– Бақытжан Ертайұлы, Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылып, қалыптасуына елеулі үлес қосқан азаматтардың бірі ретінде сіздің де есіміңіз ерекше аталады. Қиындыққа толы сол бір кездерге аз-кем шолу жасап өтсеңіз?
– Өткен кезеңге шегініс жасайтын болсақ, мемлекеттік саясаттың әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы алғашқы қадамдардың бірі – Қазақстан Республикасы Президентінің 1991 жылғы 25 қазандағы «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы» Жарлығы болды. Екі айдан соң, 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң қабылданып, ол «Қазақстан Республикасының өзінің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын күзету мақсатында өз Қарулы Күштерін құруға құқылы» деп анықтады. Ал еліміз өзінің дербес әскерін құруға заңды құқығын 1992 жылғы 7 мамырда ел Президентінің «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығы шығуымен іске асырды.
Қазақстан аумағында 1991 жылдың соңына қарай КСРО Қарулы Күштері әскерлерінің жалпы саны шамамен 200 мыңдай адам болған екен. Алғашқы кезде, әсіресе, кадр мәселесін шешу қиын болды. Өйткені, өз армиямызды құрып жатқан аса жауап-
ты кезеңде Қазақстанда қызмет етіп жүрген көптеген офицерлер қызмет етуді Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының басқа мемлекеттерінде жалғастыруға немесе запасқа шығуға шешім қабылдады. Яғни, әр ұлттың әскери қызметшілері өз елдеріне кетті. Екі жарым жыл ішінде, 1992 жылғы мамырдан 1995 жылғы қаңтарға дейін офицерлердің кетуі ең жоғары деңгейге – тізімдік құрамның 89 пайызына жетті. Сөйтіп, Қазақстан Қарулы Күштерінде әскери мамандар тапшы болды.
– Жасыратыны жоқ, сол жылдары әскери бөлімдерде тәртіп бұзу, әскери жарғыны сақтамау сияқты жат әрекеттердің де орын алғанын естіп қалушы едік...
– 1992 жылдың қаңтарында Мәскеуде ТМД елдері басшыларының кездесуі өткен болатын. Сол кездесуде әр елдің өздерінің төл әскері құрылатыны белгілі болды. Ақпан, наурыз, сәуір, мамыр айларында Қазақстан
аумағында қоныстанған Қарулы Күштердің қатары азая бастады. Дәл осы кезде әскери бөлімдер мен әскери мекемелерде жарғылық тәртіптің сақталмауы күрт белең алды. Офицерлер мен мерзімнен тыс қызметтің әскери қызметшілері арасында ескертпестен өздерінің туған елдеріне кетіп қалу фактісі көбейді. Тәртіп мәселесі босаңсыған жерде сарбаздардың топ-топ болып әскери бөлімдерді өз еріктерімен тастап кетуі заңды құбылыс болатын. Мұндай кезде иесіз дүниенің жүйесіз қалатыны шындық. Әсіресе, бұған дейін орталық бағыныста болған көптеген әскери бөлімдердің, қоймалар мен арсеналдардың әскери қызметкерлері енді кімге бағынатынын білмей, әрі-сәрі күйге түсті. Себебі, әскери техникалар мен дүние-мүлікті сол кездегі Түркістан әскери округі де, КСРО Қорғаныс министрлігі де қолданыстағы заңнамаларға сәйкес ешкімге өткізіп бермеді. Жаңадан құрылған еліміздің Мемлекеттік қорғаныс комитеті оларды қабылдай алмады. Өйткені, ол мәселе Комитеттің міндетіне кірмейтін. Осындай алмағайып заманда Қорғаныс министрлігін құруды уақыттың өзі талап етті және солай болды да.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақтан Республикасының Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы» 1992 жылғы 7 мамырдағы Жарлығының негізінде сол күнге дейін қызмет етіп келген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қорғаныс комитеті ендігі жерде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Сондай-ақ, Жарлықта еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатысты министрліктің атқаратын негізгі мәселелері егжей-тегжейлі айқындалды. Дәл сол күні Елбасы «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлық та шығарды. Онда Қазақстан аумағына орналасқан әскери бірлестіктердің, құрамалардың, бөлімдердің, мекемелердің,
ұйымдардың, полигондардың, арсеналдардың, сақтау базаларының, қоймалардың, жылжитын және жылжымайтын әскери бұйымдардың ендігі жерде Қазақстан Республикасының заңды мүлкі болып табылатындығы және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамына енгізілетіндігі нақты көрсетілді. Жаңадан құрылған Қорғаныс министрлігіне әскери құрылымдарды қабылдай отырып, әскерлерді басқару жүйесін қамтамасыз ету және олардың жауынгерлік әзірліктерін тиісті жағдайда ұстау тапсырылды. Дәл сол күні генерал-лейтенант Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовке генерал-полковник шені берілді және ол еліміздің Қорғаныс министрі болып тағайындалды.
– Еліміз тәуелсіздігін жариялап, өзінің дербес Қарулы Күштерін құрған кезде қай жерде және қандай қызметте едіңіз?
