– Елші мырза, биыл Қазақстан мен Израиль арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толды. Екі ел арасындағы ынтымақтастық байланыстарды орнатуда, нығайтуда мемлекеттер басшыларының маңызды рөл атқарғаны анық емес пе?
– Әлбетте. Дүние жүзінің көптеген елдері биыл Қазақстанмен арада дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толғанын атап өтуде. Солардың қатарында Израиль де бар. Жалпы, Израиль Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш таныған елдердің бірі болып табылады. 25 жыл ішінде екі елдің, екі халықтың және екі мемлекеттің басшыларының арасында өзара жылы қарым-қатынас орнады. Екіжақты байланыстарды дамытуда Израильдің және Қазақстанның көшбасшылары өте маңызды жұмыс атқарды.
Қазақстан Президенті Израильге бірнеше мәрте ресми сапар жасады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың біздің елімізге, халқымызға деген оң көзқарасын жоғары бағалаймыз. Мемлекет басшысының Қазақстандағы этносаралық қатынастар, этностық топтардың құқы туралы айтқандарына қарап, біз елдегі диаспораларға оң көзқараспен қарайтынын айқын аңғарамыз. Сондай-ақ, Қазақстандағы еврейлер өздерін қауіпсіз сезінетінін, толыққанды өмір сүріп жатқанын іс жүзінде көріп отырмыз.
Өткен жылдың соңында Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келді. Мен оны тарихи сапар деп бағалаймын. Осы оқиғаны Қазақстан-Израиль қарым қатынастарына тың серпін берді, жаңа парағын ашты деп бағалауға болады. Себебі, Биньямин Нетаньяхудың сапарынан кейін экономика, бизнес салаларындағы байланыстар, саяси үнқатысу қарқын ала түсті.
Израиль Премьер-министрінің сапары қазірдің өзінде жеміс бере бастады деуге болады. Себебі, биылғы жылдың басында Қазақстанның Қаржы министрі, екі ел арасындағы Үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Бақыт Сұлтанов, Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов біздің елімізге сапар жасады. Осы сапарлардың аясында нақты мәселелер талқыланды, маңызды келісімдерге қол қойылып, ірі жобалар қолға алынды. Қол жеткізілген келісімдердің барлығы іс жүзінде жеміс беретініне сенімдімін. Жалпы, 2017 жыл Қазақстан мен Израиль қатынастарының дамуындағы маңызды жыл болатынына күмән жоқ.
– Екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың қандай салалары жетекші рөлге ие?
– Екіжақты қатынастардың үш бағытын ерекше атап көрсеткім келеді. Бұл – ауыл шаруашылығы, медицина және қауіпсіздік салалары. Негізінен, осы үш бағыт бойынша жұмыс істейміз. Израиль Премьер-министрінің Астанаға жасаған сапары аясында ірі халықаралық бизнес-форум өткенін білесіз, оған 70-ке тарта израильдік бизнесмен қатысты. Осы бизнес-форумда бастау алған жұмыстар қазір жалғасын табуда. Жуырда Ақтөбеде, Алматыда бизнес-форумдар өтті. Бұл шараларға қатысқан компаниялар жоғарыда мен айтып өткен үш бағыт бойынша жұмыс істейді. Қазіргі таңда олар Қазақстанда ірі халықаралық жобаларды жүзеге асыруда.
– Израильдің табиғи климаты, жер бедері ауыл шаруашылығына қолайсыз екені белгілі. Соған қарамастан, аграрлық секторы дамыған елдердің бірі саналасыздар...
– Иә, аграрлық секторды қарқынды түрде дамытқан ел екеніміз рас. Оның басты себебі, Израильдің ауыл шаруашылығын жоғары технологиямен сабақтастырғанымен байланысты. Біздің елімізді «стартап ұлты» деп атайтыны тегін емес, біз жоғары технологияда, инновацияда маңызды жетістіктерге жеттік. Осы инновациялық технологиялардың біразы ауыл шаруашылығы саласында қолданылады.
