Есіл ауданының әкімдігі жыл сайын астық орағы қарсаңында жаңа нақыштағы «Алқап күнін» өткізуді дәстүрге айналдырып келеді. Бұл жолы Қостанай, Павлодар және Ақмола облыстары ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің үш жүз өкілі «Заречный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде басқосты.
Жаңа нақыштағы деуіміздің мәнісі, оған қатысушы үш ойыншының ғылыми негіздеме, кешенді жабдықтаушы және тікелей астық өндіруші міндеттерін ортақ мүддеде үйлестіруші ретінде әрекет етуінде. Өзара ынтымақты мәміле міндеттемелерін орындауда Шортандыдағы А.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы солтүстік өңірдің ғана емес, бүкіл Қазақстан диқандарының қолын ұзартып отыр десек, артық айтқандық емес. Ұжым ғалымдары «Заречныйда» да егіншілік саласын әртараптандыру, дақылдардың сапалы әрі бәсекеге қабілетті тұқымдарын сынақтан өткізу, ылғалсақтағыш агротехнологияны ендіру, оқу-таным қызметін ұсыну бағытында нәтижелі істер атқарды.
З.Тишер мырза басқаратын «СТ АГРО» фирмасы әлемге әйгілі «CLAAS», « HORSH» фирмаларының қазақстандық ипортері, сондай-ақ, «LEMKEN», «MORRIS», «YERSATILE», «ANNBURGER», «MAC DON», «SUMMERS», «CUMMINS CATERPILLAR», «MERCEDES» фирмаларының ресми диллері саналады. Қазірдің өзінде Қазақстан рыногының басым бөлігін қамтып отырған фирманың Көкшетау қаласында, Ақкөл және Есіл аудандарында сервистік орталықтары жұмыс істейді. Оның тәжірибелі менеджерлері шаруашылық ерекшелігіне қарай тиімді кеңестер беріп, көшпелі бригадалар несие немесе лизинг желісімен алынған техникаларға кепілді қызмет көрсетіп, қосалқы бөлшектер жеткізеді. Жергілікті мамандар мен механизаторларды оқыту, үйрету де солардың мойнында. Осы жолғы «Алқап күнінде» фирма тарапынан шетелдік техникалардың жаңа буынын таныстырудың рәсімдері ұйымдастырылды.
Далалық шатырдағы кеңесте «Заречный» ЖШС директоры Уәлихан Арипов «СТ АГРО» жүйесімен алынған заманалық ауылшаруашылық техникаларының тоғыз түрі сынақтан өткізілгенін атап өтті. Элиталық тұқым шаруашылығы мәртебесі бар серіктестік үшін егіншілік мәдениетін көтеру бірінші кезектегі мәселе саналады. Бұл тұрғыдағы жұмыс үшжақты әріптестік қадамдар нәтижесінде елеулі дәрежеде нығайған. Шаруашылық басшысының айтуынша, облысты былай қойып, «Заречный» тұқымын пайдаланатын өзге аймақтардағы әріптестерден соңғы бес жылда ешқандай өкпе-наз түспеген. Уәлихан Арипов бұған қоса, «СТ АГРО» фирмасымен қарым-қатынас орнатылған 10 жыл ішінде шаруашылықтың тұқым себу кешені, комбайн паркі, егістікті өңдеу құралдары қуатты техникалармен толық жаңартылғанын тілге тиек етті. Бұл өз кезегінде ЖШС-нің болашақ жоспар, жобаларының табысты арнаға түсуіне жол ашқан.
Шараға қатысушылар биыл жүзеге асырылған екі қанатқақты жобаның – тұқым тазартқыш «Петкус» желісінің және «Ким-брия» тұқым тазалағыш-кептіргіш кешенінің жұмысымен танысты. Осы кешен іске қосылуына байланысты заречныйлықтар өз қамбасында 25 мың тонна астық сақтау мүмкіндігіне ие болды. Қонақтар мұны өнімнің өзіндік құнын төмендету бағытындағы қадамдардың бір тармағы ретінде бағалады. Биыл серіктестік 40 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар еккен екен. Осы орайда, мал азығының 1,5 жылдық қорын жасай білген шаруашылықта мал шаруашылығын дамыту ісі де мақсаткерлікпен ілгері басып келе жатқанын айтқымыз келеді.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Әділбек Смағұлов, шаруашылықтың егістік алқаптарын аралау барысында, биыл өңір диқандарының 457 мың гектар алқаптың түсімін еселеп арттыруға үмітті екендігін айтты. Шешуші науқанға 35 ЖШС, 170 шаруа қожалығы тыңғылықты дайындалды, деді ол. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының барлығы Үкімет тарапынан көрсетілген көмек, қолдаудың қайтарымы да мол болатындығына сенімді. Біздің мақсатымыз, Елбасы Жолдауында атап көрсетілгеніндей, еңбек өнімділігін арттыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экспорттық әлеуетті арттыру. Диқандар қауымы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңындағы орақ сынынан сүрінбей өтеді деген толайым тілек жетегінде.
«Алқап күнінде» арпа дақылы орналастырылған танаптар жиегін айнала іріктеп шалғы салынды. Дала қырманындағы алдын-ала есеп әр гектардың түсімділігі 30 центнер екендігін көрсетіп тұрды.
Бақберген АМАЛБЕК,
Ақмола облысы,
Есіл ауданы.