Медицина • 12 Мамыр, 2017

«Ұлы Дала Елі» манифесі

424 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстанның бүгінгі өркенді өмірінде мамыр айының мәні ерекше. Бұл айда үзілмейтін берік арқауға үндесе өрілген үш мемлекеттік мереке бар. Мазмұндық ретімен келер болсақ, Қазақстан халқының бірлігі мерекесі бұл мәртебелі сатыда ілгері тұрады деп ойлаймыз. Өйткені, бірлік пен келісім болмаған жағдайда Отан Қорғаушылар жағы олқы соғып, Ұлы Жеңіске де жете алмасымыз бесенеден белгілі еді.

«Ұлы Дала Елі» манифесі

Біз ежелден жеңістер тарихын қалыптастырған елміз. Бұл ұлы жолды ХХІ ғасырда көреген ойшыл және қазіргі заманның қай­та­ланбас қайраткері, ел Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев бастап келе жатқан жаңа мем­лекет – Қазақстан Республикасы сал­танатты шерумен жалғастыруда.
Біз өз ғұмырнамамыздың ал­ғаш­қы ширегін немен және қан­дай жетістікпен өзектестіре ала­мыз? Өміріміздің жаңа сатысына қандай әлеуетпен ендік?
Біздің барша жеңістеріміз бен жетістіктерімізді ерекше мақ­таныш сезіммен ұзақ әрі бірнеше мәрте айта беруге болады. Бірақ біз алдымызға мемлекетіміздің жү­­ріп өткен даму кезеңін түйін­дей­тін ықшам шолу жасау жөнін­де басқаша міндет қойып отырмыз.
Біз Қазақстанның жаңа тари­хындағы өткен кезеңіне қысқаша талдау жасамас бұрын әуелі мынаны атап өткіміз келеді.
Халықаралық саясатта «raison d”etat» – ұлттық мүдде деген ұғым бар. Бұл тұжырымды дип­ло­матиялық лексикаға бір кез­дері Францияның XVII ғасыр­дағы көрнекті мемлекет қай­рат­­кері кардинал Ришелье ен­гізді. Оның мәні халықаралық күш­­тердің теңгерімін ескере оты­­рып, мемлекет мүддесін жан-жақты қорғауға саяды. Мұ­ның бәрі бүгінгі заманғы саяси сарап­таманың көсемі Генри Кис­синд­жердің «жаһандық эпопея­сына» айналған «Дипломатия» кітабында ғажап көрсетілген.
Бұл орайда, озық держава­лар­дың көшбасшылары мен әлем­дік деңгейдегі жетекші сарап­шылардың шынайы мойындауы мен шексіз құрметіне ие болуына біздің Президентіміздің аталған тұ­жырымды көпвекторлы қағи­датпен байыта отырып, оны өте нәзік шеберлікпен табысты жүзеге асыра білуі деп ойлаймыз. Бүгінде жаһандық экономикалық турбуленттікпен сипатталатын «жаңа қалыптағы» заманауи жағдайда Қазақстан өзінің демо­кратияға, бостандыққа және жасам­паз­дыққа құрылған бағы­тын берік ұстануда.  
Сонымен, біздің табыс­тары­мызды тарқатып көрсек.
Бірінші және ең бастысы: біз әлем картасында жаңа мем­лекет – табысты, заманауи, демо­кратиялық Қазақстан Респуб­ликасын құрдық.
 Бұл жайында көп айтылып, көп жазылуда, бірақ ол бұлжымас дәйек. Бірегей Көшбасшының болуы­ның арқасында мемле­кетіміз орнықты. Ол дүниежүзілік ауқымдағы заманауи басшы – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.
Еңбекқор, дарынды, пара­сатты халқымыз бар. Осы жылдар ішінде біз өзімізді тұрақты түрде ілгерілеуші, ұдайы ізденетін және өрге ұмтылған ұлт ретінде таныта білдік. Көшбасшы мен ұлт өзара үндес байланыста бола­ды. Қайратты басшы мен тиім­ді идеяларсыз тиянақтылық та, тәр­тіп те және тұрақтылық та болмақ емес. Бұл сұраққа халықтың жауабы тұңғиыққа тартатындай қарапайым.
2015 жылғы 26 сәуірде өткен ел президентінің соңғы сайлауы­ның қорытындылары өзі жайлы бәрін де жасырмай жайып сала­ды. 8 миллион 833 мың сай­лау­шы Елбасына дауыс берді. Бұл 97,75 %. Бұл жерде тағы қан­дай пікірлер болуы мүмкін?
Екіншіден, біз бір қоғамдық-экономикалық формациядан келесісіне көшуді ойдағыдай жүзеге асырдық. Қайта айналып соқпаудың нүктесінен біржолата өттік. Елімізде биліктің заңнама­лық, атқарушы және сот тармақ­тары қағидаты бойынша негізін құрайтын демократиялық жүйе жұмыс істейді. 
