар сияқты бо­лып көрінеді. Ол не? Ол, ме­нің­ше, Сағыныш деп ойлаймын. Ағаның кеудесі тұнып тұрған сағыныш. Сағыныш ағаның күйлерінде, әндерінде, ма­қа­лаларында, естеліктерінде тіп­ті, күнделіктерінде де жүр. Күн­делікті де сағыныш жазды­рады, аға асылдарын, күн­де­рі­нің куәсі болған өмір-са­ғы­ны­ш­тарын жоғалтып алғысы кел­мейтіндей.

Бұл жерде тағы да Р.Ғамзатовтың сөзі ойға орала­ды: «... әңгімеге араласқан по­эзия – тамаққа салынған тұз секілді, дәмін келтіреді» де­ген. Мырзатай ағаның поэ­зиясы, өмірінің коды, ол – са­ғынышы. Сондықтан да Мырзатай ағамен әңгімелескен адам жалықпайды, кітабын оқыған адам бас алмайды, күйі мен жырын, әнін тыңдаған адам сағыныштың, сезімнің тазалығынан тап-таза болып жуынғандай болады. 
Бір жолы Мырзатай аға ком­позитор, жазушы Ілья Жақанов ағаның «Дүние шір­кін» кітабын маған берді. Оқып шық­тым, қатты әсерлендім. Түн ортасы ауғанша басымды ала алмай оқып тауыстым.

Ілья Жақанов өзінің досы Мырзатай Жолдасбеков туралы керемет әсерлі жазған екен. Қуанышым қойныма сыймай Мырзатай ағаның телефонына мына төмендегі сөзімді жазып жібердім:

«Ағатайым, сәлеметсіз бе? Ілья ағаның кітабын бергеніңіз үшін мың алғыс. Ғажап. Қандай әдемі тіл! Қандай ой өрім, қан­дай тазалық! Екі тұлғаның үн­д­есуі – адам қарым-қаты­н­а­сының ғажап үлгісі. Сіз­дің «Күндерімнің куәсі» күн­де­лі­гіңізден келтіргені де өте жақ­сы. Аға, кітапты жылап отырып оқы­дым. Қасиетті Қаратауыма мі­нәжат еттім. Аллаға рақмет айт­тым. Сіздей асыл затты аға бергені үшін. Аға, сізге телефон шалып сөйлеспегенім үшін кешірім сұраймын. Кітап­тың әсерінен, сөйлей алмайтын едім, осы хабарламаны Сіз­ге жазып отырғанда да жылап отырмын... Асыл анаңыз, Ің­кә­шай жеңгеңіз... Бәрі ғажап. «Тотықұс» шығармаңыз – клас­сика. Кеудеме қоңыр әлем орнап, тылсым сырларды бауы­рына басып жатқан Қа­­ра­тауымды сағынып, сүйіп отыр­мын. Ер­тең-ақ барша жұ­рт бізге: «Сен­дер қандай ба­қыт­ты­сыңдар! Сен­дердің Мыр­за­тай­ларың бар!» дейтін болады әлі. 

Асыл ағатайым, Алладан Сіз­ге денсаулық, амандық, кө­ңіл тыныштығын тілеймін. Ілья ағама үлкен рахмет. Ға­жап адам, ғажап композитор, ғажап жазушы!»

Гүлтас қарындасыңыз. 2 тамыз, 2016 жыл.»

Бүгінде Мырзатай ағаға ар­налған ән де, күй де, эссе де бар. Ел ағасына деген хал­қы­ның ықылас-пейілі де шек­сіз. Да­на абызы бар еліміз ба­қыт­ты. Ел бақыты, мәңгілігі баянды болсын. 

Гүлтас Сайынқызы, 
Назарбаев Университеттің профессоры, «Мәдени бағдарламалар орталығының» директоры