«Полигон балалары» қоғамдық бірлестігі де 20 жылдығын атап өтуде
«Полигон балалары» қоғамдық бірлестігі 1991 жылы Абай ауданының орталығы – Қарауыл ауылында аудандық кеңестің шешімімен Халықаралық «Бала правосы» конвенциясы негізінде құрылған еді.
Құрылған күнінен бастап аталған ұйым антиядролық «Невада – Семей» қозғалысы, Германияның Кельн штатындағы бөлімі, Халықаралық «Бөбек» қайырымдылық қоры, Денсаулық сақтау министрлігінің «Ана мен бала» бөлімі, сол сияқты басқа да қоғамдық ұйымдармен, атап айтқанда, Қазақстан Республикасы балаларының медициналық-әлеуметтік аxуалын қалпына келтіру «Бозторғай» қоғамдық орталығы, «Садако – Саманта – Самал» ұйымы, Феникс қоғамдық қоры, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы өкілдігі және тағы басқа толып жатқан ұйымдармен бірлесіп жұмыс істей бастады.
Ең алдымен «Полигон балалары» ұйымының атынан «Бөбек» қоры президентінің атына хат жазылды. Сара Алпысқызының Абай ауданына келуі, артынша осы өңірге Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бригадасын жіберуі үлкен көмек болды. Оның сыртында осы кезден бастап аудан балалары Алматы қаласындағы республикалық клиникалық емдеу және сауықтыру орталықтарында, атап айтқанда, Ақсай, Қалқаман, №12 қалалық ауруханасы және «Алатау» санаторийінде жылына 2-3 рет 25-30-дан бала емделіп және демалу мүмкіндігіне ие болған еді. Содан беріде жалпы 700-ден аса бала әртүрлі емдеу және сауықтыру орталықтарында болған екен. Сол сияқты «Бөбек» қорының шақыруымен келген америкалық ұшақ-госпиталінде де Абай ауданының Саржал, Қарауыл, Құндызды ауылдарының балалары емделген болатын.
Кейінде Алматыдағы «Бөбек» санаторийінде Семей қаласының және Мұқыр ауылының балалары барып демалып қайтты. Мұның сыртында «Бөбек» қайырымдылық қорынан Абай ауданының балаларына бірнеше рет жаңажылдық сыйлықтар, тамақ, киім-кешек көмек ретінде келіп жатты.
Сол жылдары өткізілген маңызды шаралардың бірі – «Полигон балалары сурет салады» акциясы еді. Акцияға ауданнан 150 бала қатысты. Аталған акция Американың халықаралық мейірімділік қорының қолдауы және қаржыландыруымен өтті. Қор Алматыға емделуге барған балалардың жол қаражатына да бірнеше рет көмектескен еді.
БҰҰ өкілдігі Ақсай, Қалқаман ауруханаларында емделуге барған балалардың толық тексеруден өтіп, емделуіне, бағасы қымбат дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілуіне көмек жасап отырды. Мәртебелі ұйымның волонтерлері Алатау санаторийінде емделген балаларға жаңажылдық сыйлықтармен де көмектесіп отырды.
Әсіресе, полигон зардабын шеккен балаларды түрлі емдеу және сауықтыру орталықтарына жіберуді ұйымдастыруда «Полигон балалары» қоғамдық бірлестігі Денсаулық сақтау министрлігінің «Ана мен бала» бөлімімен бірлесіп, жылына 300-500-дей бала жіберуге қол жеткізсе, 100-150 бала әртүрлі қайырымдылық шараларына қатысып, түрлі көмектер алды. Сол сияқты, қоғамдық бірлестік «Невада – Семей» қозғалысының Оңтүстік Қазақстан бөлімшесі арқылы жазғы уақыттарда 100-200 баланың осы өңірдегі 9 санаторий-профилакторийлерде демалып қайтуына жағдай жасады. Сол сияқты оларға жеміс-жидек, киім-кешектермен көмектер көрсетілді.
Қалада жылма-жыл Балаларды қорғаудың халықаралық күні қалалық балалар саябағында тұрақты шаралар өткізіліп, оған 150-ден аса бала қатысады. Жақында ғана осы балалар саябағында «Балалар – біздің болашағымыз» атты қайырымдылық акциясы өткізілді. Ал бұрынғы жылдары «Әрқашан күн сөнбесін», «Бақытты балалық шақ» атты қайырымдылық акциялары ұйымдастырылды. Соңында отандық өнімдерді әлемдік деңгейде танытқан «Асыл Арман Интернешнл» компаниясы «Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы» жобасын бірінші болып қолдап, 707 000 теңгенің көмегін жасады.
Полигон жабылуының 20 жылдығы қарсаңында полигон құрбандарын еске ала отырып, әсіресе, жас ұрпақты емдеу және сауықтыру мақсатында «Денсаулық – зор байлық» атты денсаулық күні ұйымдастырылып, «Дені саудың – жаны сау» атты профилактикалық кеңес орталығы ашылды. «Саламатты өмір салты – өмір талабы», халқымыздың салт-дәстүрін жалғастыру үшін батыр бабаларымыздың өмір тарихын насихаттайық деген тақырыптарда айтарлықтай жұмыстар атқарылды.
«Бозторғай» қайырымдылық қорынан 200 000 теңгеге келген қайырымдылық көмек – киім-кешек, оқу құрал-жабдықтары Абай ауданындағы Саржал ауылының 220 баласына 1 маусым – Балаларды қорғаудың халықаралық күні орта мектептің алдында өткен жиында берілсе, АХБК «Озат» дүкенінің директоры К. Резникова Наурыз мейрамы қарсаңында өткен акцияда Бөкенші ауылының балаларына киім-кешектермен және сыйлықтармен көмектесті.
Сол сияқты бірлестік, әсіресе, мүгедектер арбасы мен құлаққа арналған есту аппараттарын алуға және жыл сайын жаңажылдық сыйлықтармен көмек көрсетіп отырған облыстық мәслихаттың депутаты, «Ибраев+К» компаниясының директоры Ғаббас Ибраевқа үлкен ризашылығын білдіреді. Жақында балалар саябағында өткен «Балалар – біздің болашағымыз» атты қайырымдылық акциясына полигон зардабын шеккен отбасылардан 50-ден аса бала қатысса, оған 185 000 теңгенің қаржылық көмегін жасаған саябақ директоры В.Филипповқа да жас жеткіншектер дән риза.
Жуырда «Невада – Семей» қозғалысының вице-президенті Сұлтан Картоев «Полигон балалары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытгүл Әлімбаеваны қозғалыстың мерекелік медалімен марапаттады. Бақытгүлдің аталған бірлестікке жетекшілік етіп келе жатқанына 20 жыл болды. Бақытгүл Әлімбаева БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі арқылы Иран Ислам республикасының астанасы – Теһран қаласында өткен «Ана мен бала проблемалары» атты халықаралық конференцияға қатысып қайтты. Бірлестік бүгінде өз жұмысын одан әрі ширата түсуде.