Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекеттік тәуелсіздігімізді жариялаған тұста жаңа мемлекет қалыптастыру бағдарламасының ең өзекті алғышартты мәселелері ретінде мемлекеттік аппарат пен білікті мемлекеттік қызметкерлер іріктеп, оларды тиімді орналастыру ісіне айрықша басымдық берді. Ширек ғасыр бойына осы салада түбегейлі реформалар жүргізумен келеді.
Әсіресе Президенттің бес институт-
тық реформасын жүзеге асыруда жүз нақты қадамның ең алғашқы он бесі дәл осы мемлекеттік қызметтің сапасын, мазмұнын жаңа талаптарға сай модернизациялаудың маңызы ерекше.
Бұрынғы саяси әкімшілік жүйеде басқарушы билік, лауазымды қызметкерлерді жауапты қызметтерге бекіту тек қана коммунистік партия комитеттерінің құзырында еді.
Өз ұлттық мемлекетіміздің тәуелсіздігін жариялаған алғашқы сәттен бастап ең алдымен ел басшысы Республика Президентінің құзырын заңдастырып, мемлекеттік басқару жүйесін орнықтырып, барлық мемлекеттік институттарды қысқа мерзімде жаңадан қалыптастыру жұмысын жүзеге асырды. Бүкіл өміріміз түбірімен өзгеріске ұшырап жатты. Тұтас биліктегі коммунистік партияның бақылауындағы саяси әкімшілік жүйе саяси аренадан кетті.
Тұңғыш Президент алдында мазмұн, мақсаты жағынан, қоғаммен қарым-қатынасы жағынан мүлде жаңа билік жүйесін қалыптастыру арқылы елге қызмет ете алатын мемлекеттік жауапкершілік талаптарын анықтау қажет болды. Сөз жоқ, бұл өте қиын жұмыс еді. Басты қиындық адам тану саласында болғаны және бола беретіні анық. Бұрынғы Одақ кеңістігінде толассыз тасқындаған басқару жүйесін сынап, оларды «жерден алып, жерге салып», митингілеп, неше түрлі саяси науқандар өткізумен іс бітпейтіндігі қысқа мерзімде белгілі болды.
Нұрсұлтан Әбішұлының ұтқырлығы мен саяси көрегендігі арқасында біздің елде ондай науқаншылық пен қақтығыстарға жол берілмеді. Өйткені, саяси жүйе, билік өзгеріп жатқанымен бүкіл қоғам да, адамдар да, мамандар да, яғни барлық тұрмыс, болмысымыз кешегі қоғамда саяси жүйеде өмір сүргеніміз белгілі. Бізге, біздің жаңа мемлекетімізді ешкім де, ешқандай сыртқы күш те келіп жасап бермейтіні анық. Біздің халықтың кемеңгерлігі осыны әділдікпен түсінді. Өткен өмірді, өткен саяси жүйені немесе саяси тұлғаларды кінәлап, дау-дамай туғыза беруден ешнәрсе шықпайтыны, одан гөрі бүгінгі, ертеңгі өмірдің жасампаздық жолдарын іздестіру маңыздырақ екенін жеке тұлғалар да, қоғам да дер кезінде пайымдай алды. Әрине, бір-ақ күнде адамдар, тіпті озық ойлы, талантты тұлғалар кешегі қоғамнан мүлде бөлек сана, дүниетаным, жүйе орнатып, «жап-жаңа» болып шыға алмайтыны да адамзат, мемлекеттер тарихынан белгілі. Өткен қоғамның алдағы кезең талаптарына, жаңа реформаларға сай келмейтінін түсіну, енді еркін мемлекет, жаңа тұрмыс, жаңа көзқарас қалыптастыру міндеттерін түсіну арқылы келетінін де қоғам даму жолдары дәлелдеген.
Сондықтан, қоғамдағы түбегейлі өзгерістердің бағыт-бағдарымен үндесіп, үйлесуге, еңбектенуге қабілетті адамдардың бұрынғы тәжірибесін орынды пайдалану да қажет болды. Осындай сабақтастықты орнықтыру арқылы жас ұрпақ қатарынан талантты жастар мемлекет ісіне көптеп тартылып, олар жаңа реформаларды жүзеге асыруға белсене араласты. Әрине, бәрі де оңай болған жоқ. Еш нәрсе де бір күнде өзгере салмады. Мақсатты ізденіс, табанды ұстаным, білікті бағдар қажет болды. Қателіктерді де, қайшылықтарды да еңсеруге уақыт кетті. Осындай жұмыстың нәтижесінде Қазақстан қоғамында өткен дәуірдің идеологиясынан бас тарта отырып, баланы әкеге қарсы қою, ұрпақтар арасын араздастыру пиғылдарына, жаппай қоғамдық төңкерістік науқаншылыққа жол берілмеді.
