15 Мамыр, 2017

Интеллектуалды бестселлер

672 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Соңғы кездері кітап дүкендерінің сөрелерінен «интеллектуалды бестселлер» деген сериямен шығатын кітаптарды көріп жүрмін. Нақты анықтамасы болмаса да, интернет әлемі бұл серияға өзінше анықтама беруге тырысады, яғни бұл сериядағы кітаптар ермек, көңіл көтеру үшін оқылатын шығармалар емес, ойландыратын, пікірталас тудыратын шығармалар түрі. 

Интеллектуалды бестселлер

Бұл туындыларда жақсы стиль, көркем тіл, оқырманды ойлауға бағыттау, кейіпкерлердің образын психологиялық тұрғыдан жан-жақты көрсету бар, шығарманың терең философиялық мәні оқырманды адамгершілік тұрғыдан жетілдіріп, дамуға, жақсылық жасауға жетелейді деуге де болады. Бұл жалпылай берілген анықтаманы оқып, шығармалардың басым бөлігін «интеллектуалды бестселлер» қатарына жатқызуға болады дерсіздер, бірақ олай емес екенін өздеріңіз де сезіп отырсыздар ғой. Басқа жағынан алып қарасақ, бұл сериямен шығып жатқан кітаптар оқырманды қызықтырудың, көңілін аулаудың бірден-бір жолы екені де рас.
Әдебиетті бизнеске айналдырған алыс, жақын көрші елдер, кітапқа қызығушылықты арттырудың бір жолы ретінде бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет басылымдарда кітапқа қатысты әртүрлі тізімдер беруге құмар (бірақ бізде, өкінішке қарай, ол да жоқ қой). Сондықтан интернетке «интеллектуалды бестселлер» деп терсеңіз де біраз кітаптың тізімін шығарады. Сол тізімдерді көріп отырып, өзім бұрын оқыған бірнеше кітаптың авторы бар екенін байқадым. Бірінші, 1980 жылы италия тілінде жарық көрген Умберто Эконың «Раушан есімі» (The Name of the Rose) кітабын атап өткім келеді. Оқырмандарымыз осы аттас көркем фильмді көрген болар. Бір қарағанда, детектив сияқты болып көрінетін бұл шығарма несімен танымал? Жазушы сізді шытырман оқиғалармен еліктіріп, шығармада болып жатқан түрлі жұмбақтарды шешуге еркіңізден тыс тарта отырып, шығарманың ең басты мәні ақиқатты іздеуге, ой еркіндігі мен білімге қол жеткізуге, сонымен бірге, білімнің пайдасы мен зиянын көрсетуге тырысады. Кітап авторымен бірге сіз де кітаптағы білімді бәріне бірдей беру керек пе, әлде мынаны оқуға болады, ал мынаны оқуға болмайды деп шешіп отыратын Хорхе сияқты біреудің болғаны дұрыс деп ойлайсыз ба? Екінші, Австралия жазушысы Маркус Зусактың «Кітап ұрлаушы» (The Book Thief) романы 2006 жылы жарық көрді. Бұл кітапты да оқығандардан гөрі, көркем фильмін көргендер көп болар. Яғни, бұл соңғы жылдары танымал болған шығармалардың негізінде түсіріліп, әлемге танылып жатқан фильмдер көбейіп келе жатқанын көрсетеді. Немесе жақсы жарнамаланған көркем фильмдерді көріп, кітабын оқып жатқандар да баршылық. Сонымен «Кітап ұрлаушы» – өлім атынан жазылған кітаптардың бірі, сондықтан оны бір деммен оқып шығуға болмайды. Өзім тым ұзақ болмаса да, арасына уақыт салып оқығаным есімде. Шығарма адам рухына, оның көзсіз батырлығына, кейде тағдырмен ойнаса да, өлім оны айналып өтетініне, әлі де жарық сәулесін көретін, талқаны таусылмаған адам барлық қиыншылықты өткеретініне сенім ұялатады. Сонымен бірге, кітап пен сөздің құдіретіне қошемет пен мадақ айтылады. Өлім аузында тұрған адамдар дауыстап оқылған кітапты тыңдағанда жүректеріне жылылық, жандарына тыныштық, көңілдеріне сабырлылық ұялайды. Үшінші кітап Жапониядан шыққан британ жазушысы Кадзуо Исигуроның «Бір күннің сарқыты» (The Remains of the Day) романы. Роман 1989 жылы жарық көріп, әйгілі Букер сыйлығын иеленген, осылай аталатын фильм де түсіріліп, басты рөлдерде Энтони Хопкинс пен Эмма Томсон ойнап, Оскар сыйлығының 8 аталымын иеленген. Осының өзі бұл романды оқып шығуға негіз болатын болар. 
Интеллект – ақыл-парасат, интеллектуал – зияткер деп аударылып жүрсе де, кейде толық мағынасын ашпайтындай көрінеді. Дегенмен ақыл-парасатты биікке шарықтатып, адамгершілік құн­дылықтарын дәріптейтін, адамның адам болып қалуына, адамдығын, кісі­лігін жоғалтпауына әсер ететін әдеби шығар­малар жетіп артылады. Қазақ әде­биетінен мысал келтір десе, мен үшін ойлан­бастан атайтын шығарма Төлен Әбдік­тің «Тозақ оттары жымыңдайды» повесі. Қайта-қайта оқып, тереңіне жете алмай­тын, өкініш пен өксікті баса отырып, үміт отын жағатын қайталанбас ерекше шығарма. 
Шығарманың танымал болуы жазу­шыға ма, шығарманың қай тілде жазылғанына ма, жасалып жатқан жар­намаға ма, әлде оқырманның ілтипа­тына байланысты ма, кім біледі? Мысалы, Ауғанстаннан бала кезінде кеткен Халед Хосейни, Жапониядан 6 жасында кеткен Кадзуо Исигуро ана тілдерінде емес, көшіп барған жерінің тілінде: біреуі Америка Құрама Штаттарында, екіншісі Ұлыбританияда танымал шығармалар ұсынуда. Осыдан келіп Қазақстаннан жастайынан кетіп, басқа тілде шығарма жазып аты шыққан жазушы бар ма немесе ұлты қазақ болмаса да қазақ тілінде шығарма жазып, сол арқылы қазақ халқының жаны мен рухын, азабы мен зарын, қиыншылығы мен қатерін, арманы мен үмітін қазақтан артық көрсете алған, жеткізе алған жазушы бар ма, әлде бола ма деген ой мазалайды...

Бақытгүл САЛЫХОВА,
педагогика ғылымдарының 
кандидаты