Мұнай майталманы Бөлекбай Сағынғалиұлы Сағынғалиевтің (1927-2009 ж.ж.) өнегелі өмір жолы кейінгі жас буынға зор үлгі. Ардақты азамат еңбек жолын мұнай өндіру шеберінің көмекшісі болып бастады. Өндірісте шыңдалып, абыройлы еңбегімен биік белестерді бағындырды. «Қазақстанмұнай» ӨБ (1945 ж. «Эмбанефть» тресі «Қазақстанмұнай» ӨП болып өзгерген), Қазақстан мұнай бірлестігінің бөлім басшысы, Халық шаруашылығы кеңесі мұнай бөлімінің меңгерушісі, Орталық партия комитетінде ауыр өнеркәсіпті қамтитын бөлім басшысының мұнай жөніндегі орынбасары, «Қазақстаннефть» бірлестігі бас директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары, 1971-1986 ж.ж. «Эмбанефть» ӨФ бас директоры қызметтерін атқарды. Еңбек Қызыл Ту, Октябрь революциясы ордендерімен, мерекелік медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бірнеше рет Құрмет грамотасымен марапатталған.
Шараға мұнайшы-ардагерлер, Қазақстан мұнайгаз өнеркәсібі саласының қызметкерлері, компания басшылары, үзеңгілес және ізбасар әріптестері, ардақты азаматтың отбасы мүшелері, бүгінгі мұнайшы мамандар, қала жұртшылығы қатысты. «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков салтанатты шарада Бөлекбай Сағынғалиұлының өмір жолына қысқаша тоқталып, ел мұнайын еселеуге қосқан үлесін, майталман мұнайшыға қойылған осынау белгі бүкіл мұнайшылар қауымына жасалған құрмет екендігін атап өтті.
Мемориалдық тақтаны «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Ә.Жақсыбеков пен Б.Сағынғалиевтің ұлы Асқар Сағынғалиев ашты. Тақтада «Осы үйде 1974-1986 жылдары Қазақстанның еңбек сіңірген мұнайшысы, КСРО Құрметті мұнайшысы, Теңіз мұнай кенішін алғаш ашушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бөлекбай Сағынғалиұлы Сағынғалиев тұрды» деп жазылған. Бөлекбай Сағынғалиұлының інісі Таңқыбай Сағынғалиев аталған белгінің ағасына ғана емес, бүкіл қазақ мұнайы мен мұнайшысына көрсетілген құрмет деп бағалады.
– Бөлекбай ағаның Ембі мұнайын өндіру ісіне қосқан үлесі, оның еңбегі мен ізгі бастамалары кезінде қолдау тауып, жүзеге асырылды. Бүгінгі ұрпақ соның зейнетін көріп отырғандығы да шындық. Ал оның есімін ұлықтау ісін қолға алған ізбасар әріптестері мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен осынау әрекеті өте құптарлық жұмыс екендігі айқын. Бұл өнегелі іс болды. Осындай жақсы істер алда да жалғасын таба берсін, – деді ол.
Майталман мұнайшымен еңбектес болған әріптестерінің бірі мұнайшы-геолог Мақаш Рахметов те өз лебізін білдіріп:
– Бөлекбай Сағынғалиұлы – атына заты сай, өзіндік бөлек, дара жолы бар мұнай өндіру мен дамыту ісіне үлкен еңбек сіңірген білімді азамат, білікті басшы еді. Ол бір емес, бірнеше істердің игілікті бастамашысы болды. Оның көрегендік жолымен тұз асты қабатындағы мұнайға терең бұрғылау жүргізу жөніндегі жұмыстары солардың ең бір шыңы десе болғандай. Одақ басшыларымен айтыса-тартыса жүріп, көздерін жеткізді, жеңді. Алып Теңіз кенішін ашушылардың бірі ретінде оның сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Осындай тұлғалардың ұлықталуы өте орынды іс. Біз соған қуанып тұрмыз. Осы істің жүзеге асуына мұрындық болып жүрген барлық деңгейдегі басшыларға алғыс білдіреміз, – деді ардагер аға.
Тақта ашу рәсімінен кейін «Ембімұнайгаз» АҚ кеңсесінде «Б.Сағынғалиевтің Қазақстан мұнай-газ саласының дамуына қосқан үлесі» атты ғылыми-практикалық конференция өтіп, оған да ардагер мұнайшылар, Б.Сағынғалиевтің отбасы мүшелері мен бірге қызметтес болған әріптестері, мұнайгаз саласының көптеген мамандары қатысты. Конференцияны мұнайшы-ғалым, инженер-геолог Балтабек Қуандықов ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы сөз «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбековке беріліп, ол ағалар салып кеткен сара жолмен жүріп келе жатқан Ембі өндірісінің бүгінгі тынысына тоқталды.
Конференция барысында Б.Сағынғалиевтің өмір жолдарынан сыр шертетін «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ демеушілігімен әзірленген «Алғашқы ашушы» деректі фильмінен үзінді көрсетілді. Онда Бөлекбай Сағынғалиевтің еңбек жолы мен атқарған істері көз көргендер әңгіме-пікірі арқылы шынайы берілген. Фильмнің режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі режиссер Сергей Әзімов.
Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Дүйсембаев облыс әкімі атынан мұнайшы-ардагердің 90 жылдығымен құттықтап, мұндай азаматтарды ардақтау парыз екендігін айтты. Жиын барысында Энергетика министрінің бірінші орынбасары М.Досмұхамбетов, «Қазэнерджи» Қауымдастығының бас директоры Б.Ақшолақов, әріптес інісі Т.Байзақов пен «Ембімұнайгаз» АҚ ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Сматуллин Бөлекбай Сағынғалиұлының басшы ретіндегі және адами қырларын суреттеп, оның ерен істерін ерекше атап өтті.
– Бүгінгі даңғыл жолда дамып жатқан мұнай өнеркәсібі – кешегі ардагер мұнайшы ағаларымыздың ащы маңдай тері төгіліп жеткен еңбектің жемісі. Бөлекбай Сағынғалиұлы өмірі мен еңбегін, барлық қажыр-қайратын, білімін мұнай өндірісінің дамуына, жаңа кен орындарының ашылуына, ұлттық кадрлардың қалыптасуына арнады. Ол өз мамандығын ғана емес, Отанын, туған елін ерекше сүйген патриот ретінде де тарихта қалады, – деді М.Досмұхамбетов.
«ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ Бас директоры Қ.Есқазиев те аталған шараның жас ұрпақ үшін маңызы зор екендігін атап өтті.
– Бүгін барлығымыз үшін ерекше күн. Мұнай тарихында мәңгілік есімі жазылған Бөлекбай Сағынғалиұлы Сағынғалиевтің туғанына 90 жыл толып отыр. Өзі ортамызда жоқ болса да соңында жарқын ісін қалдырған майталман мұнайшының өмір жолын дәріптеу, ұрпаққа үлгі ету – бүгінгі біздің парызымыз! Қазіргі дамыған өндіріс, қанатын кең жайған кеніштер – кешегі біздің осы ағаларымыздың ащы маңдай терімен жасалды. Қазақтың біртуар, талантты ұлы еліміздің мұнай саласындағы болашағын дәл болжай білді және оны сонау Кеңес заманында Мәскеуде табанды қорғады. Ғасыр жобасы атанған Теңіз кенішінің ашылуы – осының жарқын дәлелі! Мұнайшылардың әлеуметтік жағдайын жасау, ұлттық кадрларды дайындау, ескі Ембі кеніштерін түлету сияқты сансыз жұмыстардың барлығын ол абыройлы атқарды. Бөлекбай Сағынғалиұлының ғибратты ғұмыры – әрбір мұнайшыға үлкен өнеге болуы тиіс. Ардагер ағаларымыздың еңбек жолын абыройлы жалғастыру – бүгінгі біздің міндетіміз, – деген ол майталман мұнайшының кейінгі ізбасарлары оның айшықты істерін лайықты жалғастырып келе жатқандығын атап өтті.
Бөлекбай Сағынғалиұлының Теңіз кен орнын алғаш ашушылардың бірі ретінде біліп, танып келген «Теңізшевройл» компаниясы да айтулы шарадан тыс қалмады. Компанияның Бас директоры Т.Этчисон шараға үлкен жаңалығымен келген екен.
– Бөлекбай Сағынғалиев Қазақстанның мұнай және газ өнеркәсібін дамытуға айтарлықтай үлесін қосты. Оның көреген басшы ретіндегі рөлін сөзбен айтып жеткізе алмаспыз. Теңіз кен орнының ашылуы Бөлекбай Сағынғалиевтің есімімен тікелей байланысты. «Теңізшевройл» өзінің зор құрметін білдіре отырып, Теңіз және Королев кен орындарының жүрегі мен жаны болып табылатын Теңіздегі кенішті пайдалану кеңсесіне оның есімін беруді үлкен мақтаныш санайды, – дей келе, ТШО-ның Алғыс хаты мен Бөлекбай Сағынғалиевтің есімін беру жайлы сертификатты «Ембімұнайгаз» АҚ басшысы Ә.Жақсыбековке табыстады.
Б.Сағынғалиевтің ұлы Асқар Бөлекбайұлы да мінбеге көтеріліп, өз лебізін білдірді.
– Құрметті конференцияға қатысушылар, мұнайшылар! Әкеміздің еңбегін бағалап, есімін ұлықтап, ауқымды шара ұйымдастырылғаны үшін шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Біз үшін ол үлкен мерей, зор абырой. Әкеміз бүкіл ғұмырын мұнай ісіне арнаған адам. Үйде болғанынан түзде жүргені көп азамат болды. Елі үшін тер төгіп, еңбек жасады. Міне, уақыт өте келе ізгі бастамалар қолға алынып, жарасты жұмыстар жасалуда. «Ембімұнайгаз» бүгінде мықты кәсіпорынға айналды, білікті мамандарымен мақтана да алатындай дәрежеде. Еңбектеріңізге жеміс тілеймін, баршаңызға рахмет, – деді ол толғана сөйлеп.
Шара соңында «ҚМГ» БӨ» АҚ Бас директоры Қ.Есқазиев пен «ЕМГ» АҚ Басқарма төрағасы Ә.Жақсыбеков Б. Сағынғалиевтің жары Хадиша апай мен отбасы мүшелеріне қазақы дәстүрмен шапан, қамзол жауып, сый-сыяпаттар табыс етті.
Қосұйым МҰҚАШЕВ