Сенімнен күмәні, анығынан бұлыңғыры көп, аумалы-төкпелі заманда адам тани білу, қандай адамның қай қызметке лайықтылығын болжап, дер кезінде шешім қабылдаудың өзі де үлкен өнер, білгірлік. Мемлекетті құрып, оның негізін қалап, қабырғасын тұрғызу ісі Нұрсұлтан Әбішұлы үнемі өзі ерекше атап жүретіндей бір басшы адамның ғана ісі емес. Сөз жоқ, оның жанында өзі таңдап, әрқайсысына сенім көрсетіп, ортақ мүддеге жұмылдыра алған, мемлекет ісіне адал, білімді, білікті, қабілетті әріптестері, жарамды тұлғалар болуы керек, өкілетті мемлекеттік институттар құрылып, жұмыс істеуі қажет. Мемлекетті басқару институтарының да уақытты жоғалтпастан жедел, қысқа мерзімде жасақталып, үздіксіз жұмыс істеуін ұйымдастыра білетін білікті, дайындығы мол адамдар болуының да маңызы айрықша. Бүгінгі әңгімеміз сондай маңызды тұлғалардың бірі туралы болмақ.
Біз өз Конституциямызда көрсетілгендей, Президенттік басқару жүйесін таңдауымызға байланысты еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жоғарыда айтылған аса жауапты мемлекеттік маңызды жұмыстарды ұйымдастырып, мемлекеттік дәрежеде елді басқару жүйесінің үздіксіз қызметін қырағылықпен, сергектікпен әділ де адал қамтамасыз етуге міндетті – Президент Әкімшілігінің Басшысы деген лауазымның орны ерекше. Тұңғыш Президентіміз бұл лауазымға сол кезде Нұртай Әбіқайұлы Әбіқаевты таңдаған. Елбасы сол таңдауынан қателескен жоқ. Ұзақ жылдар осы қызметті абыроймен атқарған Нұртай Әбіқайұлы аталмыш қызметтің беделін көтерді.
Ел-жұрт, қоғам Нұртай Әбіқаевты Елбасының ең сенімді серігі, көмекшісі, адами тұрғыда жанашыры деп қарайды. Шын мәнінде солай.
Оның тәуелсіздік тұсындағы бүкіл өмірі мен еңбегі Тұңғыш Президентіміздің қызметімен, жас мемлекетіміздің мемлекеттік институттарының қалыптасып, жұмыс істеуімен, еліміздің өркендеп өсуімен тығыз байланысты. Әсіресе мемлекеттігіміздің жаңа тарихындағы аумалы-төкпелі, аласапыран 1991-1995 жылдары Президент Әкімшілігінің жетекшілігінде дәл осы Нұртай Әбіқаевтай бірқалыпты, сабырлы, адал адамның болуы көптеген қайшылықты жағдайлардың оң шешілуіне зор ықпал еткенін сол кездегі алғашқы Үкіметтің құрамында болып, көзіміз көріп, көңіліміз тынған. Кейінгі жылдары оның сондай ел басқару, ел мүддесінде оң шешімдік қадамдарына бару шеберлігі абыроймен арта түскеніне де куә болдық. Ол – Елбасының тамаша мектебінен, тәрбиесінен өткен жоғары дәрежедегі мемлекеттік қызметкер.
