«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жобасының еліміздің экономикасын дамытудағы маңызы зор болмақ. Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жобаны бүкілхалықтық құрылыс деп жариялаған болатын. Орындалу барысы жұмыс сапасы және мердігер компаниялардың еңбек заңнамасын сақтау мәселелері нұротандықтардың қадағалауында.
Партияның тікелей қатысуымен Оңтүстік Қазақстан облысында орын алған жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасындағы дау-жанжал тыйылды. Ағымдағы жылдың шілдесінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің құрылыс учаскелерінің бірінде 50 адам өз жұмысын жалғастырудан бас тартты. Себебі мердігер – «Азеркорпу/Тепе» әзербайжан-түрік компаниясы қазақстандық жұмысшылардың құқықтарын өрескел бұзды. «Нұр Отан» жағдайдың анық-қанығын біле бастаған кезде барлық кемшіліктер жойылып, жұмысшылармен еңбек келісім-шарттары жасалды, оларға арнайы жұмыс киімдері берілді, тегін тамақтандыру, су жеткізу жұмыстары ұйымдастарылды.
Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин тасжол учаскесінде болып, құрылысшылардың еңбек жағдайымен танысты. Қазіргі уақытта мердігер компания еңбек заңнамасын қатаң сақтауда. Объектіде «Нұр Отанның» бақылау бекеті жұмыс істейді. Жанжал қаралып жатқан кезде бастауыш партия ұйымын құру жайлы жұмысшылардың көтерген бастамасы «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының қолдауына ие болды. Ұйымға 35 адам мүше.
«Нұр Отан» «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасын құрылыстың бірінші күнінен бастап өзінің бақылауына алды. Біздің ең басты мақсатымыз – осы автожол құрылысында жұмыс істеп жатқан отандастарымыздың құқығын бұзуға жол бермеу, деді өзінің сөзінде Н.Нығматулин.