Әкімшіл-әміршіл экономи­ка­ның қирандысында ірге­тасы жекеменшік болып табы­ла­тын нарықтық экономика құрыл­ды. Бүгінде біз, мәселен, Эко­но­­ми­калық ынтымақтастық және даму ұйымының көптеген елдері тәрізді мемлекеттің эко­но­мика­дағы үлесін 15%-ға дейін азай­ту бойынша жұмыс жүргізудеміз. 
Қазіргі заманғы азаматтық қоғам құрылды. Қоғамның мүд­десін танытатын бұған дейінгі бір партияның монополиясының ор­ны­на бірнеше қоғамдық-саяси ұйым­дарға қол жеткіздік. Ең бас­тысы, 8 мың белсенді іс-қи­мыл жасайтын үкіметтік емес ұйым­дар түріндегі ауқымды қо­ғам­дық бастама қызмет етуде. 
Үшіншіден, Қазақстан жаһан­­дық геосаяси және геоэко­но­микалық кеңістікке ойдағыдай кірікті. Біз 70-тен астам халық­аралық ұйымның мүшесі болып табылатын және әлемнің ең дамыған 50 елінің қатарына енген мәртебелі мемлекетпіз. Ал шын мәнінде әлеуметтік игілік, өмір сапасы, түптеп келгенде, нақ осы көрсеткіште көрініс табады. Айталық, егер 1991 жылы өмір сүрудің ұзақтығы 67,6 жасты құраса, бүгінде орташа алғанда 72 жас ғұмыр кешудеміз. Бала туу – 9,8%-ға артып, ана өлімі – 5,4 есеге, нәресте өлімі үш есеге, жалпы өлім-жітім – 6%-ға азайды. Бұл бірқатар «күңкілдеген» күдікшілдерге берілген көрнекі нақты жауап болмақ. 
Тұтастай алғанда, өткен кезең­нің жинақы түрдегі басты нәти­желері осындай. 
Еліміздің алдында тұрған бола­шақтың мақсаттары мен мін­деттері қандай?
Оларды ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барынша дәл, анық әрі терең түрде айқын­дап берді.
Мақсаты – «Қазақстан-2050» стратегиясына сәйкес, дүние­жүзі­нің озық 30 елінің біріне айналу. 
Міндеттер Қазақстанның Үшін­­ші жаңғыруында, Рухани жаң­­ғыру бағдарламасында, Ұлт жоспарында айшықталған.
Енді қалған бір нәрсе – осы­ларды табысты, сапалы әрі дер кезінде іске асыра білу.
Келесі аспектілерде сіздердің на­зар­ларыңызды, міне, осы тұс­тар­ға аударуды жөн санап отырмыз.
Адами, материалдық, табиғи және өзге де ресурстарды қоспа­ғанда табыстың таңғажайып фак­торы ұлттық рухтың болуы деп пайымдаймыз. Ел Президенті өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүр­леріміз, тіліміз бен музы­ка­мыз, әдебиетіміз, жорал­ғы­ларымыз, бір сөзбен ай­тқан­да ұлттық рухымыз бойымыз­да мәңгі қалуға тиіс», деп атап көрсетті. Өздеріңіз көріп отыр­ғандай, бұл барша замана­ларға арналған айнымас аксиома.
Біздің одан әрі тезистеріміз, terra incognito емес. Алайда, ұлттық рух қоғамдық құнды­лық­­тар­дың берік діңгегінсіз ештеңе­ні өзгерте де, жасай да алмайды.
Рухани құндылықтар – бұлар эволюциялық дамудың басты­ларының негізі, дәлірек айтсақ, бұл өркениетті абсолют.
Сондықтан да, уақыттың өзі «Ұлы Дала Елі» атты страте­гиялық, зор ауқымды және жүйе­лі тұжырымдама жасауды талап етуде. Біздің ойымызша, бұл құ­жат киелі дүниетанымдық фи­ло­софияға, Қазақстанның әмбебап идефиксіне айналуға тиіс.
Онда Мемлекет басшысы атап өткендей, «мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерді» өткенге қалдыра отырып, ұлттық рухани құндылықтар нақты жазылғаны дұрыс.
Өзінің мәні бойынша «Ұлы Дала Елі» ұлан-ғайыр дала жұрты­ның заманауи манифесі бол­мақ. «Манифест» сөзінің өзі латын тілінен аударылғанда «шақыру» деген ұғымды білді­реді. Сондықтан, «Ұлы Дала Елі» – декларация және бір мез­гіл­де Қазақстанның әлем­дік қауым­дастыққа арнаған үні болып табылады. Бұл уақыттың бурыл тартқан қабаттарын көктеп өте­тін және жарқын болашаққа құл­шыныспен құлаш жазатын қуатты рухани ағын. Бұл ағын көне арийлерден бастау алып, түркілердің құдіретті би­лі­гімен, Орталық Азиядағы ал­ғаш­­қы ұлт­тық мемлекет – Қазақ хан­ды­ғы­ның құрылуымен жал­ға­сын табады. Сол арқылы Түркі қа­ға­натының негізін қалау­шы Бұмын қағанның, «екінші ұстаз» Әбу Насыр әл-Фарабидің, Қазақ хандығының қабырғалы ханы Қасым ханның бейнелері біздің көз алдымызға келеді.
