Қазақстанда қанша алтын бар?
2014 жылдың наурыз айында өткен баспасөз мәслихатында сол кездегі Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Нұрлан Сауранбаев Қазақстан кен орындарында алтынның А,В,С1 санатындағы 1159 тонна болатын өндірістік қоры бар екендігін (яғни өндіруге дайын тұрған), бұған қоса С2 санатындағы 1107 тонна қор зерттелу үстінде екендігін мәлімдеген болатын.
Дегенмен, соған қарамастан кейбір мамандар еліміздің жер қойнаулары аталған цифрларға қарағанда алтынға әлдеқайда бай екендігін айтады. Елімізде соңғы 30 жылдай уақыттың айналасында алтынға геологиялық барлау жұмыстары жүргізілмегендіктен оның дәл қорын анықтау мүмкін емес. Егер ресми мәліметтерге сүйенетін болсақ, Қазақстанның алтын өндіру өнеркәсібі әзірге 293 кен орнын құрайды. Мамандардың айтуына қарағанда, олардың көбі алтын қорының көлемі 25 тоннадан аспайтын шағын кеніштерден тұрады. Жалпы, барлық осы кеніштердегі алтынның бағасы ақшамен есептегенде 48 миллиард доллардың айналасында қалыптасып отырған көрінеді. Ал алтынның болжамды қорына келсек, ол 9,565 мың тонна деп есептелінген.
Қазақстан алтынының ең ірі қорларының бірі Көкшетау қаласынан 17 шақырымдық қашықтықта орналасқан «Васильков» кен орнында шоғырланған. Мұндағы дәлелденген қор көлемі 370 тоннаны құрайды. Кен орны 1979 жылдан бастап игеріле бастаған болатын.
2007 жылы кен орнында ірі алтын айыру фабрикасының құрылысы басталды. Ол екі жыл ішінде салынып болып, қазіргі заманғы жаңа технологиялармен жабдықталды. Бұған 700 миллион доллар қаржы жұмсалды. Фабрика толық қуатында жұмыс істеген жағдайда кеніштен жылына 15 тонна алтын өндірілуі тиіс. Фабриканың ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, бұл фабрика тек Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша алғанда да қуатты өндіріс орындарының бірі екендігін мәлімдеді. Елбасының ұсынысымен Васильков кен байыту комбинаты енді «Алтынтау Көкшетау» компаниясы деп аталатын болды.
Сондай-ақ, еліміздің шығысындағы Семей қаласынан солтүстік-шығысқа қарай шамамен 100 шақырым қашықтықта орналасқан «Бақыршық» кеніші де ірі алтын кен орындарының қатарында аталады. Бұл кен орны әлі игерілу үстінде. Мұндағы алтын өндірісі 2018 жылдың екінші жартысынан басталады деп күтілуде.
Меже – ондықтың ішінен көріну
Бағалы металдардың әлемдік рыногындағы бағаның соңғы кездері біршама құбылуына қарамастан Қазақстан Үкіметі алтын өндіру өнеркәсібін дамытуға деген ниетінен бас тартпақ емес. Бұл жайында осыдан екі жылдай уақыт бұрын өткен баспасөз мәслихатында сол кездегі Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Альберт Рау мәлімдеген болатын. Оның айтуына қарағанда, 2016 жылы еліміздегі алтын өндіру көрсеткіші 2015 жылмен салыстырғанда 6,3 пайызға артып, жалпы жиыны 60 тоннаны құрайтын болады, 2018-2019 жылдары тағы 31,6 пайызға арттырылып, 75 тоннаға дейін жетеді, ал 2025-2030 жылдарға дейінгі ұзақ мерзімді стратегия бойынша алтын өндірудің жылдық көлемі 130 тоннаны құрап, Қазақстан осы бағалы металды өндіретін әлемдік көшбасшы елдер ондығының ішінен берік орын алуға тиіс.
Енді жоспарлы шамаға емес, нақты көрсеткіштерге келетін болсақ, 2016 жылдың қорытындысында алтын өндірісінің көлемі күткендегіден де асып түскендігін айтуға тиістіміз. «Интерфакс-Қазақстан» ақпараттық агенттігінің мәлімдеуінше, 2016 жылы елімізде 74,6 тонна өңделмеген және жартылай өңделген алтын өндірілген. Бұл 2015 жылдың көрсеткішінен 17,1 пайызға, ал жоспарлы көрсеткіштен 10 пайыздан астамға артық.
Сонымен Қазақстан экономикасының жалпы даму деңгейіне қарағанда еліміздегі алтын өндірісінің даму деңгейі әлдеқайда қарқынды болып отыр. Мәселен, 2013 жылы өндірістің бұл саласы 6,6 пайызға алға басса, 2014 жылы бұл көрсеткіш 13 пайызды, 2015 жылы 26,4 пайызды құрады. Дамудың осындай қарқындылығына қарамастан 2016 жылы тағы да 17,1 пайыз ұлғайып отыр. Еліміздегі алтын өндірісінің мұншама шапшаң қарқынмен алға басуының сыры неде?
Елдер неге алтын жинауда?
