Бұл аға буын үшін жылы естеліктер жанын жадыратқан жүздесу болса, жас буынға өткеннің өнегесіндей тағылымы мол кездесуге айналып сала берді.

Басылым басшысы Дархан Қыдырәлі газеттің қос ардагерін ұжым атынан құттықтап, олардың қазақ баспасөзін дамытуға қосқан үлесі зор екенін, атқарған еңбектері оқырман тарапынан да, мемлекет тарапынан да бағаланғанын атап өтті. Қайсар Әлімнің Алаш арыстарының аты аталмай тұрған кезеңінде асылдың сынығы Гүлнәр Дулатовамен бірге қазақ көсемсөзінің негізін салушылардың бірегейі Міржақыптың мәйітін туған жерге алып келуге атсалысқанын, журналист-жазушы Әзілхан Нұршайықовпен ұзақ жылдар бойы хат жазысқанын, сол сияқты Жанат Елшібектің де жазған әдеби-мәдени шығармалары мен ұлт баспасөзінде тұңғыш рет құрастырған сөзжұмбақтарымен бүгінгі буын мектептен етене таныс екенін жеткізді. Ал газеттің бұрынғы басшысы, Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов абитуриент кезде сөз зергері Ғабеңді көргенін еске алып, көп ұзамай 70 жасқа толған қазақ әдебиетінің классигі Ғ.Мүсіреповтің мерейтойы Алматыдағы опера және балет театрында салтанатпен аталып өткенін, сол кездегі Ғабеңдер толған жас пен қазіргі жаңа тұрпатты Қазақстандағы 70 жастың арасындағы өлшем өзгергенін, бүгінде бұл орта жасқа айналғанын, сондықтан қос қаламгердің әлі де оқырманына берері мол екенін айтты.

Баспасөз ардагері Ержұман Смайыл екі қаламгермен де «Лениншіл жас» газеті табыстырғанын, Қ.Әлімнің Қостанайдағы меншікті тілші ретінде қалың оқырман ілтипатына бөленгенін, Ж.Елшібектің жастайынан жастар газетінің жаңашыл макетшісі болғанын атап өтті. Аға басылымдағы жылдардың да алыстап бара жатқанын, әріптестерін әлі күнге дейін сағынып отыратынын айтты. Газеттің тағы бір ардагері Жұмагүл Солтиева болса, қос қаламгермен ұзақ жыл бірге еңбек еткенін, екі әріптесінің де елге сіңірген еңбегі ерен екенін жеткізді. «Лениншіл жас» газетінде жүргенімізде бас редакторымыз Сейдахмет Бердіқұлов Қостанай өңірінен толассыз жазып жататын Қайсарды «біздің мық шегеміз» деп атаса, Жанатты «генерал», яғни, «қазақ макетінің генералы» деп атайтын еді, деді ол. Басқосуда сонымен бірге газет қызметкері Қорғанбек Аманжол әріптестеріне арналған жыр жолдарын оқып берсе, жас тілші әрі айтыскер ақын Рауан Қайдар арнау айтып, бір серпілтіп тастады.

Өз кезегінде мерейтой иелері зор құрмет көрсеткен төл редакцияларының ұжымына ризашылықтарын білдіріп, марқайған көңілмен ғұмырларының алтын арқауына айналған газеттегі жылдары туралы әңгіме өрбітті.

– Сол кезде Торғай облысы қайтадан ашылды да, осы өңірдегі меншікті тілші ретінде 43 жасымда «Егеменге» келдім. Шерағаң жұмысқа алар кезде бетіме қарап отырып «Кәрі емес пе?» дегені есімде. Бұйрыққа қол қойып жатып, елге барған соң не жазатынымды сұрады. Тамыз айы еді. Егін орағы қызу жүріп жатыр. Соны айтып едім, орақ маусымын екінің бірі жазатынын, ал менің облыс жабылғанда Жезқазғанға көшірілген қазақ театры туралы жазуым керектігін ескертті. Елге келген соң облыс басшысы Укинге айтып едім, ол орақты неге жазбайсың, қазір күйіп тұрған шаруа осы, деді. Мен мұның Шерағаңның тапсырмасы екенін айтып едім, облыс басшысы үндемей отырып қалды, дейді жылы естеліктерімен бөліскен Қ.Әлім. Ал «Социалистік Қазақстанға» 27 жасында келген Ж.Елшібек газетті басуға күнделікті қанша тонна қағаз жұмсалатынын және газет басылатын баспахананың «Дәуір» аталуы Шерағаңның тікелей ықпалымен болғанын атап өтіп, бүгінде заманауи технологияның жетістігімен оқырмандар саны интернетте де артып отырғанына, газеттің барлық беті түрлі-түсті бояумен жарқырап шығып жатқанына, басылымның уақыт талабымен үйлесімді үндескеніне айрықша қуанатынын айтты.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»