Ұлы жолдың бойындағы шағын ауылда барлығы 70-тен аса қожалық бар, осында сонау 1990-жылдардың аяғы мен 2000-жылдардың басында Моңғолиядан қоныс аударған ағайындар да біраз үй, солардың барлығының қорасы құр емес. Бірақ ауылдастардың малдан көріп отырған пайдасы шамалы болатын. Оның бар кілтипаны – ет пен сүт бағасының тым төмендігі. Сауған сүтінің литрін ең көтерілгенде 55 теңгеден алатын, ал жаз айларында сүт молайған кезде жау торғайдай пайда бола қалатын алыпсатарлар сүттің де, еттің де бағасын тым тұқыртып жібереді. Оның үстіне жайылымның, шабындықтың, көсілуге келмейтін табыстың аздығынан ауыл адамы қанша шаруа болса да, малды жазылып ұстай алмайтын.
Б.Әлиев – Успенов ауылындағы шаруаға бейім кісінің бірі, мал ұстап, семіртіп, ет сатып күнін көрді. Бірақ табысы өзі ойлағанындай айналымға келмеді. Елімізде ауыл тұрғындарын тиімді жұмыспен қамту және жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану жөніндегі шараларды жүзеге асыру аясында құрылған 6 қанатқақты ауылшаруашылық кооперативінің бірі осы Успенов ауылын таңдаған екен. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-тың облыстық филиалымен бірлесіп аудан әкімі Тәубе Исабаев ұйымдастырған топ келіп, ауылдастарға түсінік жұмысын жүргізді. Кооперативтің ауыл адамдарының оң жамбасына келетінін алдымен түсінгеннің бірі де осы Бәкір болды. Қолында сауып, сүтін өткізіп отырған 5 сиыры болатын. Соған 1 миллион теңге несие алып, оған тағы да 5 бас сауын сиыр сатып алды. Қорасын он бас сауын сиырға лайықтап бүтіндеді. Бұрын сатып алған, сарайында тұратын сүт сауатын аппарат та қазір пайдаға асып кетті. Қазір өзі мүше болып кірген «Успенов-сүт» кооперативінің сүт таситын машинасы есігінің алдынан келіп, Бәкірдің он сиыры берген 3,5 фляга сүтті алып кетеді.
«Мен мал шаруашылығын жақсы білемін. «Успенов-сүт» кооперативіне кіруге бірден келістім. Сүттің литрін қазір 100 теңгеден алып кетеді. Айына 120 мың теңге шамасында ақша аламын. Алған несиеме Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры екі жылға дейін жеңілдік жасап отыр. Бұдан артық бізге не керек», дейді Б.Әлиев. Мұнда кооператив арқылы шаруасын дөңгелентуге кіріскен бір ол емес, бүкіл ауылдастар десе болады.
Бұл кооператив өткен жылы желтоқсан айында құрылды. Ол 312 бас малы бар 76 мүшені біріктіріп, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Ырыс» бағдарламасы арқылы кооперативтің 34 қатысушысын қаржыландырды. Осы кооперативке жұмсаған жалпы қаржысы 72 миллион теңгені құрады. Сатып алынған малдың саны 203 басқа жетті. Қазір ауылдастар неғұрлым сүтті көп өткізсе, соғырлым табыс табатынын түсінді. Ең бастысы, оған мемлекет тарапынан кооператив арқылы қолайлы жағдай жасала бастады.
«Успенов-сүт» кооперативі бөлінген қаржыға тек мал ғана емес, сүтті жинайтын машина, сүттің майлылығын өлшейтін, тазалығын, сапасын тексеретін аппарат сатып алды. Су жаңа, сырты жалтырап тұрған машинаның цистернасына 4 тонна сүт кетеді. Осылардың барлығын дайындап алған соң, сәуір айының басынан бастап, Успенов ауылының, Воронеж ауылдық округіне қарайтын ауылдардың кооперативке мүше болып кірген тұрғындарынан сүт жинау басталды.
– Өткен жылдың аяғында облыста ет бағытындағы – 3, сүт бағытындағы 3 кооператив құрылып, қанатқақты жоба іске асырыла бастады. Біз оған 397 миллион теңге жұмсадық, 300-дің сыртында адам бізден 6 пайыздық несие алды. Қазір «Успенов-сүт» ауылшаруашылық кооперативінің мүшелері 300-ден асып жығылады. Ауылдағылар мемлекеттің көмегін сезіне бастады, кооперативтің жақсы жоба екенін біліп отыр, – деді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қостанай облыстық филиалының директоры Марат Салықбаев.
Аудан әкімі Тәубе Исабаевтың ауылдағы малымен күн көрген ағайын кооперативтің болашағына сенерінен, түсінерінен үміті үлкен. Қазір кооперативке мүше болған ауылдастардың үйіне ай сайын табыс кіріп отыр.
– Кооператив ауылдастардың бірнеше проблемаларын шешеді. Алдымен жұмыссыздықты азайтатыны сөзсіз. Қазір кооперативке мүшелер алдымен дербес кәсіпкер болып тіркеледі, салығын, медициналық сақтандыруды төлеп отырады. Үйге ай сайын табыс кірген соң, тұрмыс деңгейі де көтеріледі, – деді Т.Исабаев.
Кооператив дайындаған сүт сол күні Қостанай қаласындағы сүт зауытына жеткізілетінін айттық. Зауыт директоры Сергей Блок әңгімені қысқа қайырды.
– Кооперативтерден дәл қазір күніне 15 тонна сүт жеткізіліп тұр. Көк қаулаған сайын сүттің көлемі де көбейеді, кооперативтерге жаңа мүшелер қабылданады, сауын малдың саны көбейеді. Алдағы уақытта күніне бізге келетін сүттің көлемі 35 тоннаға дейін жетеді деп ойлаймын. Ең бастысы, кооперативтер құрылғалы сүттің көлемі көбейді, сапасы жоғарылады. Сүзілген, су қосылмаған, таза сүт келе бастады. Бұл тұтынушыға жететін біздің өнімнің де сапасы жоғарылайды және шикізат жетімсіздігінен арыламыз, экспорт көлемі артады деген сөз, – деді С.Блок.
Сөз соңында айтарымыз, ауылдастар кооперативке қатысты әзірге шешімін күткен бір проблема бар екенін айтты. Успенов ауылының іргесінен бастап егін алқабы түскен, көбейген мал басына жайылым мен шабындық жетпейді. Аудан әкімі Т.Исабаев қазір ауданда жайылымдық жер жөнінде тексеріс жүріп жатқанын айтып, алдағы уақытта кооператив үшін жайылым мәселесі шешімін табарына сендірді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Федоров ауданы,
Успенов ауылы