Қазақстан • 11 Мамыр, 2017

Рухани жаңғырудың негізі ұлттық құндылықта

740 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының бір айға жуық талқыланып жатқаны, алда да ол туралы келелі талай әңгімелердің айтылатыны заңды. Өйткені, мақала, шын мәнісінде, көптен көкейде жүрген жанды мәселелерді қозғаған.

Рухани жаңғырудың негізі ұлттық құндылықта

Тәуелсіздіктің ши­рек ғасырында, құдайға шүкір, еліміз­дің саяси және экономикалық тұрпаты айшықталды. Мәдени-рухани салада да көп­теген бедерлі істер жүзеге асты. Басқаны былай қойғанда, 2004 жылы «Мәдени мұра» және 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламалары көп тірлікке тізгін болды. Қоға­мымыздың барлық саласындағы оң өзгерістер – бүгінгі шын­дығымыз. 

Ендігі әңгіме Тәуелсіздіктің екінші жиырма бес жылына аяқ басқанда рухани салада да ауқымды және іргелі жұмыс­тар алға шығып, бұл бағыт­қа тереңірек назар аударудың қажеттігінде болып отыр. Елба­сы атап көрсеткен «Біртұтас Ұлт болу» идеясы – биік мақ­сат­тардың бірі ғана емес, бірегейі. Шын мәнісінде, «Мақ­сатқа жету үшін біздің сана­мыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономика­лық жаң­ғыруларды толықты­рып қана қой­май, олардың өзегі­не айна­ла­ды» дегенге бірдеңе қосу қиын. 

Осы бір өміршең бағдар­ла­малық нұсқаны қалай іске асыруға болады? Рас, бүгін­гі күн­ге дейін көптеген құн­ды пікір­лер айтылды, әлі айтыла­ды. Біз де осы бағытқа үніміз­ді қос­сақ деп қолға қалам алып отырмыз. 

Ең бірінші айтарымыз, өт­кені­мізге тәуелсіздік талап­тары тұрғысынан қарау әлі жетісе бермейді. Мысалы, мектеп не жоғары оқу орындарында ал­ғаш­қы қазақ ағартушыларын оқы­ғанда олардың тамаша сая­си ойларына көңіл бөлмек түгіл, ескермейміз де. Шоқан Уәлиханов 1864 жылғы «Сот реформасы жайындағы» ең­бегінде «Халықтың қалыпты түр­д­е өсуі үшін ол дамудың қан­дай деңгейінде тұрса да, өзіндік дамуы, өзін-өзі қорғауы, өзін-өзі басқаруы және өзіндік соты болуы қажет» деп жазған еді. Ал Ыбырай Алтынсарин өз кезіндегі «орыс селендерін» әкеліп орнатпақ болған Ресей саясаты туралы былай деді: «Бұл пікір, меніңше, ешбір ақылға сыймайтын нәрсе сияқты. Егер істі дұрыс жүргізе білмесе, онда айттым да қойдым, қазақ­тар – келешегі жақсы деп үміт етіп отырған осы халық, тез құрып кетеді, содан кейін бұл істі ешқандай түзете алмайсың». Ресей саясатының зар­дабын жеткілікті білген Абай орыс­тың сотымен қазақ­ты соттауға бол­май­­ды деп, 74 бап­тан тұратын «Би­лер ережесін» да­йын­­даса, орысша оқу керек­тігін, өнер, ғылымның орыста екенін айта отырып:

«Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек» деген болатын. 

Бұл және де басқа ойлар мен тұжырымдар қазіргі тәуелсіз елдің азаматтарының еркін санасын қалыптастырудың, саяси сергектіктің, құлдық пси­хологиядан арылудың пәрменді құралдары екеніне де дау жоқ  және бір маңыздысы, бұл идея­лар Алаш қозғалысына да руха­ни негіз болған-тұғын. 

Тағы да бір маңыздырақ мәселе Алаш жетекшілерінің азаттыққа шөліркеп жүрген­дегі мол ой-идеяларын бүгін­гі тәуелсіз Қазақстан жөнін­дегі Елбасымыздың ой-тұжырым­дарымен сабақтастырып наси­хаттау жетіспейді. Бұл біздің жалпы идеологиялық тәрбие жұмысымыздың деңгейін сапа­лы сатыға көтеріп, рухани тү­леуімізді жаңа мазмұндармен байыта түсер еді. 

Біз Еуразия құрлығында өмір сүріп отырмыз. Ал бірақ біз кейінгі кезде батысшыл болып барамыз. Бұл бағытта екі жағдайды ескерген жөн. Бірі бұрынғы емшілік салада, қазіргі медицинада «мөлшер» (доза) деген ұғым болған еді, әлі де бар. Емді артық қабыл­дау адам организміне зиян кел­тіреді. Сондайақ кезін­де Алаш жетекшілері біз батыс­тық буржуазиялық жолды таң­­дай­мыз, бірақ өзіміз­дің тари­хи, ұлттық ерекшелік­тері­міз­ді ескере отырып деген болатын. 