Нұртай Әбіқайұлы жаратылысынан тазалық, адалдық, еңбекқорлық, әдептілік ауанында тәрбиеленіп, қатарластары мен құрдастарының қалыптасу, шыңдалу, есею жылдары мен жолдарында өз еңбегімен өскен азамат. Тегінде көп адамдардың өмірде жолы болып, немесе болмай жататын жағдайлары – жас адамның мамандық таңдауынан басталатыны да кәдімгі тұрмысымызда бар жағдай. Ол әуел баста мамандық таңдаудан жаңылмаған. Жас жігіт 1970 жылы Свердлов (қазіргі Екатеринбург) қаласындағы сол кезде Кеңес Одағындағы мәртебелі, беделді жоғары оқу орындарының бірі – С.М.Киров атындағы политехникалық институтын үздік бітіріп, екі жыл әскер қатарында офицер болып, еңбек жолының алғашқы жылдарын институтта алған мамандығымен нақты өндірісте бастаған. Өндіріс орны, ұжым ортасы қашанда жас маман үшін, оның азаматтық дүниетанымының, мінез-құлқының қалыптасып, шынығып, ширауы үшін үлкен мектеп. Өткен ғасырдың 70-жылдары Алматы ауыр машина жасау заводында жұмыс істеу көптеген мамандардың арманы болатын, және оған қазақ жігіттерінің өтуі де Мәскеу арқылы шешілетін. Басшысы, басқарушы аппараты, өндірісі бойын-
ша Мәскеудің құзырында болатын. Осы бір мысалдан-ақ «тәуелсіз мемлекеттілік» деген ұғымның қадірін білсек керек. Бес жылға жуық осы заводта қатардағы инженерден заводтың бас конструкторлық бөлімінің конструк-
тор инженері дәрежесіне дейін нә-
тижелі еңбек еткен жас маман Алматы қаласының жаңадан құрылған Әуезов аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Қазақстан Орталық партия комитеті нұсқаушысы қызметтеріне шақырылады.
1984 жылы Үкімет төрағасының көмекшісі, 1985-1988 жылдары Алматы қаласының Медеу (бұрынғы Фрунзе) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін абыроймен атқарып, Нұрсұлтан Әбішұлы 1989 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланғаннан кейін Нұртайды қайтадан жанына шақырып, оған зор сенім көрсетіп, Республика басшысының көмекшісі қызметін тапсырады.
Еліміздің өсу жолдарында тәуелсіздіктің қарсаңы және алғашқы жылдарының орны да, маңызы да ерекше дер едім. Ол жылдардың аласапыраны мен қайшылық қиындықтары жайлы Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің ресми баяндама-
ларында, естелік шығармаларында, сондай-ақ, сол кезеңде Орталық билік басында қызмет атқарған тұлғалар да жазды, жазып жүр.
Еліміздің Тұңғыш Президенті ресми тәуелсіздік жарияланар қарсаңындағы өтпелі кезеңде қоғам құбылыстарының тамырын қалтқысыз басып, дер кезінде мемлекеттік билік құрылымын біліктілікпен дайындай бастағанын әуел баста көпшілігіміз анық біле де алмай қалдық. Өйткені, ол кезде Мәскеудегі Одақтық Орталық биліктің өзі бопсаланып, тиянақсыздыққа тіреліп жатты. Ақыры Мәскеуде 1991 жылы әйгілі тамыз дүрбелеңі көтеріліп, ол сәтсіздікке ұшырап, Одақтағы Бас билік иесі – Коммунистік партия таратылып тынды.
Осыдан кейін-ақ біздің Президент Қазақстанда шұғыл түрде Мәскеуге жалтақтамастан өзінің дербес жолын айқындай бастады. Жедел жағдайда тәуелсіз мемлекеттің басқарушы өтпелі кезеңнің билік институттары құрылып, жасақталуына айрықша мән берілді. Қазақстан президенттік басқару формасын таңдады. Министрлер Кабинеті құрылды. Жоғарғы Кеңесті (парламент) қайта құру жұмысы алда тұрды. Ақыры 1991 жылдың 16 желтоқсанында Жоғарғы Кеңес депутаттары (ол кезде 360 депутат болатын) көпшілік дауыспен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң қабылдап еліміз өз тәуелсіздігін әлемге жариялап, ресми түрде тәуелсіз мемлекет болып қайта құрылды.
