26 Тамыз, 2011

Жүздесулер жүйелі істерге жетелейді

269 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов елімізде мемлекеттік сапармен жүрген Корея Президенті делегациясының құрамында келген Корея Республикасының Сыртқы істер және сауда министрі Ким Сон Хванмен кездесті. Министрлер жүздесуі достық рәуіште өтіп, емен-жарқын әңгі­ме­мен жалғасын тапты. Еліміз сыртқы саясат ведомствосының басшысы өз сөзінде былай деді: «Президент Ли Мён Бактың Ас­танаға сапары екі елдің саяси үн­қатысуын, сауда-экономикалық, инвестициялық және гумани­тар­лық байланыстарын тереңдету тұр­ғысынан алғанда өте маңыз­ды». Осы ретте Е.Қазыханов жо­ға­ры деңгейдегі келіссөздер ба­рысында екіжақты ынтымақтас­тық­ты одан әрі нығайту мен осыған дейін қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыруға қа­тыс­ты ашық та конструктивті пікір алысу болатынына сенім білдірді. «Соңғы 3 жыл ішінде Қазақстан мен Оңтүстік Корея ынтымақтастығы қарқын­ды дамуда. Ықпалдастық страте­гия­лық әріптестіктің жаңа дең­гейіне шы­ғып келеді», деді Е.Қа­зыханов. Осы ретте Корея Респуб­ли­ка­сының Президенті Ли Мён Бак­тың мемлекеттік сапары Қазақ­стан мен Оң­түстік Корея ара­сын­дағы дип­ломатиялық қарым-қаты­нас­тар­дың 20 жылдығының қарсаңында өтіп жатқаны аталып өтті. Стратегиялық әріптестіктің ма­ңызды әрі негізгі діңгектерінің бірі сауда-экономикалық ықпал­дас­тықты арттыру десек, бұл ба­ғытта да айтарлықтай әлеует бар екенін айта кеткен жөн. Корея­ның елімізге салған тікелей ин­вестициясының көлемі 3,5 миллиард АҚШ доллары болса, корейлік капиталдың қаты­суымен 330-ға тарта бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұр. «Біз іскерлік белсенділік саласындағы жетістіктерімізді қолдап, ол үшін жаңа әрі тиімді тетіктерді бірлесе іздестіруіміз қажет», деп атап көрсетті еліміздің сыртқы саясат ведом­ство­сының басшысы. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.