Қазіргі заманғы Қазақстан Республикасы – көшпенділердің ұлы өркениетінің тікелей мұра­гері. Бұл жөнінде бірнеше рет ай­тылды және жазылды. Алайда, аталған фактілер оқтын-оқтын қайталанып қана қоймай, сондай-ақ, біздің ұлттық санамызға «қа­шалып» жазылуы керек.
Бұл үшін еліміздегі тарих білімінің жалпы деңгейін артты­рып, төл тарихымызды бүтіндей әрі біртұтас танудағы канон­дық кристалдау қажет етіледі. Демо­кратия адамға, әсіресе, құмар­тушы зерттеушілерге кеңістік пен еркіндікті тарту ететіні бел­гілі. Соған сәйкес, бүгінде біз ел тарихы бойынша, тіпті кей­бі­реу­­лерінде кереғар нұсқа­ма­лар кіріп кеткен кітаптар мен оқу­­лықтардың, оқу құрал­дары­ның орасан зор дестесін көре­міз. Алайда, дайындықсыз оқыр­манға кейде жалпыға бірдей тарихи үдерістің даму соқпағын ажырату қиынға соғып жататыны ақиқат.
Сондықтан, біздің қоғамы­мызға, оның ішінде орта мектеп­тер мен жоғары оқу орындар және жалпы халық үшін жеке-жеке сатыланған еліміздің тарихының канондық оқулығы аса қажет. Әлбетте, біздің классикалық оқу­лық түрлі идеологиялық өк­тем­­діктер мен оған тән белгі­лер­ден ада болу керек. Сонымен бірге, Қазақстан тарихы бойынша ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі академиялық оқу құралын міндетті түрде жазу керек. 
Айтылған сөз ақиқатқа ай­налу үшін, ең әуелі, біз және біздің қоғам керітартпалықпен кейінге ысыра берместен, әрбіріміз рухани жаңғыру бойынша жұмысты бастағанымыз абзал. Әмбебап рухани құндылықтар қоғамдық сатыға көтерілгені жөн. Бұл жайында тыңдап қана қоймай, оны жатқа білуге тиіспіз. Күні кеше ғана ұйқыдағы адамды оятып сұрасаң, ешбір калькулятордың көмегінсіз-ақ көбейту кестесін жатқа соғатыны естеріңізде болар. Бастысы – біз зердемен терең ұғы­нып, жүрекпен сезінгеніміз дұрыс, егер қажет болса рухани құндылықтарымызды табан­дылықпен қорғауымыз керек. Өйткені, оның астарында жарқын өмірдің мәні, адами жансарайдың дегдарлығы жатыр. 
Жоғары рухани идеалдарға рухы мықты адамдар сай болуы керек. Сондықтан да, жинақ­тал­ған тәжірибе мен өткен жыл­дарға қарайлай бермей, біздің әрбіріміз бойымыздағы рухтың қуатын нығайтуға тиіспіз. Біз жастарды ғана жан-жақты тәр­биелеп қоймай, көпшілікті жал­пыға білім беру шеңберінде оқытуымыз керек. Әрбір қазақ­стандық жас шамасына қарамас­тан әрдайым, ұдайы әрі үзіліссіз барша білімді бойына сіңіруге мүмкіндік алғаны жөн. Бұл рет­те, рухани өсу сөзсіз басымдық қағи­­датына ие болғаны дұрыс. Рухани-адамгершіліктің «мы­нау үйдегілерге, ал, мынау қонақ­­тарға» деген қосарлы стан­дарт­тары болмауы тиіс. Ең озық 30 елдің қатарына кіру туралы алды­на мақсат қойған ел заманауи өрке­ниеттің ең биік өлшемдеріне сай болғанын қалаймыз.
Бүгінде Қазақстан терең жаң­ғыру­лар дәуіріне қадам басты. Бұл еліміздің жаңа тарихын­дағы өзгерісті кезең саналады. Сон­дықтан, бұл үрдіске мем­ле­кетіміздің әрбір саналы азаматы мейлінше атсалысуы керек. Себебі, өмірдің өзі – әлеуетті мүм­кіндіктердің қатарынан ұдайы таңдау жасай білу болып табы­лады. Біз тағдырымыз тарту еткен осынау мүмкіндікті міндетті түрде пайдалана отырып, рухани жаңғырудың негізінде мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болуымыз керек.

Серік АХМЕТОВ,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы хатшылығының меңгерушісі