Ол кезде, яғни осыдан 26 жыл бұрын бүгінгідей бізді бүкіл дүние жүзі таныған келісті, қуатты мемлекет дәрежесіне жете қоймаған кезіміз. Өкілеттігі бүгінгідей Сыртқы істер министрлігі әлі жасақталмаған тұста әлемдік қоғамдастықпен қарым-қатынас Президент Әкімшілігі арқылы жүргі-
зілетін. Жоғарыдағы маңызды мемлекеттік ұйымдастыру жұмыстарын, сол бағыттағы Президенттің бастамалары мен белгілеген нақты шараларын, шешімдерін аса жедел түрде жеткізіп, Орталық мемлекеттік аппарат қызметін ың-шыңсыз үйлестіріп, қабылданған шешімдерді қаққан қазықтай етіп, жолға қою Президент Әкімшілігінің құзырында болды. Сондай мемлекеттік институттардың қаз тұрып қалыптасып жатқан 1992-1994 жылдары Президент пен Министрлер Кабинетінің бірлескен аппаратын Нұртай Әбіқаев басқарды. Бұл, сөз жоқ жоғарыда айтқанымыздай жас мемлекет құрылысындағы әрі құрылымындағы ең жауапты лауазымды қызметтердің бірегейі, қазір де солай. Әкімшілік аппаратының қызметі дүние жүзі елдерінің ұзақ тарихында билік жүрегі десек болады. Оның құзырына жауапты мемлекеттік қызметкерлерді таңдау, тәрбиелеу, жүйелеп, орналастыруда Президентке ұсыныс дайындаудан бастап, еліміздің бүкіл тыныс-тіршілігіне, Президент құзырына қатынасты үздіксіз жұмысты ұйымдастыру толық кіреді. Аппарат жұмысының ерекшелігі де, міндеті де көп. Ол туралы, оның стратегиялық міндеті туралы қаншама ашықтық және белгілі ереже тәртібі болғанымен, көп жағдайда аппарат жұмысының ішкі механизмін оны басқарып, жүргізіп отырған адамнан басқа адамның білуі мүмкін емес. Сол жариялана бермейтін жұмыстың нәтижесі ретінде қабылданған шешім ғана айғақты. Бірінші басшы, яғни Президенттің өзі ғана біліп, шешім қабылдайтын жағдайларды кейде Әкімшілік басшысы білуі мүмкін. Бұл да жоғары дәрежедегі мемлекет мүддесінің маңыз-
дылығын көрсетеді.
Бұл лауазымдағы адамның жауапкершілік дәрежесін Елбасының үздіксіз жұмыс кестесімен тікелей байланыстылығынан да білсе болар.
Нұртай Әбіқаевтың өмірбаянының ширек ғасыры – осы жиырма алты жылында жас мемлекетіміздің тәуелсіздігінің тұрақтанып, қуаттанып, нығаюы үшін қаншама ізденіс, күрес жолдарынан өтіп, қаншама тәуекел шешімдерге барғанын да білетін адамдар көп емес. Ол осы жылдар үнемі Тұңғыш Президенттің ең жақын әрі сенімді, сондай-ақ жаңа заман үрдісіне сезімтал, қоғамның тыныс-тіршілігін білетін білікті адамдардың алдыңғы қатарында жүр. Біріншіден, ол мемлекеттің өте жауапты әрі күрделі қызметтерін абыроймен атқарып келеді. Екіншіден, оның адами тұлғасы қандай да қайшылықты қиын сынақтардан сыр бермей өтіп келеді.
Оның ант беріп атқарған мемлекеттік лауазымды қызметтерінің атауларының өзі-ақ азаматтың кім екенін айғақтап тұр. Нұртай Әбіқайұлы еліміздің Ұлыбритания, Ресей сияқты империялық елдердегі елшісі, екі рет Президент Әкімшілігінің басшысы, екі рет сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, екі рет республика Қауіпсіздік Комитетінің Төрағасы, Сенат Төрағасы, депутаты сияқты қызметтерді, әрине Елбасының ең сенімді деген сардарлары, сарбаздары атқарары хақ. Елбасының сенімі – ел сенімі. Өйткені, халық өз Сенімін бүкілхалықтық сайлау қорытындысы бо-
йынша Нұрсұлтан Әбішұлына тапсырып, Президент саясатына оның ел басқару қайраткерлігіне тұтас қолдау көрсетіп келеді.
Нұртай да қалтқысыз Елбасымен бірге.
