Білім • 15 Мамыр, 2017

Фин тағылымы

684 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Әлемдік білім саласының даму жолына көз салсақ, таптау­рын жүйені көшіре пайдалануға әуестік дертке айналған сыңайлы. Баламасыз идеалға айналған елдердің білім жүйесіне сын көзбен қарау әбестік сияқты көрінетін болды. Мұндайда тарихи ахуалына, ділі мен тіліне, әлеуметтік мүмкіндігіне қарауға мұрша жоқ, «ел қалай көшті, біз де солай тартуымыз керек» деген желөкпе ұстаным белең алады. Әсіресе, құдірет тұтатын елдердің жүйесі көз жұма, «жаңашылдықпен» енгізілуде. Мұны халықаралық сарапшылар шартты түрде «білім саласын реформалаудың әлемдік тұрғыдағы англо-америкалық үлгісі» деп атайды. Білім берудің бұл жолы соңғы кезеңде қатты сынға ұшырауда.

Фин тағылымы

Тамаша төлтума


Бізде білім саласын ре­фор­малауға байланысты халық­аралық сарапшылардың ден қойып, қолдап отырғаны – Фин­ляндияның қырық жылға жуық жүргізіп, үздік нәтижеге қол жеткізген жүйесі. 5,5 миллионнан астам халқы бар ел тоқсаныншы жылдардан бастап білімнің жоғары нәтижелерін көрсете бастады. Финляндия эко­номикалық бә­секелестік көр­сеткіші, өмір сапасы мен жалпы әл-ауқа­тының орта деңгейіне қа­рамастан, педагогикалық және экономикалық мақсатта англо-америкалық елдерге ұқсамайтын басқа жолды көр­сете білді. Фин­­ляндиядағы үрдістің бес ерек­шелігі бар. Бірі­ншіден, білім беру ісін жаң­ғыртуда сырттан таңылған тұжырымдаманы алмай, шығармашылықты тәрк етпей, қайта өрісін кеңейтетін ұстанымға негізделген төл­тума тұжырымдама бекітті. Екіншіден, мұғалімдерді жергілікті әлеуметтік ортаға етене байластырып, университеттерде жоғары білім алған мамандарға өз қабілетін дамытып, оны шығармашылықпен жүзеге асыруға тірек бола­тын шығармашылық орта қалып­тастырды. Мұғалімдер білік­тілігін көтерудің тиімді жолы ретінде бір-бірімен тәжірибе ал­масып отыруына жағдай жа­сады. Мектептер де тығыз байланысып, тәжірибе бөлісіп отырады. Олардың ойынша, оқшаулану, өзара жарысу бе­ре­келі шаруаға ұйытқы бола ал­майды (Бұл − мұғалімдердің жүрдім-бардым білім алып, жұмысқа орналасқанынан кет­кені тез болатын, атқа­ры­лып жатқан реформаны жү­ре­гімен қабылдамайтын, ша­руа­ның нәтижесін тек тест қорытындысымен бағалайтын, шығар­­машылықтан ада, ұжым­дық жау­апкершілікті, жергілікті ерек­­­шелікті ескермейтін Ан­г­­­лия мен Америка жүйесінен мүл­де бөлек). 
Үшіншіден, балаларды «қа­лалық», «далалық» деп ала­лау­ға жол бермейтін, біркелкі білім беретін, тоғыз жылдық мектептің белгілі бір кезеңінде оқушылардың тең жарымынан астамы қандай да бір ма­ман­дық игеріп шығатындай педагогикалық стратегия қа­былданды. Төртіншіден, оқу бағдарламаларын әзірлеу мен оқушылар жетістігін бағалауда мұғалімдерге шығармашылық еркіндік беріліп, шаруасына ұжымдық жауапкершілікпен қарау қабілетін қалыптастырды. Бесіншіден, әлеуметтік бай­ланыстардың берік орнығуына, жергілікті өзін өзі басқарудың қанат жаюына жол ашып, реформа қоғамның бірегей жүйесімен тығыз байланыста жүзеге асы­­рылды. Мұның барлығы финдердің ұлттық болмысынан бас­тау алып, мемлекеттік мүд­де­сімен бір арнаға тоғысады. Бағ­дарламаның алтын арқауы да, даралығы да, тартымдылығы да осы қоғаммен қабысып, халық­пен табысып жатқан бұқа­ралық си­патында. Ұтым­дылығын жете дәлелдеген, өміршеңдігі мен келешегін тас­тай қылып бекіткен бұл жоба төрткүл дүниеге үлгі болып отыр. Финляндиялықтар бү­гінде әлемдегі ең білімді ха­лық санатында.

