Бокс • 10 Мамыр, 2017

Азия күштілерді анықтады

196 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ташкентте сегіз күнге созылған ХХIХ Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. 28 елден 178 боксшы қатысқан аталмыш додада Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 4 қола медальды иемденіп, бейресми командалық есепте екінші орын алды. Ал 9 алтын медаль еншілеген өзбек боксшылары өзгелерден оқ бойы озып, көш бастады.

Азия күштілерді анықтады

Сары құрлық жарысының басты ерекшелігі деп биыл тамыздың 23-і мен қыркүйектің 4-і аралығында Германияда өтетін әлем чемпионатына жолдама үлестірілгенін айтуға болады. Енді АИБА-ның жаңа ережесіне сәйкес жаһандық жарысқа Азия аймағына 10 салмақ бойынша тек 60 жолдама ғана тиесілі. Яғни, әр салмаққа 6 жолдама. 
Сәл шегініс жасасақ. Азия чемпионаты үшінші мәрте Өз­бекстанда өткізіліп отыр. Бірін­шісі – 1995 жыл. Ол кезде КСРО бокс мектебінің тәлімін көрген соңғы буын – Болат Жұмаділов, Бектас Әбубәкіров, Бақтияр Ті­легенов, Болат Ниязымбетов, Ер­махан Ыбрайымов және Ва­силий Жиров бастаған боксшыларымыз өзбек жерінде алты рет қазақтың Әнұранын көкке шырқатып, жалпы командалық есепте бірінші орынға нық жай­ғасқан еді. Алайда, 1999 жылы ХХ Азия чемпионатында өзбек боксшылары 7 бірдей алтынмен есе қайтарды. Әйткенмен, соңғы екі құрлық біріншілігінде (2013, 2015 жылдары) біздің жігіттер барлығы 12 алтын алып, көшбасшы кім екенін анық аңғартты. 
Азия чемпионатын 6 рет ұйым­дастырған Бангкок шаһары ешкімге тіз­гінді ұстатар емес. Керісінше, осы күнге дейін Қазақ елі сары құрлық турнирін бірде-бір рет өз жерінде өткізбепті.
Бірінші күннен-ақ жарыс кө­рігін қыздырған Ташкенттегі сайыс сәуірдің 30-нда басталып, мамырдың 7-інде аяқталды. Фи­налға алқынбай жеткендер қата­рында қазақстандық 4 боксшы бар. Бұл жерде финалдағы барлық 10 жекпе-жекті тізбелемей-ақ, тек жерлестеріміз жұды­рықтасқан 4 салмаққа тоқталсақ.
Бұл жарыста 69 килода сынға түскен Абылайхан Жүсіповтің шоқтығы бәрінен де биік тұр еді. Жартылай финалда төрешілердің шешімімен моңғол боксшысы Бям­ба Тувшинбатты жеңген Абы­лайханның финалдағы қарсыласы қазақ жанкүйерлеріне жақсы таныс Шахрам Гиясов болды. Ш.Гиясов 2016 жылы Рио олимпиадасының финалында Данияр Елеусіновке есесі кеткен боксшы. Қос шебердің жекпе-жегі жанкүйерлердің айызын қандырды. Финалдық айқасты жап-жақсы бастаған жерлесіміз көп уақыт өтпей нокдаунға түсіп қалды. Бірақ қалған уақытта ринг иесімен тең дәрежеде айқасқан Абылайхан Жүсіпов кездесуді өз пайдасына шеше алмады. Нәтижесінде, барлық төреші өзбек боксшысын жеңімпаз деп таныды. 