Осы сәтте ұлы Мұхтар Әуезов­­тің хакім Абайдың үш рухани бұла­ғы туралы ойы ерік­сіз еске түседі. «Мұның біріншісі – қа­зақ халқының есте жоқ ескі за­ман­нан жиып, өсіріп келген өз да­налығы, ауызша әдебиет қоры... Екінші бір қол артқан қазы­насы – араб, парсы, түрік тілін­дегі шығыстың көркем классик поэзиясы. Үшіншісі – үлкен өнер, мол азық алған зор саласы – орыс халқының мәдениеті және сол арқылы Еуропа мәде­ниеті». Шынына келгенде, ұлттық шынайы болмыс жүрегі, Шығыс пен Батыс қос қанаты болған Абай әлемдік деңгейге көтерілген болатын. 

Кез келген ұлттық құнды­лықтың негізі – ұлттық тіл. Сон­дықтан, халқымыздың тағы­лымы мол тарихы мен ежелден келе жатқан, тіні еш үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерді, оның ішінде сөзсіз ана тілінсіз рухани жаңғырудың жүзеге аспайтыны белгілі. Алайда, сонау патшалық Ресейдің отарлық саясаты, со­ның саяси жалғасындай бол­ған кеңестік кезең ұлттық даму­дың ғасырлар сарапталған жолы­нан тайдырып, орыстың тілі­мен бірге кейде қайшылықты тәр­биесі де еріксіз таңылып, тілі­мізді аздырды, дінімізді шет­тетті, ділімізді лайлады. Міне, сол кездерден әбден теперіш көрген, тәуелсіздіктің жиырма бес жылында да айдарынан жел есе қоймаған қазіргі қазақ тіл­дік кеңістікте қиыншылықтар көбейе түспесе, азаятын емес. 

Елбасымыз үш тілді білу туралы көптен айтып келеді. Бұл – өміршең идея. Ондағы ой – егер біздің ұрпағымыз үш тілді біліп ғана қоймай, сол тіл иелерінің тарихын, білім­ғылымын біліп жатсақ, өрке­ниеттің жаңа сатысына көтері­лер едік дегендік. Алайда, осы үш тілде білім беруді «үш тұ­ғырлы тіл» дегенмен шатас­тыру да көп кедергілерге ұрын­ды­рып отыр. Тілдің жалғыз ғана тұғыры барын көптеген шала сауаттылар мойындағысы келмейді. Ол тұғыр – ұлттық тіл. Және осы тұғыр мықты бол­ған кезде ғана өзге тілдердің құді­ретін де тіл иесі айқынырақ сезінеді. 

Тоғыз жүздің үстіндегі ең­бек­­терін он тілде жазған, шет ел­де жүргеніне он бес жылдан ас­қанда, яғни 1936 жылы Түр­кі­­стан жастарының алдында Мұс­тафа Шоқайдың радиодан сөйлеген сөзінің құдіретті күші­не таңғалмау мүмкін емес. Сөзі­нен от-жалын шашады.

Алаш ардақтыларының бір­неше тіл білгенінен хабардар қазақ өз баласының ағыл­шын тілін білгеніне әсте қарсы бола қоймайды. Алайда, көп тіл бәрімізге қажет пе не­месе ол тілдерді қашан, қалай оқып ­үйрену керек деген мәселе де жоқ емес. Жақында мынандай мәліметтермен таныстым: 2 тіл 1-сыныпта 4 елде, 2-сыныпта 5 елде, 4 – 6-сыныптарда 13 елде оқытылады екен («Еге­мен Қазақстан», 15 сәуір, 2017 жыл). Ал біз балабақшаларда, көбісі әлі өз ана тілінде сөйлей алмайтын әлеуметтік ортада 4-5 жасар ұл-қыздарымызға үш тілді қатар оқытып жатырмыз. Енді олардың көбісі не қазақша, не орысша, болмаса ағылшынша сөйлей алмайды. Өздері әр тілден естіген сөздерін пайдаланады. Көбіне сөздерді түсінбей жаттап алады. Ең негізгісі, ұл-қыз­дары­мыздың ұлттық ойлау жүйе­лері бұзылуда. Бұл – аса қауіпті. 

Елбасының мақаласында атап көрсетілгендей, «жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бас­тайды». Талай тағдырдан сүрін­бей келе жатқан озық ұлттық салт-дәстүрлеріміздің ішінде ұлттық сана мен ұлттық рухтың орындары бөлек. Ұлттық сана тікелей ұлттық болмыстың өзегі, мазмұны болса, ұлттық рух оның алға ұстар туы, жеңіске жетелер қуатты құралы. Кезінде Алаш алыптарының бірі Мұстафа Шоқай: «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп дамиды, жеміс береді», деген болатын. Шынында да, ұлт­тық рух тамаша қасиеттерге ие етумен бірге өз ұлтыңды шына­йы тануға, өз халқыңның алдын­дағы өз борышыңды жоғары да терең сезіне түсуге көмектеседі.

Жинақтай айтқанда, ұлттық һәм тарихи сана, саяси сергек­тік, ұлттық рух сияқты хал­қы­мыздың құндылықтар жүйесін құрайтын рухани коды­мызды жетілдіре түспей, ешқандай жаңғыру да, алға сапалы жылжу да болмайды. Мұны Тәуел­сіз­дігіміздің тұғыр­лы болуы да, Мәңгілік Ел құруы­мыз да талап етіп отыр.

Әбдіжәлел БӘКІР,

саяси ғылымдар докторы, профессор