Израильдегі жылыжайлардың қалай жұмыс істейтінін көрсеңіз, сүт өнімдерін өндіру технологиясымен таныссаңыз, бүкіл әлемге белгілі тамшылатып суару әдісін көрсеңіз, біздің елде бұл сектор дәстүрлі ауыл шаруашылығынан мүлде бөлек екенін түсінесіз. Израильдің аграрлық секторы ХХІ ғасырдың талаптарына толықтай жауап береді. Бүгінгі таңда Қазақстан да ауыл шаруашылығын осылай дамытуды көздеп отыр. Мен Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің сапарында аталған салада әріптестік орнату туралы құжатқа қол қойылғанына қуаныштымын.
– Денсаулық сақтау саласындағы қатынастар қалай өрбуде?
– Денсаулық сақтау саласындағы қарым-қатынастардың жалғасып келе жатқанына 25 жылға жуықтап қалды. Біздің еліміз медициналық туризм бойынша дүние жүзіндегі ең танымал бағыттардың бірі екені мәлім. 25 жыл ішінде мыңнан астам қазақстандық дәрігер Израильде тағылымдамадан өтті. Сол сияқты, біздің елдің білікті дәрігерлері де осында жиі келіп, қазақстандық әріптестерімен кездесіп, шеберлік-сабақтарын өткізіп жүр. Бұл әріптестік алдағы уақытта жалғасын табады деп үміттенемін.
Израиль Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға атсалысуға ниет білдіруде. Әсіресе, міндетті кепілдендірілген медициналық сақтандыруды енгізу, заманауи медициналық инфрақұрылым қалыптастыру сынды реформаларды іске асыру барысында Израильдің тәжірибесі Қазақстан үшін өте тиімді болады деп ойлаймын.
– Биылғы жылы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі жұмысын бастады. Астанада Сирия мәселелерін бейбіт шешу жөніндегі халықаралық келіссөздер өтті. Басқа да халықаралық процестерге қатысты Қазақстанның рөлін қалай бағалар едіңіз?
– Қазақстан Тәуелсіз ел ретіндегі 25 жыл ішінде өзін халықаралық процестердің жауапты мүшесі ретінде көрсетті. Халықаралық аренада бейбітшілікті жақтайтын, халықаралық қақтығыстарды бітімгерлік жолмен шешуді қолдайтын ел ретінде танылды. Сөз жоқ, Израиль оны жоғары бағалайды.
Сирия мәселесін шешуге бағытталған Астана процесінің маңызы өте зор. Израиль де Сирия мәселелерінің дипломатиялық жолмен шешілуіне мүдделі. Біз Сириядағы ахуалдың тұрақталғанын, елде бейбітшілік орнағанын қалаймыз. Өкінішке қарай, ахуал басқаша өрбуде, осы жағдай бізді де алаңдатады. Астанада бастау алған келіссөздер үдерісі оң нәтиже берсе, бұл – Израиль шекарасы да қауіпсіз болады деген сөз.
– Жуырда біздің елде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен конституциялық реформалар жүргізілді. Бұл мәселеден қаншалықты хабардарсыз, ол туралы көзқарасыңыз қандай?
– Әрине, осы елде біраз уақыттан бері жұмыс істейтін өкілетті адам ретінде мен Қазақстанда болып жатқан маңызды өзгерістердің барлығынан хабардармын. «Егемен Қазақстан» газетін де түпнұсқада оқи алмасам да, аудармасын қарап тұрамын.
Жалпы, демократияландыру үдерісі әр елде әртүрлі жүзеге асады. Ол сол мемлекеттің тарихына, сол елде қалыптасқан саяси мәдениетіне байланысты. Қазақстанда жүргізілген конституциялық реформаларды оң бағалаймын және қолдаймын. Президент ұсынған өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесінде тепе-теңдік орнауына ықпал етеді деп санаймын. Конституциялық өзгерістер Қазақстан халқының игілігіне бағытталғанына сенімдімін.
Әңгімелескен
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»