Түс кезінде әдеттегіше үйге келдім.. Жұбайым Тиышқа мына жаңалықтың бәрін айттым. Шай үстінде бұрыннан оқып жүрген «Жәмиланың» беттерін қайта аша бастадым. Кішкентай Сейіт хикая шертіп барады.Ауылда Нұрғали ағайдың «Бәрі … бәрі біздің ауылда болған хикая. О, құдая тоба…» деген сөзі есіме түсті.
Әні… әні көз алдымда Жон жайлауы! Ұлан жаз бойы шиендеп, көгілдір мұнарға бөгіп тұратын бір ертегі дүниесі. Қаратаудың сала-сала жалпақ жотасы, ол. Оңтүстігі – күңгей, шуақты. Солтүстігі – теріскей, салқын самалы желпиді. Біздің Сарысу ауданының біраз колхоздары мамыр айы туа тұтас көтеріліп, әрқайсысы өз жайылымдарында боз үйлерін тігіп, әр жерде ақша бұлттай ағарып, ауыл-ауыл боп отырады. Малын жаяды. Шөбін шабады. Астығын орады.
Жонның ауасы жанға шипа. Жұрт қымыз ішіп, ажары кіріп, сергиді. Тау табиғаты көңілдерін көтеріп, жасартады, жайнатады. Қарттардың өзі осындай табиғат төрінде: «Шіркін, Жон… Сарыарқаны сағындырмайтын Жон!» десіп масаттанады.
Рас, Нұрғали ағай айтқандай: «Жәмиланың» қым-қиғаш оқиғасы осы біздің Жонда болған сияқты. Дәл біздің ауылда! Данияр мен Жәмиланың қырманы – Өмірбек атамның қырманы! Бұл қырманға сонау биікте жатқа иен жазық – Сарыобаның адырларынан, оның бергі еңісі – Жалғызтал, одан төменірек Торыатөлгеннің ойдым-ойдым қолтығынан… мына жағы сол қанатта Төлеубала шоқысынан, оң қанатта Қарашаттың ауызы – Бәйкелсаз, онымен жапсарлас Нұржансайдың етектей жайылып барып, Нұртай өзеніне тірелетін кең саласынан арба-арба боп астық тасылып жатады.
«Жәмиладағы» Данияр – біздің колхоздың бастығы – Нұғыман! Жәмила – Қалиқа!
Нұғыман мен Қалиқаның махаббат хикаясы – Өмірбектің қырманында! Жаңағы астық таситын тарам-тарам жолдарда! Арба үстінде! Төлеубала шоқысының екі жағынан құйылатын Нұртай өзені жағасында! Және Қарашаттың ну-жыныс қалың тоғайында!
Бір қырманды бір өзі суырған Өмірбек кім? Нұғыман кім? Қалиқа кім?
Бұлардың кім екендігін Қалиқаның келін боп түсуінен қозғаған ләзім.
«Ой, Қалиқа-ай… Қалиқа-ай, бет біткеннің сұлуы едің ғой. Сол шырайың да жер-көкке сыйғызбады ғой, сені!» деп отырады шешем, Балкен.