Нұртай Әбіқайұлы кейбіреулер па-
йымдайтындай, «сұр кардинал» да емес, тоқмейілсіп, қатып қалған паң шенеунік те емес. Қызметінің сипатына қарай көп алдына, бұқаралық ақпарат құралдарына шыға да бермейді. Қажетінде айтар сөзін айтады. Көп біледі, аз сөйлейді. Жарияламай жүріп іс тындыратын салмақты, байыпты топқа жатады. Қызбалығы жоқ. Ұстамдылығы, сабырлылығы басым. Даңғазасыз ба-
уырмал. Адам жанын түсінгіш. Спортқа бейім. Студент шағында волейбол командасының капитаны болып, Свердлов, Ресей біріншіліктерінде жүлделі болған. Жастық шақтың жарқылдаған дәуренінде спорт шебері деген атаққа да қол жеткізген. Көп жылдан бері Қазақстан Республикасы волейбол федерациясын басқарады. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда Елбасының бастамасымен бізде бұрын аса дами қоймаған гольф сияқты «ақсүйек» спорт түрлерінің елімізде қалыптасып, өріс алуына көп еңбек сіңірді.
Еліміздің жаңа, яғни тәуелсіз мемлекеттік дәуіріндегі ең тағдырлы шешімдер тұсында, ең елеулі оқиғалар мен Елбасының бастамаларында Нұртай Әбіқайұлы қатынаспаған шаралар жоқтың қасы. Елбасының жыл сайынғы тарихи Жолдауларының стратегиялық даму мақсаттарының орындалуы, халық тұрмысының жақсаруы мемлекеттік шекараларымыздың бекітілуі, халықаралық беделінің өсуі, ішкі-сыртқы қауіпсіздігіміздің қамтамасыз етілуінде Нұртай Әбіқаевтың тиянақты еңбегі, қолтаңбасы бар.
Адамдардың қарым-қатынасында да, мемлекет жұмысында да, тіпті отбасында да Сенім деген ұғымның мәні де, маңызы да зор. Сенім – адамдар дүниетанымының ерекше қасиеті. Сенім – адам, қоғам мәдениетінің айқын көрінісі. Сенімді шашпай-төкпей сақтай алатын адамдар ғана өз адамгершілік деңгейін көрсете алады. Менің түсінігімде Нұрсұлтан Әбішұлы мен Нұртай Әбіқайұлының арасындағы Сенім ұғымына негізделген, соған сүйенген таза қатынас ортақ мемлекет мүддесіне жауап бере алатын, ұлтқа үлгі болатын сирек құбылыс.
Осы күндері біздің қоғамда Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы кеңінен талқылануда. Қуанарлығы – бұл мақала ел арасында ешқандай ресми тапсырмасыз, халықтың, әр адамның өз санасымен оқып, түйсініп, соған көзқарасын, пікірін білдіруінде. Әсіресе, мақалада көтерілген ұлттық сана, ұлттық мәдени- генетикалық код, туған жер қасиеті, латын әліпбиіне көшу мәселелері туралы Елбасының ой-толғамдары, ұсыныс- пікірлері ел жүрегінен ерекше үндестік табуда. Мақаланы қазақстандықтар ерекше рухани серпіліспен қарсы алды. Еліміздің, ұлтымыздың болашағын ойлайтын әрбір азамат мақаладағы тың ұсыныстарға құлшына пікірлесіп отырғаны Елбасы ел жүрегінде, көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беріп отыр. Жаңа тарихымыздағы осы мақаланы оқи отырып, ұлтымыздың өсу жолдарын, сол жолдағы ұлт тұлғаларын ой елегінен, көз алдыңнан өткізе аласың. Ұлттың сапасының тұрақтанып, күшеюіне қалтқысыз қызмет етіп, жас ұрпаққа үлгі болар Нұртай Әбіқаев сияқты тұлғалар қатарының арта түсуі де біздің тәуелсіз мемлекеттігіміздің жемісі, ұлттық-генетикалық кодымыздың сақталуының нәтижесі деуімізге негізіміз толық. Ол – ұлтымыздың текті әлеуетінің болашақтың дамуына, жақсаруына өз болмысымен, өз тәжірибе, тәрбиесімен, рухани мәдениетімен алдағы уақытта да мол үлес қоса алатын тұрлаулы Тұлға.
Қысқасы, замандасымыз, әріптесіміз, бауырымыз Нұртай Әбіқайұлы жоғары ұғым мағынасында сенім сардары, сергек ұйымдастырушы, қоғам сұранысына жауапкершілік сезімі айрықша, көрнекті мемлекет қайраткері.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты