Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры, академик, республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қ.К.ҚадырЖАНОВПЕН әңгіме
– Қайрат Камалұлы, ең алдымен Курчатов қаласының өткен тарихына шолу жасай кетсек... Ал ол – Семей атом полигонының тарихы деген де сөз. Бүгінде оны бәріміз білеміз дегенмен, бейбіт заманда сайын Сарыарқа төсіндегі қалың елді қырық жыл қырғынға ұшыратқан зұлматтың түпкі себебі мен салдары туралы таратыңқырап айтсаңыз...
– Қалай десек те, ядролық сынақтардың ең алдымен қазақ жеріне, Қазақстан халқына орны толмас қасірет әкелгені шындық. Ал одан кейінгі жерде Семей атом полигонында жасалған ядролық сынақтардың қоршаған ортаны бүлдіріп, әлемге қатер төндіргені де рас.
Осы орайда тарихқа көз жіберетін болсақ, кешегі Кеңес Одағында ядролық қаруды жасап, оны Семей полигонында сынақтардан өткізу АҚШ мемлекетінің әлемдік басымдыққа ұмтылысын шектеу қажеттілігінен туындағанын айтпасқа болмайды. Екінші дүниежүзілік соғыстан соң аталған мемлекеттің Жапонияның бейбіт тұрғындарына қарсы ядролық қаруды пайдаланғаны белгілі. Ал АҚШ-тың одан арғы жерде Кеңес Одағының бастапқыда ондаған, соңынан жүздеген қалаларына атом бомбасын тастау жөніндегі жоспары болғаны жасырын емес. Кеңес Одағының да қуатты қаруға ие болуы бұған тосқауыл жасады.
Өкінішке қарай, осы мақсат жолында таңдау қазақ жеріне түсті. Бір түпкірде жасалып жатқан сынақтарды ешкім білмеуі тиіс еді. Ал бір жыл, яки бірер жыл емес, бақандай қырық жылға созылған сынақтардың еліміз бен жерімізге қаншалықты қасірет әкелгені туралы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Жергілікті тұрғындардың туған жерден ауа көшкені бір қасірет болса, бейбіт замандағы қырық жылға созылған қырғынның талай өмірді тәлкек етіп қана қоймай, жалмап кеткені өз алдына бөлек әңгіме.
Жанталаса қаруланудың ақыры неге әкеліп соққаны бүгінде еш жасырын сыр емес. Осы орайда бірер ғана мысал келтірсек, кезінде төрткүл дүниені әбігерге түсірген Чернобыль апаты кезінде сыртқа тарап кеткен ядролық зарядтың мөлшері 100 хиросималық бомбаға тең болса, ал Семей жерінде жасалған жарылыстардың жалпы күш-қуаты хиросималық екі жарым мың бомбаға тең екен. Яғни, қырық жыл ішінде 18 мың шаршы аумақта 470 ядролық және термоядролық жарылыстар жасалды. Соның салдарынан бұл өңірде түрлі ауруға шалдықпаған адам жоқ десе де болады. Сынақ жасалатын күні желдің бағыты есепке алынып, улы газдың әскерилер қалашығына қарай тарап кетпеуі ескерілген. Керісінше, осы аймақтағы миллиондаған адамның тағдыры есепке алынбаған. Мұны енді қылмыс емес деп кім айтады?
Абырой болғанда егемендіктің елең-алаң шағының өзінде Елбасы ерлігімен ажал аждаһасының аузына құм құйылды. Ол кезде кешегі алып империя әлі тарап үлгермеген-ді. Мұны бір десеңіз, екіншіден, келер жылы – аяғымыздан нық тұрмай жатып, ядролық сынақтардан зардап шеккендерге нақтылы көмек көрсету мақсатымен арнайы заң қабылданды. Солайша егемен ел атанған алғашқы жылдардың өзінде аса маңызды шаралар жүзеге асырылып жатты.
– Сонымен, мәңгілік мызғымастай көрінген алып империяның жұлдызы сөніп, оған керісінше, аспан көгінде егемен еліміздің күні жарқырап шыға келгенде мұндағы жағдай қандай еді? Қас-қағым сәттей өте шыққан 20 жыл атомшылар қаласына қандай өзгеріс-жаңалықтар ала келгенін айтып берсеңіз...
– 1989 жылы Семей атом полигонында ядролық сынақтарды өткізуге мораторий жарияланғаннан кейін мұндағылар қаншалықты қасарысып баққанмен, енді ойлана бастады. Сондықтан ендігі жерде атомды бейбіт мақсатқа пайдалану қажеттілігі туындады. Әлемдегі ядролық сынақтарға бақылау орнату мақсатымен тың жұмыстар қолға алынды. Әскерилер Чернобыль апатын залалсыздандыру ісіне атсалысса, ғалымдар лабораториялар арқылы зерттеу жұмыстарын жүргізе бастады. Кешегі полигонда атомды енді бейбіт мақсатқа пайдалану жоспарланды.