Сол Қалиқа! Шұбыртпалы Ағыбай батыр әулетінің қызы. Ертеректе Қалиқаның туған апасы Өмірбек атамыздың бір болымсыздау інісіне атастырылып, зордың күшімен амалсыз қосылыпты. Күйеуін менсінбей, жылап-сықтап, ішқұса боп күн кешіпті. Келе-келе ол бұл қорлыққа шыдай алмай, бір күні ел жайлауға көшіп жатқан жауынды кеште, иә, сол бір алас-күлес қарбалас сәтте жайдақ атқа мініп алып, көзі тұнып, «шешінген судан тайынбас» деп, Тайатқаншұнақта отырған төркініне қашып кеп береді. Ежелден құдандалас екі елдің арасына салқындық түседі. Екі жағы бірдей үрпиіседі. Қайтып келген қыздарына сөздері өтпейді. «Өлтірсеңдер де бармаймын да… бармаймын!» деп қыз жер бауырлап, шашын жұлып, долданып, жатып алады. Ата-анасы ұрсып та көреді, ұрып та көреді. Қыз азар да безер боп бет бақтырмайды. Көнбейді, көгеріп. Міне, осы кезде Ағыбай батыр ауылында үлкен шатақ шығады. Бұл ауылда біздің үш-төрт апаларымыз бар екен. Олар намысқа күйіп, қолдарында бір-бір сойыл… бір-бір атқа мініп алып, күллі ауылдың шаңырағын шартылдата сабап: «Ә, құтырған қаншық! Ерді, елді тастау олай емес, былай, сен көкбет Ағыбайдың қызы болсаң, оу, жүзіқара, біздей бетбақ «Таманың тәуекелінен сақта, дейтін елдің қызы боламыз!» деп қатындар соғысын салады. Шұбыртпалының басие дерлік билері, ақылгөйлері қауқалақтасып, «Жаздық… жаңылдық!» деп тез арада бір шешім жасайды. Қашып келген қыздың он үш жасар сіңлісі – осы Қалиқаны үлбіретіп, шырылдап жылағанына қаратпай апасының төлеуіне әлгі байғұсқа апарып күштеп қосады. Он екіде бір гүлі ашылмаған Қалиқа да ойда жоқта бір сорға ғайыбынан тап болады. Қызығы жоқ, рахаты жоқ, ләззәтсіз бейопа өмір өтіп жатады. Бір күндері отыз екінші жылдың ашаршылық нәубеті келеді. Ел қырылып-жойылып, Бетбақтың шөлімен Шу, Талас бойы… Қаратауға қарай шұбырады. Осы босуда Қалиқаның сорлы күйеуі аштан өледі. Ел Қаратауға жетіп, ойдағы-қырдағысы біртіндеп қайта табысып, Көлме-Көлдің жағасына орнығады. Жұбын жазбай келген үш ата – Кедей, ол – біздің ауыл – Ілгерібас, Төлеген – «Серго», Сеңгірбек – «Жаңакүш» колхозы боп ұйымдасып, өзенді, сулы, көлді өңірге мекендейді. Ел ес жия бастайды. «Астыңғыбұлақ» дейтін суы мол, асау бұлақтың құлама жарларына диірмен орнатып, тоған байлап, арық тартып, егін егіп, Арқадан келген ел дихан боп шыға келеді. Ел қоңаяды. Қалиқа-жесір…
Қалиқа елге сүйкімді. Ел оны өбектейді. Еркелетеді. Қылығына сүйініп, бетінен қақпайды. Ол енді Өмірбек атамыздың келінінен гөрі қызы секілді еркін, сондай бетті. Басы бос. Үйленбеген қайындары «әмеңгерім» деп ашық қалжыңдасып, көп қырындайды. Қалиқа болса асау тайдай бұлғақтап, тағдырмен жағаласып, өзінің ендігі бағын ойлап, кей абысындарының ішін күйдіріп, ешкімге дес бермей, қарттарға: «Жә, қойыңдар түге! Бұл Қалиқа аруағыңнан айналайын, Ағыбай батырдың қызы емес пе?! Бетінен қақпаңдар!» дегізіп, қайқақтайды. Өстіп жүргенде Қалиқадай асауға тағы бір «бұғалық» түседі. Ауылда Досат есімді қарияның Сәтжан, Төре дейтін айдарынан жел ескен екі ұлы бар. Солардың үлкені Сәтжан Қалиқаға үйленеді. Уыздай толықсыған Қалиқа ұл туып береді. Іле немістермен соғыс басталады. Ауылдағы ер-азаматтан тігерге тұяқ қалмай майданға аттанады. Соғыс… көп ұзамай Сәтжан мен Төреден қарақағаз келеді.
Қалиқа тағы да жесір...