– Кеңес Одағы ыдыраған кезде Германиядағы кеңес әскері құрамында полк командирі едім. Мен басқарған полк Германия шекарасынан бірінші болып өтті. Ендігі арманым тәуелсіз Қазақстанның армиясына қызмет ету еді. Көп кешікпей жаңадан құрылған Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы Сағадат Нұрмағамбетовтің қабылдауына бардым. Ол кісі жылы қабылдап, армияға тәжірибесі бар офицерлер аса қажет екенін айтты және тапсырмалар берді. Сол күннен менің Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарындағы қызметім басталды. Әскери басшылық жас офицерлерге үлкен сенім артып, сол сенімнен шыға білдік деп ойлаймын.
Кейін әскери қызметім Сарыөзектегі дивизияға басшылық етумен әрі қарай жалғасты. Қазақстан Президенті, еліміз Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Қарулы Күштерінің қолбасшысы ретінде тұңғыш рет Сарыөзектегі дивизияға келгені кешегі күндегідей көз алдымда. Сол сапарында Елбасымыз солдат асханасынан дәм татып, дивизияның әскери дайындығымен, жабдықталуымен, солдаттар мен офицерлердің тұрмыс-жағдайымен жан-жақты танысқан болатын. Қазіргі қиындықтар уақытша екенін, проблеманың барлығы біртіндеп шешімін табатынын, болашақта еліміздің Қарулы Күштері жаңа үлгідегі әскери техникалармен, қару-жарақ түрлерімен қамтылатынын айтып, әскери қызметшілерді жігерлендірген еді.
Бүгінде Мемлекет басшысының сол айтқандары орындалды. Қарулы Күштеріміз жетілген әскери техникалармен жабдықталуда, әскери маман-кадр-
лар өзіміздің оқу орындарында білім алуда. Оның түлектері еліміздің әскери бөлімдерінде қызмет етіп жүр. Басшылық, сондай-ақ халықаралық әскери ынтымақтастыққа, өзге елдердің армияларымен тәжірибе алмасуға да баса назар аударып келеді. Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы аясында өтетін оқу-жаттығуларға да үнемі қатысып жүр. Бұлардың қатарына елімізде өткізілетін «Дала қыраны» және «Алдаспан» халықаралық жаттығуларды да қосар едік. Армиямыздың айбыны асқақтап, бүгінгідей нағыз ел қорғанына айналуы Президентіміздің Қа-
зақстан Қарулы Күштеріне деген қамқорлығының және оған ерекше назар аударуының нәтижесі деп бағалаған жөн.
– Қорғаныс саласының қабілеттілігі білікті әскери маман-кадрларға да байланысты ғой. Оларды даярлау жайы қалай?
– Заманауи армия қалыптастыру – әскери техникалар мен қару-жарақты жетілдіру ғана емес, бірінші кезекте ол кәсіби армияның негізі болып саналатын жаңа әскери буынды тәрбиелеуге тікелей байланысты. Ал әскери білім беру жүйесінің негізі 1996-2005 жылдары аралығында қаланды. Республикада бірнеше әскери оқу орны ашылды. Мысалы, Ұлттық қорғаныс университеті, Құрлық әскерлерінің әскери институты, Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты, Әскери-теңіз институты, Шет тілдері әскери институты, тағы басқалар. Сондай-ақ, жұмылдыру резервтерін толықтыру мақсатында азаматтық оқу орындарында запастағы офицерлер даярлау үшін әскери кафедралар да жұмыс істей бастады. Ал армия генералы С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі нағыз патриот-
тар тәрбиелейтін оқу орнына айналды. Жалпы, әскери құрамаларда жеткілікті түрде кадр-
лар мен зияткер офицерлер әлеуеті қалыптасты деп нық сеніммен айтуымызға болады.
– Бақытжан Ертайұлы, еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы және Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетовті кешегі офицерлер, бүгінгі генералдар өздерінің ұстазы санайды. Ол кісі мұндай құрметке шын мәнінде лайық емес пе?
– Дұрыс айтасыз. Біздер армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовті ұстаз ретінде, азамат ретінде ерекше құрметтеп өттік. Ағамыздың өмір жолы, еңбек жолы бүгінгі ұрпаққа да, болашақ ұрпаққа да үлгі-өнеге. Жаңа атап өткенімдей, жаңадан құрылған Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы болып Сағадат Нұрмағамбет тағайындалды. Абзал ағамыз бұған дейін КСРО Қарулы Күштерінің сапында Ұлы Отан соғысына қатысып, Кеңес Одағының Батыры атанған танымал командир және жоғары әскери басшылық құрамында болған тәжірибелі қолбасшы еді. Ол құрметті демалысқа шықса да, әскери өмірден қол үзбеді. Елі-
міздің Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланып, ел сенімін де арқалады. Министрлікті С.Нұрмағамбетов басқарған жылдары көптеген офицерлер шет мемлекеттердің жоғары әскери оқу орындарында тәжірибеден өтуге жіберілді.
С.Қожахметұлы кезінде алты жылдай Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Әскери округтің қолбасшысы болуға әбден лайық еді. Сол кездегі саясат оған жол бермеді. Ол қызмет барысында талапшыл әрі әділ еді, ал былайғы кезде қарапайым жан болатын. Бір мысал айтайын, Сарыөзекте қызмет етіп жүргенде зайыбымның бауыры қайтыс болды. Ол кезде Сағадат Қожахметұлы Қорғаныс министрі еді. Жексенбі күні ешкімге хабарламай, Алматыдан Сарыөзектегі біздің шаңырағымызға арнайы келіп көңіл айтып, қайғымызға ортақтасқан еді. Ағамыз қиналғанда қолұшын созатын, кемшілік атаулыға жаны қас ерекше жаратылған жан еді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»