11 Мамыр, 2017

Мерген минометші

404 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қызылорда облысы, Арал ауданына қарастыбұрынғы "Сарбасат", "Үшкөл", "Ақкеспе" ауылдарынан майданға 90-ға жуық ер азамат шақырылып, 62-сінен қара қағаз келген немесе хабар-ошарсыз кеткен екен. Аман оралғандары көп емес. Біз есімізді біле бастағанда 10-15-і ғана тірі болатын.

Мерген минометші

Ауылдағы жас ұрпақ же­­ңісті жақындатуға үлес қос­­қан ақес­пелік майдан­гер­лерді біле ме екен деген ой мазалайды. Өзі­міз көздерін көр­ген Айман Игі­ліков, Той­­ман Сатанов, Бақ­тияр Кәріб­аев, Жаңабай Қо­да­шев, Ыс­қақ Кен­жалиев, Қапаш Қа­ра­құлов, Өмір Нұрпейісов, Ма­нау Нұрпейісов, Кен­же­ғара Де­месінов, Оралбай Дос­жа­нов, Жай­лаубай Досжанов, т.б. май­­дангерлер ес­ке түсіп отыр.
Олардың ішінде Қапаш Қара­құлов ағаның орны бөлек болатын. Ол қаланың адамы секілді кос­тюм-шалбар, ақ көй­лек киіп, мой­нында қара галстукпен, са­қал-мұртын қы­рынып, таза, ұқып­ты жүре­тін. Есептеп отырсам, 1923 жылы туған Қапаш аға 1970-жылдары елудің ішінде екен ғой. Ауылдың айтқышбектері со­­ғыс туралы небір қызықты әң­гі­ме­лерді айтып отыратын. Бірақ Қап­аш аға оған араласпайтын. Бір жа­ғынан ауыл басшысы ретінде бос әңгімеден бойын аулақ ұс­таса, екінші жағынан балық ша­руашылығы саласының білікті маманы ре­тінде жұмыстан қолы да тимейтін. 
Қапаш аға соғыс жылдары ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденін, «Ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін», «1941-1945 жж. фашистік Германияны жең­­гені үшін» медальдарын кеу­­десіне таққан. Ол майдан ту­ралы ештеңе айтпаса да, ер­лік­тері туралы деректер Ре­сей Қор­­ғаныс министрлігінің арх­и­­вінде сақтаулы тұр. 
Қапаш Қарақұлов 1940 жылы 7 жылдық мектепті бітіріп, колхозда есепші бо­лып жұмыс іс­тейді. Май­дан­ға 1942 жылы ма­мыр айында Арал аудандық әс­ке­­ри комис­сариатының шақыр­туы­мен аттанады. 
Әскери дайындықты Чкалов қаласындағы 242-қо­салқы ат­қыштар пол­кінде өтеді. Одан кейін 379-атқыштар диви­зия­сы­ның 1253-ат­қыштар полкіндегі 120 мм минометтік бата­реяның көздеушісі болып әскери қыз­метін жалғас­тырады. Та­биғи мергендігі арқасында қарсылас жақтың дот, дзоттарын, оқ ату нүк­те­лерін талай рет жалғыз снарядпен жояды. 
­Қапаш аға қызмет атқарған әскери бөлім 1942 жылдың 19 қазанынан Батыс майданының құрамына беріліп, 1,5-2 млн ке­ңес жауынгері қаза тапқан Ржев қырғынының қақ ортасында болады. 1943 жылдың 1 қаңтарынан әлгі бөлім Волхов майданының құрамында Ле­нинград қаласын қорғау үшін қиян-кескі күрестер жүр­гізеді. Ал сол жылдың қа­ра­ша айынан бастап 379-дивизия 2-ші Прибалтика май­данының қарамағына беріледі. Ленинград қаласы 870 күнге созылған блокададан 1944 жылы 27 қаңтар күні толы­ғымен босатылады. Қапаш аға қызмет атқарған минометті ба­тарея шабуыл барысында қойыл­ған әскери тапсырмаларын бұлжытпай орындайды. 
1944 жылдың желтоқса­нында аталған батарея 245-ат­қыштар дивизиясының 904-ат­қыштар полкіне бері­ле­ді де, Бірінші Украина май­­да­нының құрамында жолын жал­ғастырып, Жеңіс кү­нін Германияның Дрезден қала­сында қарсы алады. Бұл кезде Қапаш ағамыздың жасы 22-де еді.
Соғыстан кейін оның әс­ке­ри бөлімі Белоруссия аума­ғы­на тұрақтап, тек 1947 жыл­дың 
нау­рызында ғана ол туған ауылына аман-сау оралады.
Елге жетісімен еңбек май­данына араласады. Есеп­ші, қойма меңгерушісі, нұсқау­шы секілді жұмыстарды ат­қарып, 1953 жылы Дондағы Ростов қаласындағы балық ша­руа­шы­лығы тех­ни­ку­мы­ның курсын бітіреді. 1954-1976 жыл­да­ры Ұялы балық зауытында, Қа­мыс­ты­бас балық өң­деу зауыт­ын­да, Үшкөл, Ав­ан, Ақеспе ба­лық зау­ыт-
­та­­ры мен балық өңдеу ме­ке­ме­­лерінде басшылық қыз­мет­­терде істеді. 1976-1988 жыл­да­ры Қы­зыл­орда ба­лық зауытында ин­­женер-тех­нолог болды. Бұл жыл­дар Арал өңі­рінде балық ша­руа­шы­лы­ғының қарқындап да­мыған кезі-тін. Бұл табысқа Қапаш ағаның қосқан өзіндік үлесі болды. Ол екі рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құр­мет грамотасымен, «Ерен еңбегі үшін», «Социалистік жарыс­тың же­­ңімпазы», «Еңбек ардагері», т.б. медальдармен наградталды.
Қапаш аға 1988 жылы 65 жасын­да дүниеден озды. Ол құдай бер­ген жеті баланың әкесі еді. XIX ғасырдағы Бұ­ланбай, Би­сенбі аталарының бойындағы ізгі қасиеттер ұрпақтан-ұрпаққа жал­ғасып, Қа­рақұл атаға, одан Қапаш ағаның өзіне, одан Жет­керген, Жетес, Елдес, Алмат, Қай­рат (Ауған соғысына қатыс­қан) бауырларымызға және Ай­сәуле, Қарлығаш қыз­да­рына да­ры­ған. Олар әулет­тің дәстүрін абыройлы жал­ғастырып отыр.
 
Берекет КӘРІБАЕВ,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы