Президент • 12 Мамыр, 2017

Рухани құндылықтар тізіміне енгізуге лайықты

280 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты терең ойлы философиялық ең­бегіндегі «Біздің бабалары­мыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақ­ты ғана қорғаған жоқ.

Рухани құндылықтар тізіміне енгізуге лайықты

Олар ұлттың болашағын, келер ұрпа­ғын − бізді қорғады. Сан тарап­тан сұқтанған жатжұртқа ата­мекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті», − деген сөзін келтіре отырып, назарды Қазақстанның солтүстік өңіріндегі, Көкшетаудан 120 шақырым жердегі, Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданының аумағындағы ең бір еңселі әрі айбатты Қарасай мен Ағынтай батырларға орнатылған мемориалдық кешеннің қазіргі жағдайына аударғым келеді.
Бұл мемориалдық кесене XVII ғасырда Есiм ханның бас­тауымен қазақ жерін шапқын­шылардан қорғаған атақты Қарасай мен Ағынтай батырлар жерленген Құлшынбай-төбе­сiне 1999 жылы Елбасының тіке­лей қамқорлығымен және қолдауы­мен салынған болатын.
Қазақтың қос батыры жерленген биiк төбедегі мемориалдық кешен көгілдір Көкше тауларымен, ертегідей көлдерімен және Айыртау даласының бұзыл­маған сұлу келбетімен көм­керіліп, Ұлы Далаға айбат беріп, бабаларымыздың ерлігі мен батырлығын айдай әлемге паш етіп, асқақтап тұр. Бұл жерде жауынгерлердiң көптеген молалары да бар. Әлі де қазба жұмыстары жүргізілуде. Былтыр кезектi қазба жұмыстары кезінде бойы екі метрдей болатын, ауыр семсерімен бірге жерленген тағы бір батырдың мүрдесi табылды.
Архитектуралық жағынан қайталанбас шеберлікпен салын­ған бұл мемориалдық кешенді көру­ге жыл сайын елiмiздiң түк­пiр-түкпiрiнен мыңдаған адам, көптеген шетелдiк қонақ келетін қасиетті бір туристік орынға айналып отыр. Сол ағылып келіп жатқан адамдарға арналып, кесе­ненiң жанынан мейманхана да салынған болатын. Және де кесенеге мектеп оқушылары, жас отау иелерi келедi, осы жерден жастарды әскерге шығарып салу да игі бір дәстүрге айналды.
Кезінде Қарасай мен Ағынтай батырлар жайлы тарихи зерттеулер жүргізіп және де «Қарасай батыр» қоғамдық қорын басқарып, осы кесене салу жұмыстарының басы-қасында жүргендіктен де, осы кесененің қазіргі жағ­дайына бей жай қарай алмас едік. Өйткені, қазіргі уақытта осы ме­мориалдық кешеннің батыр­лар кесенесіне жөндеу жұмыс­тары қажет. Кесе­не­ден су кетіп жатқанына да көп болды. Соның салдарынан оның кей жерлерінің кірпіштері үгітіліп, шашылуға да айналды.
Елбасының бағдарламалық мақаласындағы қағидаға сүйене отырып, Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кесенесі алдағы уақытта жасалар «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің гео­графиясы» тізіміне де енгі­зілуге әбден лайықты деп санаймыз.

Жабал ЕРҒАЛИЕВ, 
Сенат депутаты