11 Мамыр, 2017

«Олар Отан үшін отқа түсті»

300 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өскемендегі Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық табиғи ландшафт музей-қорығында Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында осындай тақырыпта көрме ашылды. Көрменің ерекшелігі сол, мұнда соғыс ардагерлерінің тұтынған заттары, құжаттары мен наградалары қойылған. Бұл жерден кескілескен майдан даласынан жолданған жауынгер хаттарымен қатар Р.Ахметовтің әскери билетін, С.Қазбаевтың қызыл әскер кітапшасын, Д.Доценконың грамотасын көруге болады. Жауынгерлер соғыс уақытында күнделікті пайдаланған ыдыс-аяқ, майшам, фотоаппарат секілді дүниелер де көрмеден орын алған.

«Олар Отан үшін отқа түсті»

Аталған музей-қорықта «Тірі жүрген­деріңіз үшін рахмет» атты фотосуреттер көрмесі де өтіп жатыр. Көрмеге Ұлы Отан соғысына қатысқан және бүгінде көзі тірі 64 өскемендік ардагердің портреттері қойылған. 

«Жыл өткен сайын ардагерлеріміздің қатары сиреп барады. Біз бұл көрмені алдағы уақытта толыға түсетін экспозицияның алғашқы бөлімі деп есептейміз. Соған орай қандай да бір себептермен осы экспозицияның кейіпкері бола алмаған ардагерлердің туған-туыстарына музей-қорықтың Қайсенов көшесі, 67 мекенжайындағы ғимаратына келіп, ардагер туыстарының суретін әкеліп берулерін сұраймыз. Өйткені, келешек ұрпақтың жарқын өмірі үшін жан беріп, жан алысқан әрбір майдангер аталған галерея­ден лайықты орын алуы керек», дейді музей-қорықтың қызметкері Ғафура Сәрсенбайқызы.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

Суретті түсірген 

Алексей МАЗНИЦИН