Өңірімізде билеттердің сатылуы жөнінен Жарқайың және Ерейментау аудандары алда келеді. Ал Степногор қаласында жалпы бағасы 13,2 млн теңге болатын үш мың билет сатылыпты. Қазіргі таңда Ақмола облысының Бұланды, Атбасар, Сандықтау және Егіндікөл аудандарында билет алушылар қатары көбейді. Жергілікті тұрғындарға ауқымды шараның маңызын түсіндіру үшін әкімдерге де құлаққағыс етілді.
«Өздеріңіздің шаруашылық субъектілеріңізде белсенді үндеу жүргізіңіздер, ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесінің маңызын тұрғындарға жеткізіңіздер. Бұл – биылғы жылғы еліміз, яғни өзіміз үшін де үлкен оқиға. Қазақстанның әрбір тұрғыны үшін мұншалықты ауқымды шараға қызығушылығы және баруға ынтасы болуы тиіс», дейді облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырханов. Ал Бурабай ауданының әкімі Төлеген Ташмағанбетов курорт аймағына шамамен 1 млн 800 мың туристің келетінін болжап отыр. Оның мәліметіне қарағанда, қонақтарды қарсы алатын 154 нысан бар. Мейманханалар, мейманханалық үйлер, туристік базалар және санаторий-курорттық жайлар туристерді барынша жақсы күтіп алуға дайын тұр екен.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы