Таулар алыстаған сайын биік-тей береді деген қағида бар. Ерлік те сол сияқты, ешкімнің жадынан оңайлықпен ұмытыла қоймайды.
Қостанай өңірінен түлеген қыран 1920 жылы Әулиекөл ауданындағы Қояндыағаш ауылында дүниеге келіпті. Өмір жолы туралы деректерде Сұлтанның анасынан ерте айырылып, жетімдіктің тақсыретін тартқаны жайында айтылады. Сол кездегі ахуалға байланысты болса керек, 7-сыныпты он жеті жасында тәмамдаған екен. Оқуын әрі қарай жалғастыруға болатын еді, қолды байлаған кедейлік мұрша бермеді. Жасынан алғырлығы мен өжеттігінің арқасында ауылдағы пошта бөлімшесінде кассир болып жұмыс істегені бар.
1940 жылы жалындаған жиырмадағы жігіт әскер қатарына алынады. Көп ұзамай, соғыстың алғашқы күндерінен-ақ фашист басқыншыларына қарсы атой салды. Алдымен мергендер ротасында, кейін пулеметшілер бөлімшесінде болды. Сөз басында айтып өткен Ленинград түбіндегі ұрыстарда елуден астам дұшпанның көзін жойып, төрт рет жараланған. 1943 жылғы шілдедегі Ленинградты «Үлкен жермен» байланыстырып тұрған қылтаны кеңейту үшін жүргізілген шайқастарда С.Баймағамбетов 67-армияның 43-атқыштар дивизиясына қарасты 147-атқыштар полкінде пулемет бөлімшесінің командирі болды. Осы жылғы 25 шілде күні болған шайқаста ғой жау дзотын кеудесімен жауып, ерлікпен қаза тапты.
Қазақ қаһарманымен әскерде бірге болған және Ұлы Отан соғысындағы соңғы ұрыстың қатысушысы Ханиф Гайнутдинов хаттарының бірінде былай жазады: «Сұлтан Баймағамбетов – менің жауынгер жолдасым, біз бірге көптеген ұрыстарға қатыстық. Ротада оны Сұлтан емес, Саша деп жиі атайтын. Егер де оны біреу атымен атаса, ол саусағын шошайтып: «Тыныш, фашистер естіп қоймасын, орыстар қайдағы бір сұлтанды көмекке шақырды деп шу көтерер», деп әзілдейтін».
Баймағамбетов өз денесімен дзоттың амбразурасын жапқан күні де Х.Гайнутдиновпен бірге болған. Сол күні ротаның ұрыс ауданы Синявин биігі үшін болған-ды. Немістер бекінген жерге дейін 300 метрдей бар. Сұлтан Баймағамбетов пен Василий Семеновтің бөлімшелері фашис-
терге ең жақын тұсқа бекінді. Жақсы жасырынып, тек бақылау жүргізіп қоймай, мүлтіксіз атуға да мүмкіндігі болды.
Таңғы бестен бастап екі рет шабуылдаған біздің әскер биікті ала алмады. Немістер үздіксіз оқ жаудырып, жақындатпай қойды. Баймағамбетовтің бөлімшесі неміс пулеметтерінің қайда тұрғанын анықтап алды. Майдан даласындағы осы күнгі оқиға анығырақ суреттелуі үшін қайсар қазақтың қарулас серігі Ханиф Гайнутдиновтің сөзіне кезек берейік: «Сағат он бірлерге қарай біздің жағдайымыз нашарлай бастады. Әрқайсымызда отызға жетпейтін патроннан ғана қалған. Ұрыста бұл түкке де тұрмайды, екі-үш қысқа кезектен соң автомат босап қалады. Барлық үміт Семеновте болды. Ол рота командиріне баяндама алып кетті және қайтар жолда патрондар әкелуі керек еді. Бірақ Семенов қайта оралған жоқ, оққа ұшса керек. Осы уақытта біздің жауынгерлер тағы да шабуылға шықты. Біз оларға көмектесейік десек, оқ-дәріміз таусылған. Баймағамбетов екеумізде қалғаны тек қана бірнеше граната. Ал біздің ротамыз алға қарай жылжи алар емес, пулеметтен жаңбырша бораған оқ жақындатпайды. Сонда Сұлтан «Гранатамен барамын» деді. Ол қолына алты граната алып, үзіліссіз атып жатқан дзотқа қарай еңбектеді. Маған Сұлтанның амбразураға жақындап, бірнеше граната тастағаны жақсы көрінді. Пулемет үндемей қалды. Бірақ үндемей қалған дзоттан алыс емес жерде басқалары атып жатты. Баймағамбетов жақын жерде тұрғанына жақындап, тағы да екі граната тастады. Атыс басылмады. Сұлтан тағы да жақынырақ еңбектеп барып, үшінші гранатаны тастады. Өте сәтті болды, граната дәл амбразураға тиді.
Бірнеше минут бойы Сұлтан қозғалмай жатты. Мен бір жағдай болды ма деп алаңдай бастадым. Бір уақытта қозғала бастағанын байқадым. Жә, шамалы демалып алған шығар, енді артқа қарай еңбектейді ғой деп ойладым. Бәрібір бір гранатамен соғыса алмайды... Осы уақытта Сұлтан Баймағамбетовтің екі дзоттың аузын жапқанын пайдаланып, біздің рота алға қарай жылжыды және бір жерлерде немістерге тығыз жақындады. Тағы бір аттам болса – біз аламыз. Бірақ тек үш бұрышты дзот кедергі жасады. Баймағамбетов оны көрді. Ол алға қарай барып, гранатасын лақтырды. Алайда, граната
амбразураның жанына түсіп жарылды. Атыс басылмады. Содан кейін көргенім, Сұлтан жүгірген бойы, амбразураға жетіп, оны өз денесімен жапты.
Біз шабуылға шықтық. Әрі қарай не болғаны есімде жоқ, өйткені қоян-қолтық шайқаста басымнан және ішімнен ауыр жарақат алдым».
Осылайша, қысылтаяң сәтте қаруластарының өмірін, жеңісін өз өмірінен артық қойған батыр небәрі 23 жасында қаза тапты. Алайда, Ұлы Отан соғысы жылдарында қаһармандығының арқасында келер ұрпақтың жадында мәңгі тірі қалды.
«Тауға тұғыр қоюдың қажеті жоқ, Таулар өзі-ақ алыстан көрінеді» деген жыр жолдары ойға оралып отыр. С.Баймағамбетов ерлігінің ел есінен ұмытылмағанына сенімдіміз. Ілияс Есенберлин, Сырбай Мәуленов сынды қаламгерлер жыр-дастандар, эссе-естеліктер арнады. Дегенмен, туған жер үшін опат болған батырлардың ерлігін насихаттау ешқашан көптік етпесі ақиқат. Мұның өзі кейінгі ұрпақ үшін нағыз өнеге болмақ.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»