Бірақ Одақтың күйреп, шаңырағының ортасына түсуі оған мүмкіншілік қалдырмады. Содан кейін-ақ мұндағы әскерилер тездетіп ауа көше бастады. Сол тұста олар тағылық әрекеттерге дейін барғанын бүгінде несіне жасырамыз. Иә, олар тіпті тұрған үйлерін де бүлдіріп кетіп жатты. Міне, осы тұста кешегі атомшылар қалашығы Елбасымыздың көрегендік саясаты арқасында аман сақталып қалды. Нақтылап айтсақ, 1992 жылы Елбасы Жарлығымен мұнда Ұлттық ядролық орталық құрылды. Бұл енді елімізде атом энергетикасын дамыту мақсатымен ғылыми-техникалық, технологиялық және кадр базасын жасау, бұрынғы Семей сынақ полигоны әскери-өнеркәсіп кешенін бұғаулап, оның ғылыми-техникалық күшін егемен елдің мүддесіне пайдалану, әлемде әлі де жұмыс істеп тұрған полигондардағы ядролық сынақтарды бақылап, қадағалау мақсатымен Елбасы тарапынан қабылданған тың шешім еді.
Ал 1998 жылы Елбасы тапсырмасымен республика Үкіметі Курчатовта реактор-токамак құрылысын салу жөнінде қаулы қабылдады. Бұл халықаралық термоядролық реактор құру жобасынан біздің еліміздің де сырт қалмау мақсатынан туындаған игі шешім болатын. Ал одан кейінгі жерде мұнда Елбасы Жарлығымен Ядролық технологиялар паркі ашылғаны белгілі. Яғни, біздің орталық ғылыммен айналысса, технопарк соны іс жүзіне асырып, өндіріске енгізуде. Бір сөзбен айтқанда, кешегі атом полигонының күш-қуатын бүгінде бейбіт мақсатқа пайдалану біртіндеп жүзеге асып келеді.
– Енді Курчатовтың кемел болашағы туралы сөз қозғасақ. Сіз басшы ғалым ретінде атомшылар қаласының болашағын көз алдыңызға қалай елестеткен болар едіңіз?
– Бір кезде Курчатов қаласы тұрғындарының саны 50 мыңның үстінде болатын. Содан ана бір жылдардағы қиыншылық кезінде мұндағы тұрғындар саны 8 мыңға дейін азайып кеткені де рас. Қазірде қалалықтар біртіндеп көбейіп келеді. Атомшылар қалашығына оралман қандастарымыздың көптеп келіп орныға бастағаны да өз алдына бір қуаныш. Қаламызда қазақ мектебі, мешіт жұмыс істейді. Соның бәрі – уақыт талабы, заман өзгерісі. Болмаса, күні кеше осылар мүмкін еместей көрінетін.
Әлемде Дубна, Обнинск, Оксфорд секілді шағын болғанмен әлемдік ғылыми орталыққа айналған қалалар бар. Түбі Курчатов сондай қалаға айналып жатса, несі бар? Тәубе дейік, оған қазірде елімізде мүмкіндік мол. Сол мүмкіншіліктерді пайдалана білейік деймін.
– Мереке алдында сізге елдің көңілінде жүрген көлденең сұрақтарды қоюға ыңғайсызданып та отырмыз. Бірақ айтпаса сөздің атасы өледі дейді ғой халқымыз. Сондықтан сөз соңында қазірде ара-тұра көтеріліп қалып жатқан сынақ аймағындағы жерді пайдалану туралы сан алуан пікірге сіздің көзқарасыңызды білсек деп едік.
– Өз басым бұл сұрақты қисынсыз деп есептемеймін. Қандай шаруаны болсын қашанда байсалдылықпен қозғағанға не жетсін! Ең алдымен елді босқа дүрліктірудің жөні жоқ. Не айтсақ та біліп айтқан жөн. 2008-2009 жылдары Ұлттық ядролық орталықтың мамандары полигон аймағында кешенді түрде радиоэкологиялық зерттеулер жүргізді. Оған біздегі ядролық физика, геофизикалық зерттеулер, радиациялық қауіпсіздік пен экология институттарының қызметкерлері қатысып, табиғи ортадағы радионуклидтердің сақталу жайын мұқият зерттеді. Міне, біз сол зерттеулерге сүйене отырып, бос алаңдауға негіз жоқ деп есептейміз.
Иә, орынсыз қорқыныштың зияннан басқа пайдасы жоқ. Сондықтан қазіргі жалпы жағдайдан хабардар болғанға не жетсін! Мәселен, өз басым «Ұлттық қасіреттен – ұлттық мақтанышқа» ұранын ұстанамын. Басқаны да соған шақырамын!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Курчатов.