Парламент • 16 Мамыр, 2017

Қазақстанның көшбасшылық позициясы сақталады

342 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісіндегі кезекті Үкімет сағаты «Уран өнеркәсібінің дамуы туралы» деген тақырыпта өтті. Депутаттар мен Үкімет мүшелері қатысқан алқалы жиынға Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева жетекшілік етіп, негізгі баяндаманы Энергетика министрі Қанат Бозымбаев жасады.

Қазақстанның көшбасшылық  позициясы сақталады

Өткен жылы еліміздегі уран өндірісінің көлемі 24 070 тон­наны құрап, 2009 жылғы ке­зеңмен салыстырғанда өсім 76 пайызға дейін жеткен екен. Ал биылғы қаңтарда республикада уран өндірісінің көлемін 10 пайызға, яғни 22 мың тоннаға дейін төмендету туралы шешім қабылданған. Парламенттегі Үкімет сағатында осылай деген министр Қ.Бозымбаев уран өндіруді қысқартудың себебін егжей-тегжейлі түсіндірді.
«Біздің уран өндірісіндегі қысқартқан көлеміміз әлемдік өндірістің 3 пайызын құрайды. Осындай шешімнің нәтижесінде әлемдік нарықтағы уран бағасы 20 пайызға қымбаттады. Ал 2016 жылы табиғи уран нарығында 80 пайыз уран белсенді өндірілген болса, оны өндірген негізгі елдердің қатарында Қазақстан, Австралия, Канада, Нигер және Ресей мемлекеттері бар. Енді әлем бойынша өндірілген уранды жоғарыда аталған елдерге шаққанда  39 пайыздық үлес Қазақстанның еншісіне тиесілі болып шығады», деді Қанат Алдабергенұлы.
Министрдің айтуынша, соң­ғы уақытта әлемдік нарықта уран­ға деген ұсыныстың артуы ай­қын сезіле бастаған. 2011 жыл­ғы Фукусимада орын алған келең­сіздіктен кейінгі кезеңде атал­ған өнімге сұраныстың төмен­дегені байқалуда. Маман­дар­дың пікірінше, бұл үрдіс осы күндері де жалғасуда көрінеді. Сол себептен де өткен жылы та­би­ғи уранның бағасы едәуір түс­кен. Тіпті, статистикалық мәлі­мет­тер базасында бір жыл ішін­де уран құнының 40 пайызға дейін құлдыраған деректері тіркеліпті. 
«Осындай жағдайларды ба­ғамдаған сала мамандары табиғи уран нарығындағы артық үлес 2020 жылға дейін сақталады деген болжам айтуда. Соның салдарынан уран бағасы құбылып, ұсыныс пен сұраныстың тепе-теңдігі бұзылады деп күтілуде. Қалай десек те, әлемдік уран нарығындағы қиын жағдайға қарамастан, Қазақстан әлемдік нарықта өзінің көшбасшылық орнын сақтауға қабілетті деп нық сеніммен айта аламыз», – деді Қ.Бозымбаев.
Естеріңізде болса, 2009 жы­лы Қазақстан уран өндiрiсi бойын­ша әлемде бiрiншi орынға шыққан болатын. Содан бері біздің елдің көшбасшылық орны әлі де сақталып келедi. Бұл биіктік ел аумағында уран өндi­ру iсiнің негізгі қозғаушы күші – «Қазатомөнеркәсiп» ұлт­тық компаниясы» АҚ-тың ен­шi­лес және бiрлескен кәсiп­орын­дары арқылы бағынды­рылып жатқанын да атап өткен жөн. Өйт­кені, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-тың өндiрушi кәсiпорын­дары­ның құрамына бiрнеше елдiң компаниялары мен бiрлес­кен кәсiпорындары кiредi. Ал олардың арасында қазақстандық ұлттық компанияның қатысу үлесi 30-65 пайызға тең. 
Бүгінгі күні уран өндірумен Ресей, Франция, Қытай, Канада, Жапония және Қырғызстанның компанияларымен бірлескен 11 кәсіпорын айналысатындығын алға тартқан министр, Қазақ­станда өндірілген уран түгел­дей әлемдік нарыққа, бірінші кезек­те Қытай мен Еуропа, Кана­даға және АҚШ-қа экспортта­ла­тындығын мәлім етті. Сондай-ақ, әлем бойынша барланған уран қоры бойынша біздің ел жер-жаһандағы жалпы қордың 12 пайызын еншілеп, екінші орынға жайғасқан.
Қазір өндірістік техно­ло­гия­ның қарышты дамыған шағы. Тіпті, күн сайын ашылып жатқан жаңалықтардың соңы­нан ілесу де оңайға түсіп отыр­ған жоқ. Еліміздегі уран өндіру процесі де соны технология мен жоғары санатта сапалы өңделген, барынша байытылған өнім қажеттілігіне сұраныс артуда. Осы бағытта Қазақстан ядролық отын жасаудың толық циклін қалыптастыруды жос­парлауда.
«Қазақстан Республикасы дамуының стратегиялық жоспарында энергетика саласындағы басты мақсаттардың бірі – 2020 жылға қарай ядролық отын циклімен вертикалды ық­пал­дасқан компания құру туралы айтылғаны баршамызға белгілі. Сондықтан да, біз табиғи уранды өндіріп, сатып қана қоймай, жо­ғары қосылған құрамы мен құны бар уран өндіріп, әлем­дік нарыққа шығаруға да мүд­делік танытудамыз», деді Қ.Бо­зымбаев.
Оның атап өтуінше, атом өнеркәсібі бағытындағы басым­дық­тардың бірі ядролық отын жа­сау­дың толық циклін қалып­тас­тыру болып табылады. Бұл рет­те, отандық ресурстық базаны мейлінше кеңінен қолдану жоспарлануда.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»