Біз бала болсақ та бәрін көріп, бәрін естіп жүрдік.
Әйел біткен ердің ісін істейді. Жерге түскен қолаң шашын шоқпардай ғып желкесіне түйіп алған Қалиқа, қайғыға иілмеді, сынбады, «Көздінің – көзіне, сөздінің – сөзіне!» деп іштей шамырқана ширап, екі көзі жақұттай жарқырап, жайнай түсті. Бір күндері жұрт: «Қалиқа… Нұғыман! Нұғыман… Қалиқа!» деген сөздерді боратты-ай кеп.
Нұғыман – ақсары жүзі сондай нұрлы, келбетті, нар жігіт. Аттың сұлуын мінеді. Киімі де сәнді, сәулетті. Ақылды, айбынды… ел сүйген бір бекзат жан. Елге соғыс ауыртпалығын сездіргісі келмей, небір алапат істерге өзі ұйытқы боп, өгіздей өрге сүйрейді де жүреді. Ауыл сол қасиеті үшін жақсы көреді. Сөзіне құлақ асады. Тыңдайды. Иланады. Сенеді оған. Жүзіктің көзінен өткендей Куәш есімді, жібек мінезді, келіншегі бар. Бұларды жұлдызы жарасқан мұңсыз жандар десетін, ауыл іші.
Қалиқа мен Нұғыманның арасында махаббат машақаты басталды. Ауылда ешкім қыңқ етпеді. Бірақ, бір жолы… әлі есімде, біздің үйде шешей Қалиқамен сырласып отырып: «Абыройың төгіледі, Қалиқа!» деді. «Төгілсе жиып алам!» деді, Қалиқа. Шешей тұнжырап, үндемей қалып еді: «Нұғымандай ер бір ұлға зар. Шекесі торсықтай ұл туып берем, оған! Мен тек ұл табатын алтын құрсақты қатынмын. Жұрт не десе, о десін, әй, Балкен, сен мына менің ақ жүзіме қарашы, осы дидарымды мезгілінен бұрын солсын, деп отырсың ба? Екі рет есік көрдім. Не мұратқа жеттім? Тағдырдың сыйы сол ғана ма? Алда үміт дүниесі… бір сәулелі шырақ жылт-жылт етеді. Қызығым шығар, ол. Бақытым шығар, мені елеңдеткен! Соның үдесінен шыққым келеді. Мен ерден кетсем де, елден кетпейтін жанмын, Балкен! Бұл елдің қадір-қасиетін білем. Бас қосқан қосақтарымды құдай алды. Жесірмін! Жесірлік маңдайыма жазылған нәрсе ме, тегі? Балкен, өзгені неғылайын, мен әуел баста сіздің әулеттің келіні едім ғой. Менің жайымды да, сырымды да өзгелерден гөрі сен жақсы білесің. Сыртым жалын, ішім мұз. Кейбір күндері құдайдың таңы атпайды, маған. Сәтжаннан қалған жалғыз тұяқ – Тайжаныма еміреніп жатып, мызғып кетем, әйтеуір. Басына түскен адам ғана біледі, оны. Ел сөзі тиылмайды, бәрібір. Тағы айтам, мына өмірде әлі де үлесім бар… үлесім! Соның қызығын көрейін, Балкен. Нұғыманға ұл керек… ұл!» Бұдан әрі сөз болған жоқ.
Қалиқа сол жайраң қаққан қалпы…
Қалиқа шешелерімізбен бірге қол орақпен бидай орады. Ақ білегі жалт-жұлт етіп, қолындағы орағы оқ жыландай сумаң қағып, қынай белі өрім талдай иіліп, апырып-жапырып кіріседі, бір. Қасындағы әйелдерге әзіл-қалжың айтып, сөзді де сапырады. Бау-бау бидайды өзгелерден бұрын орып, қаусатып-ақ тастайды.
