Елімізде 5 сәуірден бастап 30 маусымға дейін халықты емханаға тіркеу науқаны басталды. Бұл жұмыс міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін енгізу шеңберінде өткізіледі. Емханаға «электронды үкімет» порталындағы онлайн-қызметін пайдалану арқылы тіркеуге болады. Бұл ретте электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦП) қажет емес.
Қызметті онлайн түрінде алу үшін eGov.kz порталында авторизациядан өту және «Денсаулық сақтау» бөліміне өтіп, «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымдарына тіркелу» деген қызмет атауын таңдау жеткілікті. Әрі қарай «Онлайн сұрау» батырмасын шертіп, азамат туралы деректерді көрсете отырып, сұрауды толтыру және өтінішті жіберу керек.
Емханадағы жауапты қызметкер сұранымды алып, тіркелу туралы талон ресімдейді. Қызмет тегін көрсетіледі, мерзімі 1 жұмыс күнін құрайды. Қызмет көрсету регламенттік мерзімнен асқан жағдайда, тіркелу сұранымы жіберілген медициналық ұйымға жолыққан жөн.
Қызмет көрсетудің нәтижесі жеке кабинеттің «Қызметтер алу тарихы» бөлімінде, тіркелу туралы ақпарат ретінде немесе тіркеуден себеппен бас тарту ретінде пайда болады.
«Егемен-ақпарат»