Қазақстан • 10 Мамыр, 2017

Тектілік. Қазақтың екі министрі жайлы бір үзік сыр

627 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан» газетінен Қали Сәрсенбайдың «Қаламгердің көңілі неге босады?» атты мақаласын оқыған соң ата-баба жолын ұстап, асылдың сынығындай, тұлпардың тұяғындай болған азаматтар еске түсті.

Тектілік. Қазақтың екі министрі жайлы бір үзік сыр

Жалпы, Қазақ елінде ұлттық мәдени мұралардың Кеңес үкі­метінің қаһарынан қан тамып тұрған кезінде сақталып, музейлердің өз дәрежесінде болуына ықпал етіп, қамқорлық жасаған мәдениет министрлері Мүсілім Базарбаев пен Өзбекәлі Жәнібеков десем қателеспеспін. Өйткені, мен сол кезеңде мәдениет саласында үзеңгілес жүріп қызмет еттім. Олар ерен еңбектерімен қазақ тарихында, халық есінде қалды. Ұлт құндылықтарын баға­лап сақтауда жанпидалық көрсеткендерін білемін. Бір ғана деректі еске алайын. Ол археолог Алан Медоев зерттеген Балқаш бойы петроглифтерінің коллекциясына байланысты. 1972 жылы Мәскеуде қазақ мәдениетінің тарихы жайлы үлкен көрме осы материалдармен ашылды. 1973 жылы Алматыда Азия және Аф­рика елдері жазушыларының 5-ші конференциясы өтті. Оған 69 елдің өкілдері қатысты. Сон­да Солтүстік Балқаш петро­глиф­терінің коллекциясы арқылы Қазақ елінің көне дәуірімен таныстырған еді. Осыдан кейін Балқаштың ғылыми тұрғыдан зерттеліп, хронологиясы реттелген, көшпенділердің он үш мың­жылдық көне тарихын қамтитын петроглифтері коллекциясын Мәскеудің тарихи музейіне қою талап етілді. А.Г.Медоев ұлттық тарихымыздағы теңдесі жоқ ғы­лыми деректердің бәз баяғы әлімжеттікпен өз жерінен кетуіне жол бермеу керек дегенді айтты.

Мәдениет министрі М.Базар­баевтың алдына барып, ғылыми материалдар өз Отанында, яғни Балқашта болуы керек деп өтін­дім. Министр өзі қол қойған бұйрығын Мәскеуге кетіп қалса да өзгертіп, петроглифтердің Балқаш музейіне жіберілуін көр­сетіп жаңа бұйрық шығарды. Бұл, ол кезде Мәскеуді тыңдамау минис­трдің өз басына өте қауіпті жағ­дай еді. Балқаш петроглифтері бұрынғы КСРО көлемінде төр­тінші (Эрмитаж, Мәскеудің орталық тарихи мұражайы, Ново­сібір мұражайынан соң) ғылыми экспозиция болатын. Осы бағалы жәдігерлерді Балқашқа жеткізуге ұшақ командирімен келісіп, археолог А.Медоев пен суретші А.Гор­батовтың Балқашта экс­пози­цияны өз қолдарымен құ­руына жағдай жасаған министр М.Базарбаев, құндылығын баға­лаған Ресейдің атақты акаде­миктері Окладников, Тихонов, Грязнов, т.б. болатын. Академик А.Окладников экспозиция барысын Новосібірден телефон арқылы сұрап біліп, бағыт беріп, менімен хабарласып отырған еді. Балқаштың тұңғыш қалалық тарихи-өлкетану музейі 1973 жылы 25 қыркүйекте ресми түрде ашылды. Осылайша, ғылыми экспозиция арқылы көне дәуірлерден тамыр тартқан тарихымызды насихаттағаным үшін министр М.Базарбаев Жезқазғанда өткен облыстық мәдениет қызмет­кер­лері конференциясында маған Құрмет грамотасын өз қолымен тапсырып еді.