«Майнекс – Орталық Азия-2017» кен өнеркәсібі форумына қатысып, алтын рыногының болашағы туралы пікір түйген сарапшылардың айтуы бойынша, алтын өндірісін дамытуға деген ынта соңғы жылдары тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде артып отыр. Бұған себеп болып отырған басты факторлардың бірі әлемдік қаржы нарығында тұрақсыздықтың орын алуы. Көптеген елдердің ұлттық валюталары әлсін-әлсін құнсыздануға түсуде. Тіпті ақшасы мығым саналып келген Қытайдың өзі соңғы кездері долларға қатысты юань бағамын әлсіретуге мәжбүр болды. Ұлыбританияның Еуропа одағынан шығуына байланысты еуро мен фунт стерлингтің бағамы алдағы уақыттары қалай құбылатыны белгісіз. Түбі екеуі де өздерінің салмақты орындарын жоғалтып алуы әбден мүмкін.
Көптеген сарапшылар АҚШ долларының шарықтауы да өз шегіне жетті деп есептейді. АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамптың экономикада протекционистік саясат жүргізбек ниеті бұл болжамды одан әрі нақтылай түсетін секілді. Міне, осындай жағдайда көптеген сарапшылар мен инвесторлардың пікірінше, қаржыны сақтаудың тиімді жолы оны алтынға айналдырып сақтау болуы мүмкін.
Әрине, әлемдік қаржы жүйесі сан түрлі технологиялар арқылы қарыштай дамыған соңғы онжылдықтары алтынның айырбас құралы ретіндегі тарихи орны енді қайтып қалпына келмейтіндігі барған сайын айқын бола түсті. Бірақ әлемдік қаржы жүйесі алаяқтық келеңсіздіктерге белшесінен батып отырған қазіргі кезде алтынның қолда бар байлықты сақтап қалудың ең сенімді құралы ретіндегі қызметі инвесторлар мен қаржыгерлердің назарын қайтадан өзіне аударып отырған секілді. Міне, осы жағдай әлемнің әр түкпірінде қаржыны алтынға инвестициялау үдерісін арттыру үстінде.
Сарапшылардың айтуынша, алтынды өз қаражаттарын сақтауды көздеген инвесторлар мен елдердің орталық банктері ғана тұтынбайды. Алтынның ең басты тұтынушысы зергерлік бұйымдар өнеркәсібі, яғни оның қызметін пайдаланатын қарапайым халық болып табылады.
Соңғы кездері миллиардтаған халқы бар әлемнің ең үлкен елдері Қытай мен Үндістан экономикаларының көтерілуі осы елдер халқының тұрмысы мен әл-ауқатын жақсартып, олардың алтынға деген қызығушылығын арттыра түсуде. Демек, мамандардың пікірінше, Қытай мен Үндістанның алтын мен бағалы металдардан зергерлік-әшекейлік бұйым-
дар шығару өнеркәсібі күрт дамып, алдағы уақытта алтынға деген сұранысты қазірге қарағанда әлдеқайда арттыра түсуі мүмкін.
American Appraisal компаниясының басқарушы директоры Александр Лопат-
никовтің пікірінше, әзірге Қытай мен Үндістанға түрлі себептерге, соның ішінде ұлттық валютаны қолдау және еңбексіз табыспен күрес секілді шаралар арқылы зергерлік-әшекейлік заттар өндірісіне ішінара шектеулер қойыл-
ғанымен бұл үдерістің арты ұзаққа бармайды. Сөйтіп, әлемдік нарықта алтынға деген сұраныс қайтадан артатын болады.
Шамасы, осындай жағдайларға байланысты болар, әлемде бірқатар елдердің орталық банктері соңғы жылдары өздерінің резервтік қорларын алтынмен толықтыру ісіне белсене кірісіп кеткен. Мәселен, Ресейдің орталық банкі былтырғы жылы өз қорын 199,1 тонна алтынмен толықтырса, үстіміздегі жылдың қаңтар айында тағы да 37 тонна алтын сатып алды. Қытай орталық банкі де соңғы жылдары алтынды көбірек сатып ала бастаған. Кейбір сарапшылардың пікірінше, Ливан, Мысыр, Лаос, Пәкістан, Түркия, Қазақстан елдері де алтын-валюта қорларының молдығымен ерекшеленеді.
Бағасы өсе береді
Жалпы, әлемдік рыноктағы алтын бағасы 2005 жылдан бері өсу үстінде. Мәселен, 2006 жылдың бірінші тоқсанында алтынның әлемдік биржадағы бағасы 24 пайызға көтерілсе, осы жылдың 12 мамырында ең жоғары көрсеткіш – 1 унциясы 725 долларға жеткені хабарланған болатын. Осыдан кейін бағаның ауық-ауық құбылуы қайта байқалғанымен, жалпылай алғанда ол өсу бағытын сақтады. Рас, 2012 жылы ең биік мөлшер – унциясы 1684 долларға дейін жетіп, 2013 жылы қайтадан 1160 доллар деңгейіне түсті. 2016 жылы алтын бағасы қайта көтеріліп, унциясы 1300 долларды құрады.
Бұл жөніндегі ең соңғы мәліметтердің бірі ретінде үстіміздегі жылдың 25 сәуірінде алтынның әлемдік биржадағы бағасы унциясына 1267,8 долларды құрағандығын айтуға болады.
Сарапшылар таяу жылдары алтын бағасы өзінің өсуін сақтап қалады деген болжам жасап отыр. Олардың болжамынша, 2020 жылға таман оның орташа бағасы унциясына 1500 долларға жетуі тиіс.
Қысқасын айтқанда, әлемдік саясат пен экономика құбылмалы күйге түскен осынау мазасыз әлемде алтын жинағанның айыбы жоқ. Қазақстанның осынау бағалы металға қатысты өнеркәсіптік саясаты осы қағиданы басшылыққа алып отырғандығы байқалады.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»