15 Мамыр, 2017

Фильмде маңыздысы – дүниетаным

600 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақ киносы, ең алдымен, қазақ­тың өзіне керек. Ал енді қазаққа қандай кино керек?

Фильмде маңыздысы – дүниетаным

Әрине, өн бойынан, қан тамырынан қазақтың рухы сезілетін, көріп отырғанда оның қа­зақтікі екені сезіліп (сезіліп тұр­мақ, айдан анық көрініп) тұра­тын фильм­дер қажет. 
Ал ондай фильм­дерді түсіру кімдердің қолынан келеді? Әрине, сайып келгенде, бар мәселе авторлардың дүниетанымына келіп тіреледі. Фильмнің ауаны мен кино­тілін қалыптастыратын да сол дүниетаным ғой. «Мәселенің монтажда да емес, мизансцена немесе ракурстарда да емес, дүниетанымда екенін үш-төрт фильм түсіргеннен кейін ғана түсіндім», – дейді Андрей Михалков-Кон­чаловский (А.Кончаловский. «Па­рабола замысла», 7-бет). Бірақ, осы дүниетаным қалай қалыптасады? Біз­дің үнемі іздейтін, жоғарыда айтып отыр­ған қазақтың жаны сезілетіндей дүниетаным қандай фильмдерде болуы мүмкін? 
Авторлар кино түсірудің қыр-сырын жетік меңгеруі де мүмкін, шеберлік жағынан алдына жан салмауы да ғажап емес. Бірақ, бірақ... бір кем дүние. Кейде «мына фильмнің кинотілі керемет екен» деген пікірді жиі естимін. Ал сол фильмді көрсеңіз, онда Тарковский де, Феллини де, Тарантино да, т.б. бәрі жүруі мүмкін. Тек қазақ жоқ. Жо-о-қ, кейіпкерлері – қа­зақ, оқиғалары Қазақ елінде өтіп жа­та­ды. Бірақ, кейіпкерлерінің есімін Джон, Джессика, Елена, Егор, Барбара деп өзгертсе де, жаңағы фильм аса өзгеріске ұшырай қоймайды. Себебі, Серік немесе Айгүлдің Джон немесе Джессикадан ерекшеленіп тұратын қасиетін, іс-әрекетін көре қоймайсыз. Тіпті, ол кейіпкер Джон да, Джессика да емес. Бірақ, қазақ та емес. Не жерде, не аспанда жоқ, әйтеуір «қалықтап жүрген» түсініксіз біреу. Есесіне не қазақ, не испан, не Америка, иә болмаса Еуропанікіне ұқсамайтын дүбәра фильм­дер дүниеге келіп жатады. Бұл, әсіресе, жастардың, соның ішінде, студенттердің фильмдерінде, қазіргі коммерциялық фильмдерде өте жиі кездеседі. Мұның себебі неде? Не істемек керек? 
Осы айтылып отырған жағдайдың ең басты себебі – фильм авторларының дүниетанымында болуы керек. Кине­матографист боламын деп үміттеніп жүрген жастардың көпшілігі, ең алдымен, өзінің ана тілін білмейді. Тіл білмеген соң, қазақтың төл өнері мен әдебиетінен мүлдем бейхабар деуге болады. Ал енді қазақы дүниетанымның, қазақы жанның негізгі дәні де сол тіл мен әдебиетте емес пе? Бала кезінен Қобыландының, Алпамыстың, Ер Тарғынның ерлігінен гөрі, Гарри Поттерге сүйсініп өскен адамның қолынан шыққан дүниеден қанша іздесеңіз де, жаңағы айтып отырған дүниетанымды таба алмай­ты­ныңыз хақ. Рухани діңгектің дәні өзінен емес, өзгеден бастау алған жас­тардың көпшілігінің фильмінде А.Кончаловский айтқандай, «қанша жерден монтаж да, мизансцена да, ракурс та керемет болғанымен, бас­ты мәселенің дүниетанымда екені» «менмұндалап» тұрады. Қысқасы, «әлемді шарлап барып», содан соң ғана қазаққа оралғысы келеді. Негізі, керісінше болуы керек еді ғой: алдымен өзін, сонан соң әлемді танып, содан кейін ғана барып өзіне қайта оралуы керек емес пе? Олай бол­маған соң, «қазақ қайда?», «мынау қазақ­тың фильміне ұқсамайды ғой» деген сұрақтардың көбейіп кететіні де сондықтан. Қазіргі отандық киноның, әсіресе, жастар киносының басты «дерті» де осында болуы керек. 
Шынында, не істемек керек? Белгілі жазушы, драматург Әкім Тарази 1998 жылдың 16-23 наурызында студенттермен өткен сұхбат-сабақтардың бірінде жазушылыққа келуі туралы қойылған сұраққа былай деп жауап береді: «Менің әдебиетке келуім арнайы болған жоқ. Бірақ кездейсоқ та емес еді. Бала күнімде 500-дей қазақ ертегісі мен жырын жатқа білетінмін. Көкейдегі сол қазына бұзып-жарып шықты ғой деймін» (Ә. Тарази, Л. Мұсалы. «Көркемдік құпиясы», 11-бет). Жазушы кейін тағы бір сұхбатында Мәскеудегі Жоғары сценарлық курста өзі тамсанып көрген әлем киносының режиссерлері мен олардың фильмдері туралы әңгімелейді. Сол Мәскеуде жүріп, ұлттық киномыздың жауһарына айналған «Тұлпардың ізі» фильмінің сценарийін жазады. Бірақ, ол қазақ киносына өзі тамсанған фильмдерге ұқсайтын дүниелерді алып келсем деген жоқ қой. Ол фильмдер рухани көкжиегінің кеңеюіне әсер берді, бірақ ұлттық классикалық фильмнің сце­нарийін жазуына кедергі келтірген жоқ. Өйткені, бала кезден жатқа білген 500-дей қазақ ертегісі мен жыры жазушы дүниетанымының негізгі діңгегі, әрі ұлттық иммунитеттің сақталуына бірден-бір себепкер болды деуіміз керек. 
Сондықтан, қазіргі қазақ киносына осындай ұлттық иммунитеті берік, қазақтың жанын түсінетін, қазақы дүниетанымы бар жастар көптеп келсе екен деген арман әрі үміт бар. Тек сонда ғана қазақ киносының «қан айналымы» жаңарып, жақсарып, кескін-келбеті өзгеріп сала беруі мүмкін. Өйткені, қазақтың киносы, ең алдымен, қазақтың өзіне керек...

Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ,
кинотанушы, 
өнертану кандидаты