Әдебиет • 12 Мамыр, 2017

Талантқа тағзым

623 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сыншы, қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевтың еңбегі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында журналистика факультетінде оқитын студенттер арасында өткен байқау өз мәресіне жетті. Игі бастамаға мұрындық болған «Қазақстан» РТРК» АҚ байқауды жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырмақ.

Талантқа тағзым

Жүлдегерлерді марапаттау жиынында сөз алған «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин байқаудың маңызы мен мәніне тоқталды. Журналистика мен әдебиеттің даму жолында жаңашыл да терең шығармашылық жаңалықтарымен серпіліс әкелген Сағат Әшімбаевтың көзқарас кемелдігі туралы айтып өтті.

– Алаш көсемі Әлиханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» дегені бар. Сағат Әшімбаев – өзіндік стилімен ғана емес, азаматтық позициясымен ерекшеленетін тұлға. Желтоқсан оқиғасы кезінде де құнды деректердің сақталуына түрткі болды. Ұлттық арна Әшімбаевтар әулетіне қарыздар. Сағат Әшімбаев атындағы стипендияға ие болу – үлкен жауапкершілік, – деген басқарма басшысы байқаудың ары қарай да жалғаса беретіндігін жеткізді.

Ал жазушы Алдан Смайыл Сағат Әшімбаевтың азаматтық болмысы мен қайраткерлік ұстанымы туралы сөз  қозғады. – Сағаттың үлкен бір ерлігі – Кеңес Одағы тұсында «Қауышу» хабарын эфирге шығарды. Қазақстаннан жырақта тұратын қандастарымыздың тағдырына арналған алғашқы хабар болатын. Ол кезде «шеттегі қазақтарды елге оралту керек» деген сөзді айту – ерлікпен пара-пар дүние. Айтып қана қоймай, қазақтар тығыз орналасқан аймақтарға барып, әртүрлі телесапарлар ұйымдастыра бастады. Алғашқы хабары Омбыда өтті. Әнші-күйшілерді, өнер қайраткерлерін алып барып, сол жақтағы қазақтардың рухын көтерді.

Жалпы, Сағат Әшімбаев атындағы байқауға республика бойынша 18 университеттің 33 студенті жұмыстарын ұсынған. Саралау комиссиясы қатарындағы «Қазақстан» РТРК АҚ Эфирлік саясат дирекциясының бас редакторы Қайнар Олжаев, телевизия саласының ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы, «Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені» КЕҚ президенті Ерлан Бекхожин, «Қазақстан» РТРК» АҚ Аймақтық хабар таратуды дамыту дирекциясының директоры Ержанар Әшейхан, «Келбет», «Жарқын бейне» бағдарламаларының продюсері, ақын Жаңыл Асылбековалар арнайы Астана-Алматы видео конференциясын өткізіп,  жеңімпазды анықтау үшін студенттердің жұмыстарын сарапқа салған болатын. Нәтижесінде, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің 1 курс студенті Дастан Қастайдың жұмысы үздік деп танылды.

Шараның құрметті қонағы, Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев жүлдегер студентке С.Әшімбаев атындағы стипендияны салтанатты түрде табыстап, құттықтады. Байқауды ұйымдастыруға бастамашы болған корпорация басшысы Ерлан Қарин мырзаға алғыс білдіріп, әкесі туралы жылы естелігімен бөлісті.

«Әкеміз өмірден озғанда небәрі 44 жаста болды. Тірі болғанда бүгін 70 жасқа толар еді. 44 жас деген өмірдің бет алысын енді түсініп, шаруаны жаңа бастаған азаматтың жасы ғой. Десе де әкеміз саналы ғұмырын елге, халыққа, ұлтқа қызмет етуге арнады. Сексенінші жылдардың басында «Жүректен қозғайық» атты бірнеше жылға созылған сериялық бағдарлама жүргізді. Өзі теледидарға қызметке келген соң, осы хабарлардың өзектес заңды жалғасы ретінде «Парыз бен қарыз» атты авторлық бағдарлама енгізіп, оны бірнеше жыл тұрақты түрде жүргізіп отырды. Мұның барлығы өз  кезінде халық тарапынан қошаметке ие болып, жоғары бағаланды. Жастар болашағына жол ашар осындай жобаны жүзеге асырып отырған «Қазақстан» РТРК АҚ ұжымына ерекше алғыс білдіремін», деді Мәулен Әшімбаев.

Ая ӨМІРТАЙ, «Егемен Қазақстан»

Суретке түсірген Ерлан Омаров