Былтыр Павлодарда өт­кен ел чемпионатында 75 кило­да финалға дейін жеткен Ерік Әлжанов салмағын ауыстырып, Азия чемпионатында 81 ки­лода сынға түсті. Ерік жартылай финалда Түрікменстан боксшысы Нурягды Нурядиевті мерзімінен бұрын жеңіп, финалға жолдама алған. Алайда, оның финалдағы қарсыласы Рио олим­пиадасының күміс жүлдегері өзбек Бектемір Меликузиев еді. Азулы қарсыласқа тап болғанына қарамастан, Әлжанов пен Мели­кузиев арасындағы кездесу тең дәрежеде алма-кезек шабуылдармен басталды. Әлжанов алғашқы раундта ширақ қимылдап, бір­неше соққысын дарыта алды. Нәтижесінде, бес төрешінің үшеуі қазақ боксшысын бірінші раундта жеңді деп шешім қабылдапты. Алайда, қалған екі кезеңде Әл­жанов шаршап қалғандай көрін­ді. Осы сәтті өзбек боксшысы ұтым­ды пайдалана алды. Қорытындысында, Б.Меликузиев жеңіске жетіп, Азия чемпионы атанды.
«Жекпе-жек қиын болды, шаршадым. Жаңа салмақта тәжірибем аз екені байқалды. Алда әлем чемпионаты, соған дайындықты бастау керек»,  дей­ді Азияның күміс жүлдегері. 
Ал 91 килода өнер көрсеткен Василий Левит 3 дүркін Азия чемпионы атанған әзірге жалғыз боксшымыз. «Астана Арланс» сапында үнемі жеңіске жетіп жүр­ген елордалық жігітке жартылай финалда Сирия елінің боксшысы Алаа Елдин Госсяун қарсы тұрды. Көпшілік күткендей Вася қарсыласын бірінші раундта-ақ «жарамсыз» етіп тастады. Ал ақтық сында үндістандық Су­мит Сангванпен кездескен жер­лесіміз төрешілердің бірыңғай шешімімен жеңіске жетті. 
91 килодан жоғары салмақта бақ сынаған Қамшыбек Қоңқабаев жартылай финалда Иордания өкілі Хуссейн Яшайшпен жұды­­рықтасқанда, тез шаршап қалғаны көрініп-ақ тұрды. Алайда, Қамшыбек финалға сергек қалыпта шығыпты. Өзбек боксшысы Баходир Джалоловпен арадағы жекпе-жек алма-кезек шабуылмен өтті. Қарсыласының бойшаңдығына қарамастан Қам­шыбектің сол қолмен бағытталған соққысы көздеген жеріне дөп тиіп жатты. Үш раунд бойы алма-кезек шабуылмен өткен кездесуде сәл ғана басымдықпен өзбек боксшысы жеңіске жетті.
Сонымен, 1 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль алған бокс­шылардың барлығы тамыздың 23-і мен қыркүйектің 4-і ара­лығында Гамбург қаласында өтетін әлем чемпионатына жол­дама алды. Ширек финалда жеңіліс тапқан Әділет Құрметов (60 кг) қосымша жолдама үшін айқаста индонезиялық Корнелиус Лангуден басым түсіп, ол да Германияға ба­руға мүмкіндік алды. Яғни, 9 бокс­­шымыз жаһан жарысына қатысады. 49 килода сынға түскен Ержан Жомарт сенімді ақтай алмады.
Ташкентте қос елдің боксшылары бір-бірімен 8 рет кездесіп, тек біреуінде ғана біздің жігіттер жеңіске жетті. Әйткенмен, тө­решілердің қиыс бұра тартқан жекпе-жектері де орын алғанын өзге елдің бап­керлері де негізгі шешіммен келіспейтінін айтып жатты. Бұл өзбек боксының мықтылығын жоққа шығару емес, бірақ біздің жігіттердің де осал емес екенін айту еді. Ташкентте кеткен есені Мырзағали Айтжанов шәкірттері әлем біріншілігінде еңсені тіктетіп қайтарар деген сенім мол.

Алмас МАНАП,
«Егемен Қазақстан» –
Ташкенттен

Суретті түсірген
Данияр МАЙЛЫБАЕВ