«Білімді ұлт күшпен қалыптаспайды»


Финляндиядағы реформаны бастаған білім жөніндегі ұлттық комитеттің бас директоры Вильхо Хирви «Білімді ұлтты күшпен қалыптастыра алмайсыз», дейді. Ол істі алға жылжыту үшін оқытушылар мен оқушылардың үніне құ­лақ түруге шақырған. Ал фин мұғалімдері кәсіптік білік­тілігімен санасуды, бағдар­лама­лар әдістемесін жасауға ер­кімен қатыстыруды жә­не күш­пен басқаруды доғаруды талап еткен. Бұл жө­нінде В.Хирви «Біз білім беру­дің жаңа мәдениетін қалып­тас­тырудамыз, шегінуге жол жоқ. Оның алтын өзегі – білім беру жүйесі басшылығы мен мектеп мұғалімдері арасын­дағы берік сенім. Осы сенім­нің арқасында олар білім берудің жаңа мә­дениетін қа­лыптастырып, әлем­ге үлгі етіп ұсына алды», деді. 
Қазір қай салада да жедел табысқа жетуге ұмтыламыз. Бірақ білім табан асты табыс­ты талап етуге көнбейтін ерекше құрылым. Асығыстықтың ақыры күйрей жеңілуге соқ­тырады. Сондықтан оған рефор­маның әр кезеңіндегі жетіс­тіктері нақ­тыланған жә­не ғалымдар, саясаткерлер, мектеп директорлары мен мұға­лімдердің қатысуымен пысықталған стратегия арқы­лы ғана қол жеткізуге болады. Зерттеушілер Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Финляндиядағы білім беру ісін үш даму кезеңіне бөліп көрсетеді: 1945-1970 жылдар ара­лығы − солтүстіктегі аг­рар­лы елден дамыған индустриялы елге айналу арқылы білім берудегі мүмкіндіктерге баршаның теңесуіне қол жеткізді; 1965-1990 жылдар аралығы − тех­нологияның қар­қынды дамуы мен инно­вацияның өсуіндегі және қызмет көрсету сапасының артуындағы мемлекеттің өзін­дік моделіне орай, жалпы білім беретін мемлекеттік жүйені қа­­лыптастыруды қолға алу; 1990-жылдардан бүгінге дейін − білім мен жоғары технологияға негізделген экономикасы ор­ныққан елдің білім беру сапасы мен жоғары білімді үздіксіз кеңейту жылдары. Міне, ал­ғаш­қы кезеңді айтпағанда, сол­­түстіктегі шағын мемлекет білім реформасымен қы­рық жылдан астам жүйелі айналысып келеді. Финдердің білім беру тарихы көңіл ауда­рарлықтай. Бір қызығы, тәуекел шешімнің көбі елдің жағдайы ауыр кезеңдерінде қабылданған. Мәселен, білім беруді жаңар­тудың алғашқы батыл қадамдары Екінші дүние­жүзілік соғыс кезінде басталды. Яғни, елдегі қиын жағдайдың өзекті мәселені жедел шешудің жолын іздестіруге итермелейтін қуатты күшке айналатындығын көруге болады. 


