Қазақстан • 10 Мамыр, 2017

«АтырауАгроӨнімдері» шаруа қожалығы лимон өсіруді қолға алды

485 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«АтырауАгроӨнімдері» шаруа қожалығы лимон өсіруді қолға алды

Топырағы тұзды әрі құнарсыз мұнайлы өңірде жеміс-жидек пен көкөніс өсіру оңай емес. Алайда, Владимир Розметов үшін қиын жұмыс жоқ. Ол үлкен алма бағым болса деп армандаған, қазір алманың 30-дан астам түрін өсіреді. «АтырауАгроӨнімдері» шаруа қожалығын құрып, көпбейінді кешен салды.

Махамбет ауданында орналасқан қожалықта жеміс бағы, көкөніс бақшасы, асыл тұқымды мал шаруашылығы бар. Шошқа, тауық пен балықтың да сан  түрін осыннан табасыз. Еділбай тұқымды қой мен сербтік ешкілердің өсірілгеніне біраз уақыт болды. «Сарайшық» асыл тұқымды ешкі шаруашылығы 14 түрлі сүт өнімдерін шығарады. Еуропалық құрал-жабдықтарды пайдаланатын еліміздегі бірегей жоба өз жемісін беріп келеді.

Іздену мен еңбектенуден талмайтын шаруашылық басшысы енді лимон өсіруді қолға алыпты. Негізінен субтропикалық аймақта өсетін, суыққа төзімсіз өсімдікті Атырау топырағына жерсіндіруге біраз күш керек. Бірақ тығырақтан шығатын жол да бар. Ташкенттегі лимонариядан екі мың лимон ағашын сатып алған кәсіпкер Махамбет ауылындағы жеріне екті.

«Лимонның «Мир» деп аталатын сұрпын өсіруге жергілікті климаттық ерекшелік пен топырақ құрамы қолайлы. Қазір Ташкенттен келген екі ғалым көшеттерді бақылауға алды. Олар алғашқы өнім алғанға дейін қандай шаралар атқару керек екенін түсіндіреді. Биыл тек өсіріледі, алдағы күзде жылыжай жасаймыз. Келер жылдың көктемінде әр ағаш 15 келіге дейін жеміс береді деген жоспар бар», дейді Владимир Розметов.

Ал төрт жылдан кейін әр ағаштан 150 келіге дейін лимон алуға болады екен. Бұл жобаны қолға алғанша кәсіпкер жергілікті нарықты зерттеген. Қазір Атыраудағы сауда орындарында бір лимонның бағасы 200 теңгеге дейін жетеді. «Ал «АтырауАгроӨнімдерінің» лимоны бұдан екі есе арзан болады», дейді кәсіпкер.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»