«Жекеге» жеңілдік жоқ
«Тұрғын үйге топалаң тигелі қашан?! Алдымен алтыншы кіреберіске алаңдадық, үйдің бүйірінен дүкен мен дәріхана иесі қосымша құрылыс жүргізгелі үрей сейілді. Қазір бірінші кіреберіс қинап тұр. Қабырға қиылысқан тұс жарылғанда, әкімдікке арыздандық. Бірақ, берген уәде болмаса, қайыр шамалы. Өзіміз қалтадан қаражат шығарып, уақытша қауіпсіздікті қамтамасыз еттік».
Бұл − Алашахан даңғылындағы №33 үйде тұратындардың айтқаны.
«Баспана 1966 жылы пайдалануға берілген. 2000 жылдан бері біздің баланста. Кезінде жан-жақты тексеріліп, жарылған жері бітелген. 2012-2014 жылдары ешқандай оғаш өзгеріс байқалмады. 2015 жылы тамызда тағы сызат түсті. Былтыр үш рет жалпы жиналысын өткіздік. Бірінші кіреберістегі апаттан арылудың жай-жапсары талқыланды. Одан әрі бүлінуді тоқтату үшін панельді нығайтуға бағытталған жөндеу жүргізілді», деді «Босаға» жекеменшік пәтер иелері кооперативінің басшысы Сәрсенкүл Игемберлина.
Әрине, жайсыз жағдайдан жергілікті билік жан-жақты хабардар.
«Мен тұрғындармен бірнеше рет кездестім. Үй жекеменшік пәтер иелері кооперативіне қарайды. «Жекеменшікке» жеңілдік қарастырылмаған. Сондықтан, қажетті қаражатты тұрғындар өздері жинауы немесе жаңғырту бағдарламасына қатысуы керек. Басқа баспана тауып беруге мүмкіндік жоқ. Жезқазғанда жағдайы келіспеген үй жалғыз ол емес».
Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Орынбаев осылай деді.
«Коммуналдықты» қайтеді?
Өткен ғасырдың ортасында салынған үйден үміт шамалы. «Одан да оны сүріп тастап, орнына жаңадан тұрғызған әлдеқайда тиімді», дейді құрылысқа көзіқарақтылар. Өкініштісі, жаңасы да жетісіп жатқан жоқ.
Металлургтер қаласындағы Сәтбаев даңғылының бойында 2008 жылы пайдалануға берілген көп қабатты тұрғын үй бар. Соның тоғыз жылға жетпей-ақ тоз-тозы шықты. №89 «а» үй екі жылдан ке-
йін «апатты» тізіміне ілікті. Кейінгі жеті жылда тұрғындардың көргенін ешкімнің басына бермесін.
Бес қабатты жаңа үйдің жертөлесі бассейнге бергісіз. Көлкіген су белден келеді. Оның соңғы рет қашан құрғатылғаны ешкімнің есінде жоқ. Өйткені, жертөленің торлы есігіне жақындап, босағадан құлақ салсаң, судың сылдыры естіледі.
Демек, үйдің құбырынан кетіп жатыр. Олай болмаса, тұрғын үй тұрғызылған жердің астындағы басқа құбырдан атқылауда. Немесе, тастақты тұстан тесіп шыққан бұлақтың көзі де болуы мүмкін. Әйтеуір, тұрғындардың айтуына қарағанда, жасалған сараптама ауыз су екенін көрсетіпті.
Әкімдікте бұл үйде тұратындарды жақсы таниды. Олар өтінуден, арызданудан, жазудан жалыққан емес. Табалдырықты тоздырған тұрғындар «Жергілікті билік бірдеңе істеуге міндетті!» – дейді бірауыздан. Өйткені, ол – әкімдіктің коммуналдық меншігі. Қолжетімді баспана бағдарламасымен салынған.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, биыл апатты үйлерге бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Көшіруге де, өтемақы төлеуге де. Тек коммуналдық меншіктегі үйлердің ақауын анықтау ғана жоспарланған.
«Апат айтып келмейді», алайда «күн күркіремей» қозғалмайтын болдық қой?!
Әлібек ӘБДІРАШ
Қарағанды облысы,
Жезқазған қаласы