1974 жылы Мәскеуде барлық 15 одақтас республиканың бел­гілі музейлерінің директорла­ры қатысқан үлкен конференция өтті. Балқаштың қалалық музейінің көрсеткіштері Пол­тава музейімен қатарлас болып шыққан-ды. Нәтижесінде, мен шақырылған едім. Әрине, оны қадағалайтын Мәскеудегі мәде­ниет министрі жанындағы арнайы комиссия. Сол конференцияда ең төмен дәрежедегі Қазақ­стан музейлері деген пікір айтыл­ды... Конференция соңында делегаттарға Прибалтика елде­рінің, Украинадағы Киев, Львов қалаларының музейлерін, атақты «9-форд» музейін аралатты. Қуыршақтар музейінде (Латвия) таңқалғаным: дүние жүзінен жиналған қуыршақтардың ішін­­де көзіме оттай басылған Алдар­көсенің бейнесі. Қайтып келген соң министр Мүсілім Базарбаевқа көрген-білгенімді айтып едім: «Асықпаңдар, әлі ұлттық мәдениетімізді көтереміз. Мойындау керек, музей жағынан мешеулік бар. Балқаштың музейі Полтавамен таласып жатқаны жақсылықтың нышаны. Қолдау болады», – деп ағалық ілтипатын көрсетіп, менің КСРО Мәдениет министрінің Құрмет грамотасымен марапатталғаныма қуанышын жасырмады. Биязы мінезді, сымбатты, білімдар азамат, белгілі ғалым Мүсілім Базарбаев сынды қазақтың біртуар перзентінің ықыласын есту мен үшін үлкен бақыт еді, әрине.

Кеңес заманында өз ұлтының мүддесіне қызмет ету әрі қиын, әрі қауіпті болды ғой. Әркім­нің өз ұлтын сүюі ар-намыс, өре биіктігіне байланысты екен. Өз заманында Алаш азамат­тарының жолын ұстаған азамат Өзбекәлі Жәнібеков. Осы кісінің туған еліне деген ыстық ықыласын көзбен көргендердің бірімін. Ол Орталық комитетте қызмет ете жүріп, барлық акаде­миктерді, ғалымдарды жи­нап алып сөз сөйлегенде: «Алаш» деп қазақтарды айыптайды. Айтыңыздаршы, Алаш азаматтары қандай қылмыс жасап, кімге қиянат көрсетті? Мен осында отырып өзім білмеймін. Алаш азаматтарының нақты кінәсін ешкім ашып айта алмайды», – деп алғаш Алаш арыстарын ақтау мәселесін көтергені белгілі. Ол кезде Әлихан Бөкейханның, Ахмет Байтұрсыновтың аты аталып кетсе, жауапқа тартылатын тар кезең еді. Міне, ұлтжандылық сананың кереметтігі! Қатерлі жерде тайсалмай сөз бастаған, қиындық туса көш бастаудан қаймықпаған азамат!

Өзбекәлі Жәнібеков қазақтың салт-дәстүрлерін, тарихын, мәде­ниетін көрсететін музейлерді көте­ріп, ел қатарлы өз болмысымызды насихаттау жолында көп еңбек еткен. Ұлттық аспаптар, ұлттық киімдер музейлерін ашқызды. Қазақстанның мәде­ниет министрінің орынбасары, министрі болып он жылдан аса қызмет еткенде Өзбекәлі Жәнібеков ұлттық болмысты қалыптастыруға қыруар еңбек етіп, батыл қимылдаған нағыз патриот еді. Қол астында қызмет істедім. 1980 жылы Алматыда Қазақ музыка аспаптарының музейі ашылды. Барлық музей директорларын жинап, ұлттық музыка аспаптарының түпнұсқаларын көрсетті. Үлкен концерт залының сахнасында музей қызметкерлері алғаш рет тарихи үлгідегі ұлттық киімдермен қобыз, домбыра, сыбызғы, сырнай, дауылпаз, шертер, жетіген, адырна, асатаяқ, шіңкілдек, сазген секілді бұрын көрсетілмейтін ұлттық музыка аспаптарымен халық ән-күйлерін орындады. «Сазген» ансамблінің алғашқы қадамы осылай басталды. Орысша тәрбиеленіп ұлттық киімдерге, киелі домбыраға жатсына қарайтын біздер үшін тума мәдениетімізді таңдана тануға мүмкіндік туған-ды. Көзбен көріп, құлақпен естіп, ғасырлар бойы жабық келген мұралардың жазылған кітаптай тарихты баяндайтынына куә болдық. Бұл көреген министрдің бізге берген бір сабағы еді.

