– Отбасы банкі арқылы баспана алып жатқан азаматтардың көбі бір маңызды жайтқа мән бермейді. Әңгіме – аралық кезеңнен тұрғын үй қарызына көшу сәті туралы. Иә, құжат жүзінде жай ғана техникалық рәсім сияқты көрінеді. Бірақ шын мәнінде, осы кезең болашақтағы ай сайынғы төлемнің көлемін айқындайды.
Қазір ипотеканың басым бөлігі 50/50 схемасы немесе арнайы бағдарламалар арқылы рәсімделеді. Қарыз алушы құжатқа қол қойған кезде төлем кестесін бекітеді. Сол мезетте тек бастапқы кезең ғана емес, тұрғын үй қарызына өткеннен кейінгі 3,5-5% мөлшерлемемен есептелетін төлем кестесі де бірге рәсімделеді. Көпшілік осы төмен пайызды көріп, шартты тереңірек талдамайды. Алайда маңызды мәселе пайызда емес. Жүйе тұрғын үй қарызы бойынша мерзімді қысқартуы мүмкін. Мәселен, бағалау көрсеткіші (ОП) 29 болған жағдайда өнім желісінде мерзім 9 жыл, яғни, 108 ай болуы ықтимал. Бірақ нақты төлем кестесінде 90 ай ғана көрсетілуі мүмкін. Яғни мерзім 18 айға қысқарады. Бір қарағанда айырмашылық үлкен емес сияқты. Бірақ дәл осы үдеріс ай сайынғы төлемге тікелей әсер етеді. Мерзім азайған сайын төлем көлемі өседі. Тиісінше, отбасының қаржылық жүктемесі де күшейеді.
Әдетте «мерзім қысқарса, артық төлем азаяды» деген уәж айтылады. Шынында, жалпы төленетін сома азаюы мүмкін. Бірақ экономикалық ахуалды ескеру қажет. Егер қарыз мөлшерлемесі 4% болса, ал инфляция 12% деңгейінде қалыптасса, онда «артық төлем» ұғымы салыстырмалы сипат алады. Уақыт өткен сайын ақшаның құны өзгереді. Бүгінгі 100 теңге мен бірнеше жылдан кейінгі 100 теңгенің сатып алу қабілеті бірдей емес. Сондықтан кей жағдайда ұзақ мерзім қарыз алушыға тиімді болуы мүмкін. Ол ай сайынғы төлемді төмендетеді. Бұл өз кезегінде қарыздық жүктеме коэффициентін азайтады, отбасы бюджетіне түсетін қысымды жеңілдетеді, қаржылық икемділікті арттырады.
Өмірде күтпеген жағдайлар болмай тұрмайды. Табыстың уақытша азаюы немесе қосымша шығындардың пайда болуы жоғары айлық төлем кезінде айтарлықтай қиындық туғызуы мүмкін. Сондықтан да тұрғын үй қарызына көшу кезінде мерзімді мұқият тексеруге кеңес беремін. Өнім желісінде қарастырылған ең ұзақмерзімді талап етуге қарыз алушының құқығы бар. Бұл ай сайынғы төлемді төмендетіп, қаржылық тұрақтылықты сақтайды.
Тұрғын үй қарызына көшу – әдеттегі қалыпты рәсім емес, алдағы бірнеше жылға есептелген қаржылық шешім. Бір ғана мерзім көрсеткіші отбасы бюджетінің құрылымына елеулі ықпал етуі мүмкін. Сондықтан төлем кестесін үстірт қарап шықпай, әр санын мұқият саралаған жөн. Қаржылық шешім эмоцияға емес, нақты есепке сүйенуге тиіс.