Жалпы, «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобына қарайтын мұнай өңдейтін павлодарлық алып кәсіпорынның жаңғырту жұмыстары 2016 жылы аяқталуы керек-ті. Бірақ, ПМХЗ-ның жаңғырту жұмыстарын аяқтау шілде айынан қараша айына ауыстырылыпты.
– Кәсіпорында былтыр тамыз айында болдым, − деді Қ.Бозымбаев. – Қазір нәтиже байқалады. Биыл да жаңадан екі құрылғы нысаны салыныпты. Шілде айында іске қосылады деген ойдамын. Құрылыс алаңына кейбір құрылғылардың кеш келуіне орай үшеуі кешірек қосылады. Қазан айының басында зауытқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге рұқсат береміз. Сөйтіп, 3-4 айдың ішінде зауыт жинақталып қалуы керек. Елімізге аса қажет әуе отыны шығарылатыны өте маңызды. Жаңғыртудан кейін өнім елімізде 2018 жылдан бастап қолданылуы тиіс К-4 және К-5 талаптарына сай болады.
Егер тағы да бір өзгеріс жасалып, жаңғырту жұмыстарының аяқталуын кешіктірген жағдайда басшылық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екендігі де ескертілді. Өйткені, кәсіпорынның жаңғырту жобасының барысында 2011-2017 жылдар аралығында Кеден одағының техникалық бағдарларының талаптарына сай К4 экологиялық дәрежедегі мотор отынын шығаруы көзделген. Жаңғырту жұмыстары аяқталған соң, зауытта экологиялық талаптарға сай келмейтін АИ-80 маркалы бензин өңделмейді. Зауыт жақын арада авиаотын өндіруді бастайды. Орнатылған жаңа құрылғылар құрылысы Jet A халықаралық стандарттағы әуе тасымалына қажетті отын шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорында 6 мил-
лион тоннадай мұнай өңделеді. Зауытқа еліміздегі мұнай өңдейтін 3 зауыттың мұнай өнімдерінің жалпы жылдық көлемінің 30 пайызы тиесілі. Жаңғырту жұмыстарынан соң мұнай өңдеу қуаттылығы 6,5 миллион тоннаға көбеймек.
«ПМХЗ» ЖШС бас директоры Шухрат Данбай министрге кәсіпорындағы жаңа технологиялық кешендердегі жоғары октанды сұйық бензинді сақтау қоймасын және автоматтандырылған бензин араластыру стансасын, күкірт өндіру сияқты басқа да қондырғылардағы құрылыс-монтаждау жұмыстарының аяқталғаны жайында баяндады. Бұл нысандардағы күкірт өндіру қондырғысы шілде айында, ал изомерлеу және нафта сплиттері қондырғысы қыркүйекте аяқталады деп жоспарланған. Қазір нысандарды іске қосуға арнайы дайындау, әзірлік жұмыстары жүргізілуде. Зауыт мамандары жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін жоғары октанды К4 көлік жанар-жағармайын өндіру көлемі 297 мың тоннаға дейін артады деп отыр.
Министр зауыт жұмысшыларын, мұнай өңдеушілерді өндірістегі энергияның жұмсалуы мен технологиялық шығындарды азайтуға шақырды. Ең бастысы, Ресейден келетін мұнайдың сапасына мән беруді тапсырды.
Жалпы инвестициялық жаңғырту жобасының құны 212,3 млрд теңгені құрайды. Жобалау, құрал-жабдықтарды жеткізу және құрылыс жұмыстары «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ пен «Қазақстан даму банкі» АҚ-тың қарыз қаражаты есебінен, сондай-ақ, «ПМХЗ» ЖШС-нің өз қаражаты есебінен қаржыландырылады. Жоба бойынша мердігерлер – Rominserv S.R.L. компаниясы – «ҚМГ» ҰК» АҚ құрамына кіретін KMG International N.V. румын мұнай компаниясының еншілес бөлімшесі, сондай-ақ, қытайлық NFC компаниясы.
Фарида Бықай,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар
Суретті түсірген
Валерий БУГАЕВ