Біз Рақымжан ағамызды батыр ретінде ерекше мақтан етеміз. Кіндік қаны тамған қазіргі Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Қабанбай ауылына келуі біз үшін мәртебе болатын. Жерлестерінің қаһарманмен кездесуі елдің рухын көтеріп, ерекше бір көңіл күй сыйлаушы еді.
Өткенде фотоальбомды ақтарып отырып, батыр өміріне қатысты тарихи суретке көзім түсті. Осыдан тұп-тура 41 жыл бұрын Рахымжан ағамыз жерлестерімен – соғыс және тыл ардагерлерімен кездесуден соң суретке түскен еді. Суретте 30 сәуір 1976 жыл деп таңбаланыпты.
Мәдениет үйіндегі кездесуден соң Рақымжан ағамыз Ағанас ауылына ат басын бұрып, орта мектепте жиналған ауыл тұрғындарымен, мектеп оқушылармен кездесу өткізді. Батыр ағамыздың сол кездесуде айтқаны әлі есімде.
«Төрт жыл бойы қиян-кескі сұрапыл соғыста от пен жалын кешкен ағаларыңның бірі ретінде айтарым: әкелер даңқын қастерлеңдер, майдангерлердің жорық жолдарының батырлық шежіресін теріп, қаһарман кеңес жауынгерлерінің өшпес ерлігін өнеге тұтыңдар! Осы өнеге сендерді ерлікке, батырлыққа баулиды, таңғажайып нұрлы өмір орнату жолындағы күрестерде жеңіске жеткізеді», деген болатын Рақымжан аға.
Жеңіс мерекесі қарсаңында батыр Рақымжан Қошқарбаевтың өмірінен сыр шертетін фотосуретті «Егемен Қазақстан» оқырмандарына ұсынуды жөн көрдім.
Ерден АБАЕВ,
тыл ардагері, Целиноград ауданының құрметті азаматы
Ақмола облысы