Бүгінгі танымал әншілердің «Жас қанат» байқауында бағын сынамағандары кемде-кем болар? Жыл сайын жаңа есімдер ашылып жатады. Үміттерін үкілеген таланттардың шоғыры биыл да аз болған жоқ. Мамырдың 12−14-і аралығында өткен өнер бәйгесінде еліміздің түрлі өңірінен келген 14 әнші бақ сынады.
Байқауға қатысушыларды бағалап, өнерлерін таразыға салған қазылар алқасының құрамында Медеу Арынбаев, Ерлан Көкеев, Нұрлан Абдуллин, Маржан Арапбаева сынды сахна саңлақтарымен бірге «Астана Опера» театрының дирижері Абзал Мұхитдинов, профессор Раиса Мұсақожаева, «Астана Опера» театрының бас хормейстері Ержан Дәуітов болды.
«Жас қанат-2017» байқауының биылғы бір ерекшелігі – қазылар алқасы мен қатысушылар арасында емін-еркін әңгіме болды. Қатысушыларға сұрақтар қойылып, келелі кеңестер берілді. Бәйгеге қатысқан 14 үміткердің 10-ы жартылай финалға жолдама алған болатын. Ал «Жас қанаттың» ең жоғары марапаты «Алтын қанатты» алу жолында 5 үміткер сахнаға шықты. Олар – талдықорғандық 18 жастағы Әнел Смайылова, петропавлдық 20 жасар Бүркіт Жанай, өскемендік «IN CORO» тобы, байқаудың ең жас қатысушысы 15 жастағы Томирис Жанғазинова және 28 жастағы павлодарлық Мадияр Бахтияров.
Екі бірдей іріктеуден өткен әншілер арасынан «Алтын қанат» иегерін анықтау жауапкершілік жүктейтіні рас. Бейбітшілік және келісім сарайында өткен гала-концертте Медеу Арынбаев бастаған қазылар алқасының жеңімпаздар есімін жариялауға асықпағаны да сондықтан. Кеш барысында олар, яғни танымал әншілер жас үміткерлермен бірге өнер көрсетіп, бәсекенің дүбірін арттырды. Сонымен, биылғы байқаудағы жеңімпаздар қатарында үш финалистің есімі аталды. Үшінші сыйлық – «Қола қанатпен»– «IN CORO» тобы, екінші сыйлық – «Күміс қанатпен» Бүркіт Жанай марапатталды. Ал «Алтын қанатты» павлодарлық Мадияр Бахтияров иеленді. Финалда «Гүлстан Қазақстан» әнін шырқаған Мадияр байқау барысында ағылшын тілінде де, орыс тілінде де әндер орындады.
Мадиярмен байқаудан соң аз-кем сөйлескен едік. Жоспарлары туралы білгіміз келген. Павлодар облысы, Лебяжі ауданының тумасы бүгінде Павлодар қаласында тұрады. «Live band Nord Wind» тобының солисі екен. Болашақта музыкалық білім алғысы келеді. Байқаудан соң белгілі әнші Маржан Арапбаева Мадиярға бірге ән жазуды ұсыныпты. Ол үлкен сахналарды бағындыруға арналған басқа да жоспарлары аясында әлі еңбектене бермек.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»