Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжоу Ли Парламент Мәжілісі үйіне келді. Ол Парламент Мәжілісі Аппаратының басшысы Ерген Дошаевпен кездесіп, бірқатар мәселелер жөнінде пікір алмасты, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Кездесудің арқауы – парламентаралық байланысты нығайту. Ерген Дошаев көрші мемлекетпен арадағы достық қарым-қатынас жыл сайын дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі пікір алмасу ынтымақтастық байланыстың қарқын алуына жол ашып отыр.
Соған сәйкес парламентаралық байланыс пен партияаралық тәжірибе алмасу ісі дамып келеді. Мәселен, 2010 жылы қараша айында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың шақыруымен Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Цзя Цинлинь ресми сапармен Қазақстанға келген болатын.
Бұл жолғы кездесуде үстіміздегі жылы қыркүйек айында Қытайдың Халық өкілдерінің бүкілқытайлық жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы У Банго Қазақстанға алғашқы ресми сапармен келетіні сөз болды. Сапар бағдарламасында оның Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановпен кездесетіні көзделуде.