Енді бірде ол шаңы бұрқыраған қара жолда астық тиелген арбаны заулатып айдап бара жатады. Қасында есік пен төрдей жүйрік ақкөк биені ойнақтатқан Нұғыман! Арбаға жанаса жүріп, Қалиқаның шегін қатырған бір сөздерді айтады. Бұлардың сыртынан сұқты көздер қадалады. Құдды Данияр мен Жәмила!
Қызылжалқынданып кеш бата береді, әркім үйді-үйіне қайтады… биік шоқы Төлеубаланың етегіндегі Нұртай өзені Ай нұрына шағылысып, қорғасындай балқиды, бір. Өмірбек ата қырманның аттарын босатып, баласы Кеңесбай екеуімізге: «Суарыңдар» дейді. Біз аттарды өзенге алып келеміз. Өзенде Шайқы, Сағынбай, Ақберген, Әділ, Тілепберген… солардың төңірегінде шуылдасқан басқа да жігіттер шомылып жүреді. Бәрі күндізгі тірліктен шаршаған. Бір тұстан келіншектердің күлкісі шығады. «Әй, сендер, әрірек барып суарыңдар!» дейді ағаларымыз. Біз өзенді жағалап кете барамыз. Бір қара жартастың түбінде Қалиқа мен Нұғыман аттарын суарып тұрады. Біз оларға таңғалып, қараймыз, бір! Қыр жақтан әйелдердің:
Айдын бир ғана толук, о-ой,
кезинде, а-ай,
Арырлуу ғана тоонун, а-ай,
бетинде, – дейтін ән естіледі.
Қалиқа мырс етіп: «Қырғыз қатындар қырманнан қайтып барады» дейді, қос жанары жарқылдап.
Айы толықсыған мақпал түн болады. Біз Өмірбек атаның үйінде сүтке пісірген бидай көжені ішіп отырамыз, мұрынымыз пышылдап. Ал, үй іргесіндегі қырманның бір шетінде Қалиқаның сақылдаған күлкісі! Өмірбек атаның қалың қасы екі көзін жауып, тұнжырай түйіліп, алдындағы көжеден бас алмайды. Ха-ха-ха! Қалиқаның күлкісі…
Бізге «Іш… ішіп, тойып алыңдар!» деп дігірлеп, бәйек болған әжеміз Нүрила сондай шыдамсыз жан... кешегі келіні – Қалиқаның мына күлкісіне жыны келіп, намыс отына күйіп, өзінен-өзі тұтанып, қалш-қалш етіп: «Жарып өлтірем, бетбақты!» дейді. «Жап ауызыңды!» дейді Өмірбек ата, сол түнерген қалпы. Қалиқаның күлкісі түн тыныштығын дүркін-дүркін сілкінтіп, жартастарға жаңғырығып, алысқа… тым алысқа кетіп жатады.
Тағы бір таң атады. Ұйқыдан тұра салып, Кеңесбай екеуміз өзендегі аттарға жүгіреміз. Тағы да су ішінде – Қалиқа… қайда қашарымызды білмей, тосыламыз кеп. Ақ төсі жарқырап, Қалиқа қалың қара шашын тарап тұрады. Жағада атын жетектеген Нұғыман!
Алты-жеті жасымда өз ауылымда көрген осы сурет Шыңғыстың Сейіті салған суреттей ұмытылмапты. Қалай естен шығады, ол. Бәрін көріп, біліп, зердеге түйіп…. соғыс тауқыметі ерте есейтіп, солай өстік.
Түскі шай үстінде «Жәмила» повесінің романтикалық лебі маздата үрлеп жіберген біздің ауылдың осы хикаясы қаз-қалпында жайнап бір елес берді. Мен осылайша таңғажайып махаббат дүниесіне ендім де кеттім. Кітап бетінен тау мен даланың әуені еседі. Соған елітіп, сол әуез еркімді алып, мүлде билеп бара жатқанын сездім.
– Шайың суып қалды, Илья.
Илья Жақанов