Бес басымдық


Финляндия білім сапасы жөнінен әлемдегі ең жоға­ры көрсеткіштерге жетті. Оған мұ­ғалімдердің өздерін же­тіл­­діруге жағдай туғызу, оқушыларды тестілеуден өт­кізуді ең төменгі деңгейге түсіру (олардың түсі­нуінше, тест – бала білімінің толық көрсеткіші бола алмайды), білім берудегі жауапкершілік пен сенімге мән беру, білімді басқаруды мектеп пен аудан көлеміндегі кәсіпқой ма­ман­дарға сеніп тапсыру арқылы қол жеткізді. Нәти­жесінде, бі­лім дамуының жергілікті ай­мақтардағы ерек­шеліктерін елдің мүддесімен қабыстыра отырып, оңтайлы ұйымдас­тыру арқылы бірқатар артық­шы­лықтарға қол жеткізді. 
Бірін­шіден, оқушыларға бүкіл елдегі мектептердің бір­келкі білім беру деңгейіне жетуге мүмкіндік жасайды, яғни білім беру жүйесі аймақтарда бірдей дамиды. Екіншіден, саладағы тұрақты даму көрсеткіші ар­қылы білімді дамытудың на­рық­тық тетіктерге тәуелді саясаттан басқа да баламалы жолы бар екендігін дәлелдеді. Білім беру ісін жаңғыртудың финляндиялық үлгісі мемлекет пен қоғам, басшылық пен маман арасындағы өзара сенімділік, өз ісіне кәсібилікпен, шығармашылық шабытпен кірісу, ертеңгі нәтижесіне жауапты болу ұстанымдарына негізделген. Сондай-ақ, білім беру ісін инспекторлық тексеру, стандартталған білім бағ­дар­ламалары жоққа тән, оқу­шылардың білімін тест арқылы бағалау да маңызға ие емес, «үнемі алда болу» психологиясы да жат. Үшіншіден, әлем­дік білім беруде қорда­ланған көптеген мәселенің ше­шімін тапты. Мәселен, АҚШ, Канада, Англия сияқты елдерде оқушылардың орта мектептерден ерте ажырап қалатыны, мұғалімдердің тұрақтамауы, білімге ынтаның төмендігі, мектепке жас мамандарды тарту, оқу ісіне басқа мемлекеттік салаларды жұмылдыру әлі өзекті. Ал фин еліндегі мұға­лімдердің біліктілігін арт­ты­рудың тиімді жолдарын жа­сау, оқушылардың мектептен ерте қол үзуін болдырмау, білімін бағалау, математика мен таби­ғаттану ғылымдары бойынша сауаттылық деңгейін көтеру ісіне тың тәсілдерді енгізуі өне­ге бола алады. Төртіншіден, кәсіпкерлік, технология, мем­лекеттік басқару тиімділігі, тұрақты даму мен халықтың әл-ауқатының жоғарылығы жа­ғынан да алдыңғы қатардан кө­рініп келеді. Демек, білім беру ісінің дамуы қоғамның басқа салаларымен тіндес. 
Білімнің дамуы кәсіпкерлік пен өндірісте ғана емес, ден­саулық сақтау, жұмыспен қам­ту сияқ­ты әлеуметтік са­ла­ларға да жағымды ықпал етеді. Білімнің қарқынды дамуына мемлекет қазынасына түскен пайданы әділ бөлу мен әлеуметтік ұтқырлықты, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенім саясатын қамтамасыз ету де тиімді ықпал еткен. Фин­ляндия тәжірибесі білім ісіндегі реформалардан ығыр болған елдерге үлгі-бағдар болатын баянды іс болмақ. Шағын елдің жол-жобасы бойынша кез келген елдің білім саласын жолға қоюға болады.


«Финдердің асыл арманы»


