Қазақстан • 10 Мамыр, 2017

«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Қостанай-Торғай өңіріне келді

875 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Белгілі саяхатшы, меценат, өнер жанашыры Сапар Ысқақов ұйымдастырған  «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы 4 мамыр күні Астанадан шыққан болатын.

«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Қостанай-Торғай өңіріне келді

«Экспедицияның басты мақсаты – жоғымызды түгендеу, халқымыз тарихы тамырының тереңде екенін паш ету. Біздің бабаларымыз мінген тұлпарлар тұяғының ізі Үндістан, Еуропа, Египет, мына жағы Жапонияға дейін барады.  Ғұндар Еуропаны тітіреткен, Египетте Қыпшақтан 25 сұлтан болған. Олар тек өз тілінде сөйлеген. Қыпшақ тілі кең жайылған болатын. Мұндай мысалдар іздей берсең көптеп табылады. Сосын ұлы дала мәдениетін тек өзіміз ғана емес, өзгелер де білуі тиіс. Ұлттық құндылықтарымызды өзгеге  танытамыз», дейді экспедиция жетекшісі Сапар Ысқақов.

Экспедиция құрамында география ғылымдарының докторы Орденбек Мазбаев, тарих ғылымдарының докторы Жақсылық Сәбитов және Хабар-24 телеарнасының түсіру тобы да бар. 70 күн ішінде олар Қазақстанның бірнеше қалаларын, Ресейді басып өтіп, Еуропаға барады. Онда Венеция, Венгрия, Германия, Италия  және басқа елдерде болып, сапарды Парижде аяқтайды.

«Экспедицияны халқымыз тарихына байланысты барлық мәліметтер қызықтырады. Тарихта бізге беймәлім тұстар жеткілікті. Біз архивтерде, музейлерде боламыз, әр елдің жергілікті тұрғындарымен сөйлесеміз, олардың ДНК-сын алып, сараптама жасаймыз. Барлығы да ғылыми тұрғыда орындалады. Сонымен қатар, сапарда туризм мәселесі де назардан тыс қалмайды. Сапар қорытындылары бойынша деректі фильмдер жасалады, ғылыми есеп беріледі», деді Орденбек Мазбаев.

Экспедиция алғашқы олжаға Торғай жерінде кезікті деп айтуға болады. Амангелді ауданына келгенде экспедиция тобы Кейкі батыр кесенесінің іргетасын қалау жұмысының үстінен түсті. Амангелді аудандық музейіндегі құнды жәдігерлермен танысты. Археолог Ақан Оңғарұлының  осы аудандағы Қараоба деген жердегі қазба жұмысынан тапқан  ежелгі бас сүйекті қалпына келтіріп, аудандық музейге табыстауына куә болды. Бұл бас сүйектің ғылыми сипаттамасын берген новосібірлік  ғалымдар оны екінші мыңжылдықта өмір сүрген сарматтық деген тұжырым жасапты.  

Мұнан кейін экспедиция Торғай өңіріндегі Бидайық, Қызбел  елді мекендеріне келді. Айтпақшы, осында Венгрияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Андраш Балани өз өтінішімен еріп келген болатын. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бері Торғай мадиярлары мен венгр мадиярларының туыстығы зерттеліп келген болатын. Оны соңғы жылдары антрополог Андраш Бюре гендік тұрғыда жалғастырды. Экспедиция мүшелері Бидайық ауылындағы алаш арысы Міржақып Дулатовтың кесенесіне соғып, құран бағыштады, оның музейін аралады.

Ертеңіне Ахмет Байтұрсыновтың кіндік қаны тамған Ақкөлде болып, ол туған үйді көрді. Сол маңдағы Тілептің кесенесіне барып, қобызшы рухына тағзым етті. Торғай кентіндегі музейлер кешенін аралады. Аудан жұртшылығымен кездесулер өткізді. Онда руханият, туризмді дамыту мәселелері сөз болды.

Бүгін Қостанай қаласына жеткен олар Ыбырай Алтынсариннің кесенесіне барып, ұлы ағартушының рухына бас иді, оның мемориалдық музейі және облыстық тарихи-өлкетану музейін аралады, студент-жастармен кездесті. Ертең экспедиция Ақтөбеге қарай жолға шығады.

Нәзира Жәрімбетова
«Егемен Қазақстан»