Медицина • 16 Мамыр, 2017

Кіндік кескен жер қымбат

485 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атам қа­зақ­тан қалған үлгі де, өне­ге де аз емес. Со­ның ең бастысы – кін­дік қаның там­ған жерді құр­меттеу. Бұл – ата-ба­ба­­ла­рымыздан қал­ған әдемі салт. Осы бір ұлттық дәс­түрді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Егемен Қазақ­стан» газетінде жарияланған «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ма­қаласында әдемі айтқан екен. Сүйсіне оқып шықтым. Бүкіл жұртымыздың арғы-бергі тарихы көз алдымнан өтті. Мен барлық саналы өмірімді білім беру саласына арнап келе жатырмын. Ұлтты көркейтетін саналы ұрпақ қой. Сол ұрпақтың, әсіресе, қазақ халқының бүгінгі толқын көп азаматтары ауылдан шыққаны белгілі. 

Кіндік кескен жер қымбат

Ауыл ана бір жылдардағы қиын­дық­тардан бірте-бірте құтылып келеді. Дегенмен, кейбір жастардың әлі де туған жеріне тұрақтай алмай, қала жағалап кетіп жатқандары ойлантпай қоймайды. Елбасының жоғарыда айтқан мақаласының бір тармағында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсыныпты. Бұл – құптарлық іс. Қазақтың байтақ даласын осы бағдарлама аясында көркейтпесек болмайды. Президент бұдан бұрынғы бір сөзінде елімізді асырайтын ауыл екенін де айтқан. Ал мына мақаланы ауыл халқы оқи отырып, сыртта жүрген азаматтарының елге оралса, олай болмаған жағдайда көмек қолдарын созса деген ойларын айтуда. 

Елді мекендерде шағын шаруа­шылықтар мен қожалықтар, өзге де ұжымдар бар. Олар шамаларына қарай көмектерін беріп, демеушілік көрсетіп жатыр. Мақалада туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды, депті. Бұл – ақиқат сөз. 
Сыртта жүргендер ауылға сағы­ныш­пен келеді. Ата-бабаларының, әке­лерінің ізі қалған жерлерді аралап қайтады. Ендігі жерде мына дүниедегі рухыңды оятып, санаңды сергітетін ұлттық идеяларға ауылдағы біз де өз үлесімізді қалай қосамыз деген мәселемен айналысып жатырмыз. Жақсы ісімізбен өзгелерге, әсіресе, жастарға үлгі бол­сақ дейміз. Сөйте отырып, «...басқа аймақ­тарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек», деген Мемлекет басшының сөзінде үлкен шындық жатыр. Осыны әр ауылдан шыққан азаматтар, әсіресе, қаржысы бар кәсіпкерлер терең зерделеп, кіндік қаны тамған жеріне көмек көрсетіп, оның ішінде білім ұяларының, рухани мәдени орталықтарының түлеуіне түрткі болып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. 

Ауыл жұрты ондай ерен жандарға ерекше құрмет көрсетіп, ілтипат танытар еді. Иә, ауылын көркейтуге рухани да, қаржылық жағынан да демеушілік жасап жүрген жайсаң жандар жоқ емес, бар. Қазірше олар санау­лы ғана болып тұр. Тіпті, ауылдағы ауқаттылар мен қалада тұрып жатқан кәсіпкерлер бірігіп қимыл жасаса, олардың кіндік қаны тамған ауылдың ажары кіріп, үлкендер ағынан жарылып батасын берсе, жастар олардың мұндай қамқорлығына тәнті болуымен қатар, «Болмаса да ұқсап бағары» анық. 

Сөзімнің қорытындысында айтарым, ұлттық рухыңды оятатын бұл мақаланы тамсанып оқып қою жеткіліксіз. Осында көрсетілген нақты істерді жүзеге асыруға тиістіміз. Бұл ел болып ұйысып, жұрт болып жұдырықтай жұмылып атқаратын міндет қана емес, қарыз да парыз. 

Кәрібай ҚОЖАҒҰЛ,
мәслихат депутаты, 
еңбек ардагері

Алматы облысы, 
Ұйғыр ауданы