Дүбірлі доданы үш мыңнан астам көрермен тамашалады. Ат бәйгесінен бөлек ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп, жүзден астам қатысушы бақтарын сынады. Арнайы жасақталған этно ауылда ұлттық құндылықтар насихатталды.
«Жеңістің 72 жылдығына арналған шараны ұйымдастыруға аудан тұрғындары белсенділік танытты, жергілікті кәсіпкерлер қолдау көрсетті», дейді аудан әкімі Әлимұхаммед Құттымұратұлы.
Аламан бәйгенің бас жүлдесі – «УАЗ Патриот» автокөлігі. Оны Ақтаудан келген Бақдәулет Меңдібаев жеңіп алды. Сегізінші сыныпта оқитын Бақдәулет ат жарысқа 11 жасынан бері қатысып келеді.
«Бұл тұлпарым Дауыл екеуміз алған алтыншы көлік», дейді ол. Бәйгенің екінші, үшінші орындарын иеленген шабандоздар да жүлдесіз қалмады. Оларға 700, 400 мың теңге көлемінде сыйақы берілді. Ал көкпардан өткен жарыста Махамбет ауданының командасы топ жарып, 400 мың теңгеге ие болды.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»