Өзбекәлі республика музей­лерін, тарихи архитектуралық ескерт­кіштерін жаңартуға, әсем­деуге, мән-мағынасының қазақ халқының тарихына ғылыми түрде сай келуіне аса мән берді. Қазақ болмысын тереңнен іздеп тауып, жариялап, аспандата көтергендей болды. Атамұраға деген көзқарасымызды түбегейлі өзгертіп, музей мамандарының қазақ жастарынан іріктелуіне көңіл бөлді. Ө.Жәнібековтің қазақтың ұлттық киімдерінің, киіз үйлердің түр-түрлерін зерттеп шығарған кітаптары біздің оқулығымызға айналды. Қазақ жеріндегі музейлерге үлкен-кіші деп қарамай, әрқайсысының заманға сай болуын талап етіп қойды. Өте іскер, ұлтжанды, өткір, шешен кісі, мықты этнограф еді.

Тағы бір айта кетерлік қам­қорлығы есімде. Жаңашыл ми­нистр Өзбекәлі Жәнібеков Балқаш балалары үшін ойын-сауық паркінің болуына көп көмек етті. Көл жағасында балалар мінетін вагонеткалар, түрлі әткеншектер жұмыс істеді. «Чертово колесо» деп аталған, бүкіл қаланы аумағымен көруге болатын аттракцион ұзақ уақыт тұрғызылмады, қаражат жоқ, арнайы мамандар жоқ. Қыс айы. 1988 жыл. Мен қалалық мәдениет бөлімінің меңгерушісімін. Атқару комитетінің төрағасы Вален­тин Куприянов деген каби­нетіне шақырып алып, осыған мені кінәлады. Сол жерде Куприя­новтың кабинетінде өзінің көзін­ше телефонынан Өзбекәлі Жәні­бековке барлық жайды айттым. Өзім ашқан Балқаштың музейінен кеткеніме реніш білдіре тұра, телефонды Куприяновқа беруім­ді өтінді. Арнайы маман­дар барып көретінін, көмек бере­тінін қаттырақ айтса керек, менің бұл еркін әрекетіме қысы­лың­қыраған төраға: «Несіне министрге шықтың, келісетін едік қой» дегеннен басқа ештеңе дей алмады. Сөзі мен ісі бір Министр айтқанындай, қысқа уақытта «Чертово колесоны» тұрғыздырып, 1988 жылдың 22 наурызында салтанатты түрде ашылған еді. Бұл күн Өзбекәлі Жәнібеков сынды аймаңдай министрдің тапсырмасымен 1926 жылдан тыйым салынған Нау­рыз мерекесін Балқашта алғаш рет ашық тойлаудың бастамасы болды. Сондай азаматтың қолдауымен халық үшін орна­тылған аттракциондардың өт­пелі кезеңде қолды болып, талан-таражға түсіп, жойылғаны көзкөргендерге ғана аян.

Бүгінгі қазақ даласында әлемге белгілі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Айша бибі, Ұлытаудағы Дом­бауыл, Алашахан, т.б. тарихи мұралардың жаңаруына, музей кадрларын дайындауға Ө.Жәнібековтің ықпалы, қам­қорлығы мол болды. «Алды­мен өз жеріңді таны» деп респуб­ликадағы барлық музей қызметк­ерлерін жинап алып оңтүстікті аралатып, тарихи мұраларды көрсеткен еді. Өзбекәлі Жәні­беков қарапайымдылығы мен біліктілігі, шешімділігі мен өжеттігі келбетіне жарасқан, шешім­талдығы ісінен де, сөзінен де көрініп тұратын дарынды тұлға еді. Министрдің кабинетіне кез келген уақытта еркін кіруге, мақсатыңды, шешілмей тұрған мәселені қысылмай айтуға болатын және оң нәтижесі болатынына сенімділікпен шығарып салушы еді. Шіркін, бүгінгі кейбір шенеуніктер осы Өзағаңдардан үлгі алса, қане! Білімді, білікті арыстарымыздың халыққа жа­қын­дығы неге жұғысты болмады деген де ой келеді. Кез келген жергілікті әкімдіктердің есігінде күзетші. Бұл өз халқынан алыстау ма, әлде қорқу ма? «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген ұлы сөз бар ғой. Осындайда өзім көріп, қызмет бабында ақыл-кеңестерін тыңдап, қазақ қыздарының ғылымға, іскерлікке араласуын қолдап, ұлтының тағ­дырына барынша адал болған Мүсілім Базарбаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Әшірбек Сығай, Мақаш Тәтімов сынды біртуар азаматтардың кісіліктері мен іріліктері еріксіз еске түседі. 25 жылда ғасырлық асулардан асып, әлемге танылған Қазақ елінің жастары осындай тектілердің ізімен жүрсе екен деп тілеймін.

Күләш САРДАРБЕК,
Өлкетанушы, Мәдениет саласының үздігі

Қарағанды облысы,
Балқаш қаласы