Бокс • 10 Мамыр, 2017

Оскар Де Ла Хойя: Мэйуезерден ұтылғалы бері «Канело» көп нәрсені үйренді

196 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

WBA (Super), WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкиннің (37-0, 33 КО) бапкері Абель Санчес UCNlive.com басылымына берген сұхбатында шәкірті мен мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альварес жекпе-жегі жайлы ой бөлісті. Сонымен қатар, мексикалық боксшының промоутері айқастың өтер орындары жайлы да айтып өтті.

Оскар Де Ла Хойя: Мэйуезерден ұтылғалы бері «Канело» көп нәрсені үйренді

«Канелоға» қарсы жекпе-жекте ол Геннадий Головкин болып қалуы керек. Джейкобсқа қарсы кездесуде ол бірнәрсені дұрыс істемеді деп айта алмаймын. Мен қайта Дэниелді керемет қарсылас бола білді деп айтар едім. Сондықтан бұл жолы GGG өз өзімен болып «Канелоны» соққыға жығуы тиіс. Осының арқасында бокс та жаңа бір кезеңге көтеріледі деген ойдамын», деді Абель Санчес.

Сауль «Канело» Альварестің промоутері Оскар Де Ла Хойяның айтуынша, мексикалық боксшы кіші Флойд Мэйуезерден жеңілгеннен кейін тәжрибесі толысқан үздік боксшылардың бірі болды.

«Жанкүйерлер үлкен бокс кешіне куә болары анық. Мұндай айқастың өтпегеніне көп болды. Шаршы алаңда ешқашан жеңіліп көрмеген Геннадий Головкин мен кіші Флойд Мэйуезерге ғана есе жіберген нокаутшы Сауль Альварес кездеседі. Кіші Флойдтан ұтылғаннан кейін «Канело» көп нәрсені үйренді. Рингке шыққан сайын тәжірибесі молая түсті. Мұндай кездесу күнде өте бермейді», деп жариялады Boxingscene.com.

Оскар Де Ла Хойя сондай-ақ, қос боксшының жекпе-жегі өткізу үшін Біріккен Араб Әмірлігінен ұсыныс түскенін де атап өтті.

«Маған бокс кешін ұйымдастыру үшін Дубайдан, артынша Ұлыбританиядан хабарласқандар болды. Бұл айқас бүкіл әлемге қызық болып отыр. Істің анық-қанығы келіссөздер басталғаннан кейін, яғни алдағы апталарда белгілі болады», деп хабарлады ESPN басылымы.

Қазіргі уақытта Головкин-Альварес кешін ұйымдастыру үшін негізінен үш арена қарастырылып отыр. Олар Лас Вегастағы T-Mobile (Жақында ғана кіші Хулио Сезар Чавес пен Сауль Альварес кездесуі өткен орын) кешені, Нью-Йорктегі Madison Square Garden (Головкин-Джейкобс кездесуі өткен орын) аренасы және Далластағы AT&T Stadium стадионы.

Сонымен қатар, осы кешті ұйымдастыруға Лас-Вегастағы MGM Grand және Лос-Анджелестегі Staples Center ареналары да қызығушылық танытып отыр. Жекпе-жек АҚШ-тан өзге елдерде де өтуі мүмкін. Олар: Лондондағы «Уэмбли» және Мехикодағы «Ацтека» стадиондары.

Ал «Канелоның» командасы Лас-Вегастағы «T-Mobile» аренасында өткізуге ниет білдіріп отыр. Осы мақсатта олар Невада штатының Атлетикалық комиссиясына сұраныс жіберді.

Естеріңізге сала кетейік, бокс кеші 16 қыркүйекке жоспарланып отыр. Бұл айқасқа Геннадий Головкин WBC, WBA (Super), IBF және IBO белбеулерін, ал Сауль Альварес The Ring журналының белбеуін сарапқа салмақ. Айта кетерлігі, мексикалық боксшы Дүниежүзілік бокс кеңесімен (WBC) болған жанжалдан кейін осы ұйымның титулынан бас тартып отыр.

Дайындаған: Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»