Фин елі жүріп өткен ұзақ та табанды тәжірибенің ерекше назар аударатын тағы бірнеше астары бар. Біріншісі – мектептегі білім беру ісінің елге тән болмысын алдын ала анықтап алу. Фин мектебінің болмыс-бітіміне сай келетін мақсат әр фин баласының әлеуметтік жағдайына лайық, қолжетімді, мемлекет­тен қар­жыландырылатын, жергілікті жерден басқа­рылатын, жақсы жасақталған базалық мектеп жүйесін құру болды. Баршаға ортақ бұл мақсат мемлекеттік саясат пен басқару саласында берік орнықты және саяси партиялар мен мемлекеттік билік ауысқан кезде де өзгеріссіз қалып отырды. 
Мәселен, 1970-жыл­дардағы өзгерістер ке­зін­де Финляндияда 20 үкімет пен 30 білім министрі ауыс­қан екен. Бірақ осындай ауыс-түйістердің бірде-бірінде жалпыға ортақ базалық мектеп жүйесін жасау жөніндегі мақсатқа қылаудай өзгеріс жасалмаған. Сондықтан да мұны кейбір зерттеушілер «Финдердің асыл арманы» деп бағалайды. Демек, білім жүйесін жаңғыртқысы келетін елдерге біреуден көшіргеннен гөрі, асыл арманыңды алдын ала анықтап алғаның дұрыс дегенді нұсқайды. Екінші – әрине, мұндай сәтте әлемнің сан алуан елінен үйренетін жайттардың немесе сол елдердің ақылман кеңесшілерінің көбейетіні белгілі. Бұл ахуалды финдер де басынан өткізді. Дәл іргедегі Швециядан бастап, алыстағы АҚШ, 1995 жылы өздері мүше болып кірген Еуроодаққа дейін кеңесшілер жіберіп, қол созып жатты. Білім саласындағы мамандар барлығымен қа­наттасып жұмыс істеді, бірақ, ақтық нәтижесінде олар Фин­ляндияның бүгінгі дамыған білім жүйесінің ірге­тасын қалауда өзіндік төл­тума жол таба алды. Оны қазір әлемде «Фин жолы» деп атайды. Бұл жол жаңа ғасыр бедеріндегі жаһандық реформалау тәжірибесінен мүлде бөлек сипатқа ие. «Фин жолы» озық үлгілерді қорыта, өз еліне бейімдеп, байыта отырып жүзеге асырудың озық үлгісін көрсетеді. Қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайту, жер­гілікті бастамаларға ерік беру, әртүрлілікке кең өріс ашу – міне, фин тәжірибесі енгізген жаңалықтар. 
Он­дағы педагогикалық тұ­жы­рымдар басқа елдерде қол­данылған. Англияның мектеп бағдарламаларын түзу, Аме­риканың бірлесіп оқу әдіс­темесін, сол елдердегі математика мен табиғаттану пәндерін оқыту әдістемелері, мектеп басқару ісі сияқты көптеген озық дәстүрлерді атауға болады. Артықшылығы – әлемдік озық тәжірибелерді құ­растырып көшіре салмай, фин халқының мақсат-мұратымен қабыстыра білуінде. 
Тағы бір оңтайлы шешілген мәселе – мектепке озық ой­лы жас мамандарды тарту. Әдет­те, әлемдік тәжірибеде жастарға жаңа технологиямен жоғары деңгейде білім беру керек және жағдайын жасап, жалақысын көбейту керек деген уәж айтады. Финляндияда екі мәселе де шешілген. Әсіресе, мұғалімдердің еңбегін бағалау, жалақы төлеу мәселесі жоғары деңгейде. Бірақ, фин тәжірибесі екі жағдайдың да жастар үшін аздық ететінін көрсетіп отыр. Онда мұғалімдер оқу бағдарламаларына жетекшілік етеді, оқушылардың білім дағдыларын бағалайды, мектеп ісін жетілдіруді жұртшылықты қатыстыра отырып шешеді. Әлбетте көпшілік мұғалім ма­­мандығын таңдауда өзінің білім-білігін жас ұрпаққа үй­рету, оларды мәдениет пен адамгершілік тәрбиеге баули отырып қоғамды дамыту деген ізгі тілекте болады, бірақ іс жүзінде ізгі мақсатын орындауға мүмкіншіліктің жоқтығынан тауы шағылып жатады. Ал Финляндияның басқа елдерден айырмашылығы, мұғалімдерге осы мақсатын өз әлеуетімен жүзеге асыруға барынша қо­лайлы жағдай туғызған. Сондықтан бұл елде мұғалім мәртебелі мамандық саналады, оның дәрежесі, тіпті дәрігерлер мен заңгерлерден де жоғары. Финляндия университеттерінде ең жоғары кон­курс бастауыш мектеп мұ­ғалімдерін даярлайтын ма­мандыққа болады екен.
Фин жолын әлемге үлгі ретінде ұсынуға бола ма? Әри­не, басым көпшілігі қол­дайды. Ал қарсылық білдіретіндер екі түрлі уәж айтады. Біріншісі, Финляндия – бір тіл мен ділді ұстанатын моноұлтты ел, оны АҚШ сияқты елдермен салыстыруға болмайды дегенді көлденең тартады. Бірақ соңғы кездегі деректер Финляндияның да ала-құлалығын көрсетіп отыр. Мәселен, оларда фин, швед, саам тілдері қолданылады. Орыс, эстон, сомалий диаспоралары да ауқымды (баршасы фин тілін игерген). Демек, біртектес ұлт мекені деуге келмейді. Бірақ ұлт саясатын үйлесімді, тиімді жүргізіп отыр. Екіншісі, жер мен халық көлемі жағынан АҚШ, Франция, Қы­тай, Үндістан сияқты алпауыт елдердің бір аймағымен тең. Сондықтан білімді бас­қару жүйесі оларға лайық бо­ла бермейді деген сыңайда. Сарапшылардың көпшілігі бұл уәжбен де келіспейді. Өйт­кені, бас­қару жүйесі елдің үлкен-кі­шілігіне тәуелді емес. Сол се­бепті Финляндияның жер­­гі­лікті аймақтарға басым­дық бе­ріп, мұғалімдердің шығар­ма­шылық белсенділігіне ерік бе­руін барлық елге енгізуге болады.

Кенжехан МАТЫЖАНОВ,
филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20