Аймақтар • 15 Мамыр, 2017

Жоба қайтадан жаңғыртылды

114 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік жолы қай кезде де оңай, жеңіл болмаған. Тәуелсіздікті баянды ету, елдің тыныштығы мен халықтың қауіпсіздігін сақтау, ел арасына іріткі салғысы келетіндер мен теріс діни ағымдар жетегіне еріп, адасып жүргендерді оң жолға бағыттау бүгінгі барлық қазақстандық қоғам мүшелерінің ортақ парызы болмақ. Тек осындай жағдайда ғана қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыра-жай заман орнығары кәміл.

Жоба қайтадан жаңғыртылды

Өткен жылы облыста, Мемле­кет басшысының тапсырмасына сәйкес, жоғарыда айтылған­дай, «Халық қауіпсіздігін қамтама­сыз ету» атты ауқымды жоба қол­ға алынған болатын. Нақтырақ айт­қанда, аталған жоба өңірде өткен 2016 жылдың 29 қыркүйегі мен 28 қазаны аралығында жүзеге асы­рылды. Соған сәйкес, Ақтөбеге Ас­танадан 230 сарапшыдан құ­рал­ған ведомствоаралық топ ке­ліп жұмыс жасады. Олардың жер­гілікті мамандарға көрсетіп бер­ген тәлімі мен тағылымына еш­қан­дай баға жетпейді. Сондай-ақ, ор­та­лықтағы мамандар тобы мен сарап­шылардың жергілікті жерден көкейге түйгендері де аз болмағаны анық. Болған істі зерделеу, өткен оқи­ғадан алын­ған ащы сабақты кө­ңіл­ге тоқи білу тұрғысынан да ор­та­лық ма­ман­дарының көп жайтқа көз­дерін жеткізіп қайтқандары кәміл. 
Бір сөзбен айтқанда, орталық пен жергілікті жердегі мамандар бір-бірін толықтыра түсті десек, шындықтан алшақ кетпейміз. Содан соң көп кешікпей Ақтөбе об­лы­­сының әкімі Бердібек Сапар­баев­тың тапсырмасына сәйкес, сол жылы 10 қараша мен 10 жел­тоқсан аралығында аталған жоба жергілікті мамандардың күші­мен жалғасын тапқан еді. 
Осы арада халық қауіпсіздігі дегеніміз мейлінше кең, мейлінше жан-жақты әрі мейлінше терең ұғым екенін айта кеткен жөн. Оны тек бір ғана терроризм мен діни экс­тремизмді болдырмау, оның алдын алу деп түсінсек, ұшқарылыққа ұрынар едік. Әлбетте, бұл бағытта бірінші кезекте толық шешімін тауып үлгермеген әлеуметтік мәселелер­дің астарына терең түрде үңілу, содан тиісті қорытынды шығару ісі тұрады десек, шындыққа бір табан жақындап қалармыз. Өйткені, бірқатар түсінбестіктердің төркіні дәл осы тұстан туындайтынын өмірдің өзі көрсетіп жүргені белгілі.
Бүгінде республикамызда көп­теген жобаларға қоса сан қилы мем­лекеттік және салалық бағдар­лама­лар да қабылданған. Оның іске асырылу тетіктері мен жай-күйі елі­міздің түпкір-түпкіріндегі қалың жұртшылықтың жүректеріне жете алды ма? Немесе осы бағдарламалар қарапайым халықтың ұғым-түсініктеріне сай жүректен шығарылып, жүректерге жеткізіле айтыла алды ма? Мәселенің бір мәнісі осында деуге болады. 
Бұлай болатын себебі, халық сірескен терминдерге толы кітаби сөздерді қабылдай алмайтынын түсінетін әрі түйсінетін кез келген сияқты. Халыққа ешқандай дәлелі мен дәйегі жоқ құрғақ сөз­дер мен дәмі де, татуы да шама­лы ұзақ-сонар лекциялардың қаже­ті шамалы. Ең бастысы, мұн­дай сүрең­сіз сылдыр сөздер тыңдала бермейді. Содан соң халыққа ешқандай пайдасын да тигізе алмайды. Сірә, дана хал­қы­мыз тыңдалмаса сөз жетім деп осындайда айтса керек. 
Біз бұл арада онсыз да белгілі жайтты неге тәптіштеп отырмыз? Бұл сауалдың жауабы біреу-ақ. Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді жобалар өте нәзік, шетін келетінін, жылуы жоқ жылтырақ сөзді халық кешпейтінін сарапшы мамандар жиі қайталайды. Оның үстіне биылғы сәуір айының басын­да облыста аталған жоба қай­тадан жаңғыртылып, екінші тынысы ашылып отырған жағ­дай­да – оны ойдағыдай жүзеге асырудың ұсақ-түйегі болмайты­нын ескергендіктен де осылай деуі­­мізге тура келгендей. Әрине, мұн­дай сүреңсіздікке тап бол­мау­дың басты жолы – тыңғылықты әрі жан-жақты әзірлік екені айдан-анық.
Сөйтіп, биылғы сәуір айынан бастап өңірде «Халық қауіпсіздігін қамта­масыз ету» жобасы қайта­дан өз жалғасын тапты. Соған сәй­кес, бірнеше жұмыс топ­тары құры­­лып, жетекшілері белгі­ленді. Олар өздері алдын ала жоспар­лаған іс-шараларды іске асыру үшін ел ішіне жол тартты. Атап айтқанда, жер­гілікті мамандардан құрылған жұмыс топтары облыс орталығында және Байғанин, Мұғалжар, Алға, Шалқар, Темір аудандарында халық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бай­ланысты жан-жақты түсіндіру жұ­мыс­тарын жүргізбек. Олар аталған жобаның сегіз бағыты бойынша ауыл-ай­мақ­­тар мен ірі елді мекендерде ха­лық­пен кездесіп, ой-пікір алмаса­тын болады. Жоба қоры­тын­дысы бо­йынша, бұл ұсыныс-тілек­тер жинақ­талып, тиісті орган­дарға жолданбақ. 

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы